Бастау барын бұлақ та біледі Избранное

Пятница, 16 Август 2019 07:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3968 раз

Дала да, қала да әрқашан өзен-көл, суымен сұлу. Әлемдегі Темза, Чикаго, Мәскеу, Сена, өзіміздің ерке Есіл сынды ең әдемі қалалардың көркін еселеп тұрған әйгілі өзендер көп-ақ. Табиғаттың мұндай тартуы Шымкенттегі Қошқар ата өзені – үлкен өзендер қатарын толықтырмағанымен шаһардың шырайын еселей түскені анық.

361

 

Биыл жазда Қошқар ата өзеніне шомылатын адамның қарасы жылдағыдан əлдеқайда көп болды. Себебі, Қошқар ата жазда күн қызуы +45-тен төмендемейтін Шымкент қаласындағы бірден бір ақысыз шомылу орны. Мұнда атқарылуы тиіс жұмыстар əлі де көп. Оған сөз соңында тоқталамыз. Ал қазір сəл артқа шегінейік...

12,39 гектар жерді алып жатқан бұлақ бастауын абаттандыру жұмыстары 2014 жылы қолға алынған. 2017-18 жылдары өзеннің Ескі қалашық жақтағы бөлігінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Сол кездегі көз көріп куә болған жағдайлар әлі естен кетпейді. Ордабасы алаңының жоғары жағынан бастау алатын өзеннің Ескі қалашықтан Әл-Фараби алаңына дейінгі аралығында бірқатар үй сүрілді. Әуелгі көрініс тым сұрықсыз. Ескі қалашықты қиып өтетін кішкентай ғана, әбден ластанған ағынсудың болашағы мықты жобаға ұласады дегенге сеніңкіремейтін кез еді ол. Жекеменшік үйлердің іргесі тура өзеннің шетіне орналасқан-ды. Кейбірі сол тұсқа дейін қоршалған. Ал жан рахатын білетін тұрғындардың біразы тіпті, өзен үстіне тапшан да құрып алған еді. Әрине, тұрғындар сүру жұмыстарына бірден келіскен жоқ. Өзен бойындағы жайлы орыннан айрылғысы келмегендерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

369

368

5 адамның орнына 1 миллион...

2018 жылға дейін Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болды. Сол жылғы ОҚО әкімі
Ж.Түймебав Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру жобасын қала белсенділерімен бірге аралауды күн тәртібінен түсірмеді. Кезең-кезеңге бөлінген жұмыстардың орындалу барысымен апта сайын танысқан жұмысшы топпен бірге бұл істің қалай жүргізілетініне куә болдық. Сондай бір аралау барысында Жансейіт Қансейітұлы сылдырап аққан су үстіне тапшан құрып алған тұрғынды сөзге тартты.
– Мына үйде қанша адам тұрасыздар?
– Бес.
– Бес адам күнде өзен бойындағы тапшанда отырып тынығасыздар ма?
– Иә.
– Осы жерде отырып тамақтанған рахат шығар?
– Әрине. Әсіресе, жаздың күндері үйге кірмейміз.
– Көрдіңіз бе, қазір осы Қошқар ата өзенінің бойында 5 адам рахаттанып жүрсіз. Егер сіз мына жерді мемлекет мұқтажына қайтарсаңыз, Шымкенттегі бір миллион адам осы жерде рахаттанып жүреді. 5 адам көп пе, 1 миллион көп пе?
– Әрине, 1 миллион, – деп еріксіз күлді үй бикесі.
– Мінекей, сіз жәй ғана тұрғын ретінде миллионды қаланың көркеюіне, шымкенттіктердің жайлы өмір сүруіне жеріңізді қайтарып-ақ зор үлес қоса аласыз, – деді
Ж.Түймебаев.
– Қайтарамыз. Қайтарамыз! Бізге басқа жақтан жер беріп, бір үй салуға жетерлік ақшасын төлесе болғаны, – деп үй иелері салмақты шешім қабылдап, артық сөзсіз мәмілеге келді. Тіпті, Шымкентті көркейтуге қоса алатын үлестері үшін қуанып та кетті.

Көп отырса, көл азады

Дәл осылай өзен аумағындағы 234 жекеменшік үй мемлекет мұқтажы үшін қайтарылды. Сүру жұмыстары кезінде де өзен бойын жоспарға сәйкес аралаған жұмысшы топпен бірге бардық. Сондағы жүректі ауыртатын көріністің бірі – Қошқар ата өзенінің бойында орналасқан моншалар еді. Бұл аумақ орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Тұрғындар да өз үйінің ауласынан кәрізге орын іздеп әуре болмаған. Моншаның кір, лас суы ағып кететін құбырын өзенге бұрып қоя салған. Бұлақ бастауынан мөлдіреп аққан өзен суы қала орталығына жеткенше ластанып кететіні сол екен.

Мемлекет мұқтажына қайтарылған әр үйді сүру барысында небір сұмдықты көріп, көңілге қаяу түседі. «Киелі» деп бұлақ бастауына ел жете алмай жүргенде, бұл маңдағы тұрғындардың талай жылғы моншасының орнын аршығанда мүңкіген иістен жүрек айныды. Ласталған орын аянышты картина күйінде жадымызда сақталып қалды. Жер-анаға жасалған қиянат секілді. Үйлерден өзенге қарай төгілген қосқыстар, қараусыз өскен ағаштар мен арамшөпті көргенде шынында да өзенге жаның ашиды.

