Апатты үйлердің жағдайы тұрғындарды алаңдатады

Пятница, 26 Май 2017 05:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4257 раз

Таң рауандап атып келеді. Түні бойы Мәнсия апай көз ілген жоқ. Төсегінен тұрып, үй қабырғаларына үреймен көз тастады. Бір ғасыр бұрын салынған баспананың қабырғалары ашылып, төбесі ажырап тұр. Уақытша қойылған тіреуіштерге кепілдік жоқ. Кез келген сәтте құлауы ықтимал. Зейнеткер Мәнсия Алданованың бұл үйде тұрғанына 40 жылға жуықтапты.

apatty-ui-2-41

Тозығы жеткен үйдің мәселесі жетерлік. Жылу құбыры шіріп, екі рет жарылған. Терезелері мүлдем жабылмайды. Жел болса ысқырып, азынап кететін ескі үйде тұратын зейнеткер жайбарақат отыра алмайды. Жел сілкінісі, жауын-шашын кезінде уайымы күшейіп, жанын шүберекке түйеді. Күн сайын үй басып қала ма деген қорқынышпен өмір сүреді.

 

28 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген

Түркістан көшесіндегі №14 екіқабатты үй 1936 жылы салынған. Мұнда 13 пәтер бар. Қазір қауіпті баспанада 6 отбасы тұрады. Жеті пәтерде коммерциялық нысандар орналасқан. Пәтерде тұрып жатқандардың көбісі зейнет жасындағы қариялар мен балалы отбасылар. Тозығы жеткен үй жөндеуге жарамсыз. 

apatty-ui-41

– Отбасымда 11 жан бар. 3 пәтерлі бөлмеде тұрамыз. 2015 жылы үй кезегіне тіркелдік. Бірақ қашан алатынымыз белгісіз. Апатты үй құлап, астында қаламыз ба деп қорқамын. Балаларым мен немерелерімді ойлап уайымдаймын. Уақытша тұрып, паналайтын жеріміз де жоқ. Мұнша адаммен қайда баратынымды білмеймін, – деп шағынады Мәнсия Алданова. Мұндағы тұрғындар жерге кіріп, шөгіп жатқан үйге алаңдаулы. Бірақ олардың бұдан өзге баспанасы да, көшіп баратын жері де жоқ.

Тұрғын үй инспекциясының мәліметіне сүйенсек, бүгінде қалада апатты деп танылған 2 үй бар. Олар Түркістан көшесіндегі №14 және Абай даңғылындағы №9 үй. Мұндағы жарамсыз деп танылған үйде екі тұрғын ғана тұрады. Дегенмен қауіпті үй иелері баспана кезегіне тұрған. Аудан әкімдігі мен тұрғын үй инспекциясы бөлімі тұрғынжайды босату туралы ескерту де жасаған. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі коммуналдық тұрғын үй секторының меңгерушісі Жұлдызай Ордабекованың айтуынша, 3 тұрғын үй кезегіне тіркелген. Ал жалпы апатты үйлер бойынша бүгінде 28 адам үй кезегінде тұр.

 

Көңіл түсірген қауіпті үйлер...

uiler-41Ескі үйдің иелеріне жаңа пәтер беріле ме? Бұл тұрғындардың көкейінде жүрген маңызды, өзекті сауалдар. 

Қала жылдан жылға үлкейіп, әдемі ғимараттар, көпқабатты үйлер салынып, көшелер жөнделіп жатыр. Экологиялық тазалық, технологиялық жетістік кез келген нысаннан сезіледі. Абаттандырылған аулалар, қала мен табиғаттың үйлесіміне сай тұрғын үйлер қандай?! Қараған адамның көзі тояды. Халық серуендейтін демалыс орындары мен саябақтар да көп. Бірақ әлі де Шымкент көшелерінде қауіпті үйлердің бары қынжылтады. Қауіпті баспаналардың көбісі Абай ауданы аумағында орналасқан. Мәселен екі қабатты ескі үйлер Абай, Театральная, 1 мамыр, Ш. Қалдаяқов, Кремлевская көшелерінде жиі кездеседі. Сондай-ақ Майлин, Қазыбек, Түркістан, Володарский, Тоқаев, Нұрпейісов, Жылқышиев көшелерінде ескірген үйлер бар. 

Бүгінде 1934, 1938, 1940 жылдары салынған 36 үй жөндеуге келе ме? «Хрущевка» және «ленинградтық» деп аталатын бес қабатты үйлердiң пайдалану мерзiмi өтіп кеткен. Яғни осы кезеңдерде салынған үйлердің тозығы жетіп тұр. 

– Бізге тұрғындардан өтініш көп түседі. Алайда апатты үйлердің анықталғаны жайында мәліметтер жоқ. Әзірге екі үй апатты деп танылған, – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясының бас маманы Бақытжан Сарбасов. 

Алайда Шымкентте сейсмикалық нығайтуды қажет ететін үйлер жетерлік. Биыл қалада 6 үйге қайта нығайту жұмыстары жүргізіледі. Олар А. Асқаров көшесі №29, Б. Момышұлы көшесі №23 а , Бауыржан Момышұлы көшесі №8\8, Володарский көшесі №5, Әлімқұлов көшесі №26 және Қаратөбе тасжолындағы №34 үйлер. Ал 2016 жылы 4 үйге сейсмонығайту жұмыстары жүргізілген болатын.

DSC 0684

«Ескі үйлерді сүру» жобасы қажет

Шымкентте ескі үйде қанша халық өмір сүріп жатыр? Ол үй тұруға жарамды ма? Әлі күнге қалалық тұрғын үй инспекциясында ондай статистика жоқ. Қала әкiмдiгінің назарындағы басты жұмыстардың бiрi – ескi үйлерді жаңалау. Ол үшiн қала әкімі Ғ. Әбдірахымов «Шаңырақ» бағдарламасы жобасын әзірлеуді сала мамандарына тапсырған болатын. Бағдарлама аясында ескі, сапасыз соғылған апатты үйлер анықталуы тиіс. Егер бұл шаралар өз кезеңiмен жүзеге асса, қауіптің сейілетіні сөзсіз.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.