Шымқалада Жастар жылы басталды Избранное

Среда, 12 Декабрь 2018 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2951 раз

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында үшінші мегаполисте Жастар жылының алғашқы форумы өтті.

DSC 0406

«Жастар – ұлттың басты капиталы» атты форумға танымал кәсіпкерлер, білім беру саласындағы тәжірибелі басшылар, белгілі спортшылар, республикалық жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері, блогерлер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, бизнес өкілдері, қала жастарынан құралған 700-ден астам адам қатысты.
Жастар форумы республикалық қала мәртебесіне ие болғалы Шымкентте алғаш рет өтті. Қуаныш Шонбай, Бауыржан Қасымбергебаев, Ибрагим Ескендір, Серік Есматов,Арман Оспанов, Өркен Кенжебек сынды елімізге танымал спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Спикерлермен бірге түрлі сала сарапшылары 5 сессия бойынша тәжірибе алмасып, қала жастарын дамытудың 2019-2020 жылдарға арналған жол картасын талқылады.

DSC 0158

Форумның екінші бөлімінде қалалық отбасы, балалар және жасөпірімдер ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев алдағы жылға арналған жол картасымен таныстырды.
– Шымкентте 250 мың жас бар. Олар қала тұрғындарының 25 пайызын құрайды. Жобаның бірінші бағыты – жастарды сапалы және қолжетімді біліммен қамтамасыз ету. Осыған орай «Shymkent Іnnovation» жобасын жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бұл жобада 50-ге жуық студентке қаржылай грант берілу жоспарлануда. Ол жас ғалымдардың қоғамның өзекті тақырыптарын зерттеуге мүмкіндік береді.
Екінші бағыт – жастардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру. Жастарды эко туризмге жұмылдыру, спорттық-мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, одан тыс спорттық үйірмелер мен секциялар ашу, аула клубтарын жандандыру, рухани тұрғыдан тәрбиелеу көзделіп отыр. Оған қоса бұқаралық спортқа баулитын «Серпіліс» жобасын іске қосуды ұсынамыз. Онда түрлі спорт түрлерінен жастар лигасы ашылып, 30 мыңа жуық жас қамтылады. Бұл жастарды зиянды әрекеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстанып, өмірлік ұмтылыс арттыруға серпіліс берері сөзсіз, - деді Ж.Төлембекұлы.
Ал үшінші бағыт жастарды жұмыспен қамтуға арналады. «Professional» жобасын жүзеге асыру үшін басқарма және қаладағы 12 ірі мекеме арасында меморандумға қол қойылды.
– Аталған жоба аясында студент жастар ТОП-100 компаниядан тегін 3 ай мерзімде тағылымдамадан өтеді. «Жас маман», «Neet» санатындағы жастарды қолдау да басты назарда. Бұған қоса биыл жаздан бастап кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдары өкілдерінің арасындағы әріптестігін нығайтатын «Парасат майданы» зияткерлік ойыны қолға алынды. Бұл жоба келесі жылы да өз жалғасын табады. 2019 жылы әріптестік әлеуметтік тапсырыс аясында 10 жоба іске асырылып, 40 мыңға жуық жас қамтылады. «Серіктес» жобасы арқылы қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік, әлеуметтік тапсырыс аясында қолдау көрсететін боламыз, - деді басқарма басшысы.
Форумның қорытынды бөлігіне қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жастарға мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес алдағы екі жылда Шымкентте 8 мың орындық жатақхана соғылады. Қаламызда заманауи жоғары оқу орнын ашу да жоспарда бар. Жыл соңына дейін жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша жоба жасалынады. Енді сіздер осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ел үмітін ақтауға тырысыңыздар. Жалпы, кез келген жұмысты істеуден бас тартпауға кеңес беремін. Тынымсыз еңбек адал табыс сіздерді жетістікке жеткізеді, - деді қала əкімі.
Форум соңында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың білім алуына, жалпы, жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындарының өкілдері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.