Өзеннің жаңа келбеті

Ол күндер шынымен де артта қалды. Өзен аумағы қазір көркем күйге еніп, бұлақ суы мөп-мөлдір боп ағып жатыр. Тіпті, Қошқар ата өзенінде майда шабақтар жүзіп жүр. Өзеннің екі шеті тау тастарымен көмкеріліп, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол салынды. Ағаштарға күтім жасалып, кей тұстары көгалдандырылды. Дегенмен, әлі де атқаратын шаруа аз емес.
Жақында Абдул-Хамит Қаттани мешітінің жоғарғы жағында орналасқан 11 жекеменшік үй мемлекет мұқтажына қайтарылды. Бұл туралы Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасындағы мемлекет мұқтажына қайтару бөлімінің бас маманы Сұлтан Мұратовтан сұрап білдік.

– Қошқар ата өзені аумағындағы 29 гектар жерге байланысты құрылыс жұмыстары қазір қайта қаралуда. Бұған дейін 642 үй сүрілуі тиіс болса, бұл аумақтағы мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары тоқтатылды. Қазір жеке сектордағы 11 үй мемлекет мұқтажына сатып алынған. Сол 11 үй ғана сүріледі. Ал жобадағы өзгерістер туралы алдағы уақытта белгілі болады, – дейді бас маман.

Таза болсаң, судай бол, бәрін жуып кетірген

Қошқар ата өзенінің бастауында шомылушылар жыл он екі ай үзілмейді. Ал жазда олардың қарасы артады. Мұндай кезде шағымның көбейетіні де орынды. Басқа қалалардан, ауыл-аудандардан өзен суының емдік қасиеті бар деген ниетпен таңертең келіп, кешкісін қайтатындар көп. Бұл маңнан санитарлық талаптарға сай тамақтану орындарын табу қиын. Балмұздақ, көже, басқа да газдалған сусындар сатылады. Әрине, рұқсатсыз. Ретсіз сауда.
Өзен бойында жайлы орындықтар аз, бір ғана әжетхана қарастырылған. Ем-дом үшін, тынығу үшін келгендер көпшілік ебіне қарай түзге шығып жүр. Қоқысты да жақын маңдағы көпқабатты үйлердің ауласындағы қоқыс жәшігіне қалдырады. Ондағы жәшікке жетпей шашылған қоқыс та аз емес. «Бұл жайсыздықты ретке келтіру қиын ба?» деген сұрақты Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит
Мәуленқұловқа қойдық.

– Әрине, бұлақ бастауында демалушыларға жайлы жағдай жасауға болады. Рұқсат қағазы рәсімделген сауда нүктелерін ашып, кәсіпкерлердің қолдауымен жайлы орындықтар орнатып, тағы екі жерден әжетхана салу жұмыстарын ұйымдастыру қиын емес. Ауданның санитарлық-тазалық жұмыстарымен айналысатын мекемемен келісімшарт жасасып, бұл бағыттағы жұмыстарды да жандандыруға әбден болады. Дегенмен, Қошқар ата өзені қаланың табиғи байлығы ретінде А.Асқаров атындағы дендросаябақтың иелігіне енген. Сондықтан аудан әкімдігінің жауапкершілігіне қарамайтын бұл аумаққа біз ешқандай өзгеріс жасай алмаймыз. Бір ғана қолдан келетіні – тазалықты сенбілік жұмыстары аясында ұйымдастырамыз. Ал полиция қызметі тәртіпті қадағалап ретсіз сауданы, рұқсат етілмеген ойын элементтерін алдыртып, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді аудан әкімі.

Шешілмеген түйін бар

Қошқар ата өзені Ордабасы алаңына жақын маңда орналасқанымен жобада қаланың екінші шетінде орналасқан А.Асқаров атындағы дендросаябақтың құрамында екенін біреу білсе, біреу білмейді. Егер мұнда қандай да бір өзгеріс орын алуы тиіс болса, оны қаланың келесі басында орналасқан дендросаябақ басшылығы арқылы ғана жүргізу қажет.

Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев айтылған қажеттіліктер қаржыға тіреліп тұрғанын тілге тиек етті.
– А.Асқаров атындағы дендросаябақта кемінде 8 әжетхана болуы тиіс болса, мұнда қазір ескі 3-еуі ғана әжетке жарап тұр. Қошқар ата өзенінің бастауына да керек. Өзеннің тау тастарынан өрілген қабырғалардың кей тұстары құлаған. Оны қалпына келтіру қажет. Жарықтандыру жұмыстары да бар. Заман талабына сай болуы үшін су құбыры мен кәріз жүйесін де жобаға кірістірдік. Сондай-ақ, дендросаябақта серуендеушілерге арналған таза ауызсу көздеріне 10 жерден орын қарастырып, іске қосу жұмыстарына да осы жоба аясында ұсыныс жасадық. Алдағы уақытта бюджеттен қаржы қаралса, бұл мәселелер шешімін табады, – деді басқарма басшысы.
Қошқар ата өзенінің бастауы бір болғанымен қала ішіне тарам-тарам боп бөліне аққан судың әлі де жеке сектордағы жағдайы сын көтермейді. Шымкент қаласының әкімдігі бірнеше басқармамен бірлесе атқарған жоба аясында Ескі қалашық аумағын аршып алып, абаттандыра алды. Өзен адам болса, алғысын айтар еді. «Халық айтса, қалып айтпайды», қасиеті 78 шақырымға созылып жатқан Қошқар ата өзенінің аумағында атқарылатын игі істер алғашқы нәтижесін көрсете бастады. Алда таразылайтын, жобалайтын талай шаруа бар.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.