Версия для печати

Қаланың кіреберіс қақпалары

Понедельник, 16 Октябрь 2017 04:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4518 раз
Оцените материал
(0 голосов)

тазалық пен тәртіпке бастайды

REN 9

Қалада көлік кептелісін азайту әрі шаһардың сәулеттік келбетін арттыру мақсатында жолдар абаттандырылып, жолайрықтар салу жоспарлануда. Мұндай жобалар негізінен үлкен даңғылдардың қиылысында, үлкен тас жолдардың аумағында жүзеге асырылатыны мәлім. Ол жүргізушілердің тәртіпті сақтау әрі уақытын үнемдеуді бағдарлайды, әрине. Ендігі мәселенің бірі – қалаға кіреберіс бағыттағы жолдарды абаттандыру, кіреберіс қақпа орнату. Заман талабына үндесетін, келбеті алыстан көз тартатын, еңселі қақпаларды орнатар уақыт жеткендей.

 

Қақпасына қарап, қаласын таны

Бүгінде қалада автотұрақтар ретке келтіріліп жатыр. Аудандарға, елдімекендерге жолаушылар тасымалдайтын шағын автобустарға да қатаң талап қойылуда. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірқатар шараларды бастап кетті. Көліктерге компанияның аты жазылуы керектігі жөнінде талап бар. Мұның бәрі де жолаушылар тасымалы саласында жауапкершілікті арттырып, тәртіпті қадағалауға үндейді. 

almaty-baghyty

Қала көркі мен тазалығы – мәдениеттің өлшемі. Тазалық, тәртіп, жарасымдылық болса еңбек те өнімді болып, тұрғындардың да көңіл күйі жақсарады. 

Жалпы, қала көркi кiреберiстен танылатынын газетімізде бұған дейін жазып едік. Бірқатар мәселелер айтылған. Кез келген қаланың кіреберіс босағасының тазалығына, тәртібіне әрі сәулетіне қарап баға беріп жатамыз. Расында, шетелдік туристердің де, қонақтардың да алдымен көзі түсетіні осы аумақ емес пе?!

almaty-baghyty-2

Алматы бағыты

Шымкентте тұрғындардың саны миллионға жуықтаса, көліктердің саны да үш жүз мыңға жақындады. Өңірдің әр шалғайынан келетін көліктер, қала маңындағы елдімекендерден нәпақасын айырып жүргендер де көбейіп келеді. Осыған сай қаланың кіреберіс жолдарын ретке келтіру, абаттандыру мәселесі жыл өткен сайын өзекті бола түсуде. 

Батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғаған транзиттік «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі де аяқталды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, Шымкент қаласының үлкен магистральдық жолдарына – Түркістан, Ташкент, Алматы бағыттарына кіреберіс қақпа орнатылуы тиіс. Бұлар тоғыз жолдың торабында орналасқан республикалық маңызы бар бағыт саналады. 

Осы орайда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары аталған үш бағытқа кіреберіс қақпаларды орнатуда бірқатар жұмыстарды қолға алған. Эскиз жобалары дайын. Орнатылар аумақтардың схемасы да көрсетілген. Бөлім басшысының орынбасары Жеңіс Байымбетовтың айтуынша, үш бағытқа да сәулеттік формасы бірдей нұсқа әзірленген. Шығыс стилі мен қазіргі заманның сәулетіне сай дайындалыпты. 

tashkent-baghyty-1

– Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. 20 қыркүйек күні қала әкімінің аталған кіреберіс қақпа құрылысын жобалау жөнінде Қаулысы шықты. Оған сай, эскиз жобаларды, жобалық-сметалық құжаттарын дайындадық. Әр бағыт бойынша қақпаның жалпы құрылысының жобалық құны – 150 млн теңге. Оның ішіне көгалдандыру, абаттандыру да кіреді, – дейді бөлім басшысының орынбасары. 

Шымкент тереңнен сыр тартатын көне қала болғандықтан, сәулеттік жобалар да ұлттық нақышта бедерленіп, тарихи келбетті танытып тұруы тиіс. Қаламыздың көнелігін білдіретін атрибуттардың болуы маңызды. Бөлім мамандарының дайындаған эскиздік жобаларынан осыны байқадық. Алдымен ұлттық нақышта болуына, заманауи талаптарға сәйкестендіруге баса мән беріліпті. 

tashkent-baghyty-2

Ташкент бағыты

Алматы, Түркістан, Ташкент бағытындағы нұсқаның әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мәселен, Түркістан бағытындағы қақпа шығыс стилінде жасалған. Көлік аялдайтын орын, дүкендер болмақ. Үшеуінің де формасы бірдей болғанының да өз себебі бар. Жеңіс Жайлауұлы оны бізге Шымкент республикалық маңызға ие шаһар болғандығымен түсіндірді. 

Бүгінде қалалық құрылыс бөлімі жобалық-сметалық құжаттарды нақтылау жұмыстарын жүргізуде. ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтсе, одан кейін қалалық мәслихаттың сессиясына қаржы бөлуге ұсынылады. Мәслихат депутаттарының қолдауымен қаржы бөлініп, әрі қарай құрылыс жұмыстары да жоспарға сай басталады.

 

Қала дамыса, сана дамиды

turkistan-baghyty

Жол – адамзатты игілікке бастайтын, қарым-қатынасты жалғайтын алтын көпір. Ал қаланың кіреберіс босағасы алыстан көзге шалынып тұрса, тұрғындардың пейіл-пиғылы түзеліп, көңілін қуаныш кернеп жүрер еді. Қалаға кіргеннен жылылық, қуаныш лебі есіп тұрса, қандай жарасымды!

Таяуда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаев бастаған топпен рейдке шықтық. Қаладан аудандарға қатынайтын жолаушылар көлігінің талапқа сәйкестігін, құжаттарының дұрыстығын тексеру мақсатында. Дәл күре жолдың бойында, Ташкент бағытынан қалаға кіреберістегі бұрынғы ескі қақпаның маңында бірқатар заңсыздықтар анықталды. Сөйтсек, жүргізушілердің көбісінің жолаушыларды тасымалдайтын куәлігінің уақыты өтіп кеткен. Оларға жол-патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ал енді бірінің сақтандыру полисінің мерзімі жарамсыз болып шықты. Мәселен, Мақтарал ауданының тұрғыны, жасы елуден асқан жүргізушінің мұндай халде жүргеніне алты айдан асқан. Осы жағдай дәл кіреберіс қақпа маңында болғаны ой салды. 

Жүргізушілер неге салғырттыққа жол береді? Үшінші мегаполиске келе жатқанын естеріне түсірмейтіні неліктен? Мұның бәрі самарқаулық, бойкүйездік емес пе?! 

Егер, біз айтқандай, қалаға кіреберіс босаға алыстан көзге шалынып тұрса, бұл мәселенің де шешімі табылар еді-ау. Тұрғындардың да, жүргізушілердің де санасы сергек болар ма еді?!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.