Толассыз жауын жауса... төтеп берер жол бар ма?

Среда, 22 Февраль 2017 04:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4354 раз

Өткен аптада қала жолдарын су басты. Екі күн жауған жаңбырдың салдарынан арық-атыздар арнасынан тасыды. Кейбір орталық көшелерді жауын суы басып, көлік қатынау қиындады. Ал еңісте орналасқан шағынаудан тұрғындарына қолайсыздық туғызды.

«Қазгидромет» мекемесінің ОҚО бойынша филиалының синоптигі Динара Айтмырзаеваның айтуынша, биылғы ақпан айының бірінші және екінші онкүндігінде облыс аумағында ауа райы құбылмалы болып, былтырғы жылмен салыстырғанда жаңбыр мен қар өте көп мөлшерде түскен. Бірнеше айда түсетін қалыпты нормадан асып кеткен жауын-шашын салдарынан судың мөлшері Шымкент қаласында 184 мм болды. Табиғаттың тосын мінезінен ирригация жүйелері арнасынан асты. Жауын-шашыннан туындаған қолайсыздықпен күресуге – 2 эксковатор, 12 мотопомпа, 11 су сорғыш құралы және 245 жұмысшы жұмылдырылды. Ал қаладағы коммуналдық қызметкерлер жаңбыр суын айдап, бітеліп қалған арықтарды тазалаумен шұғыл айналысып кетті. Дегенмен синоптиктер ақпан айының 25-28 аралығында облыс көлемінде тағы да жауын жауатынын, Шымкентте ауа температурасы 3-5 градустан +12-15-ке көтерілетінін айтады.

vlcsnap-2016-08-17-14h08m24s235

Су алу қаупі бар 22 мекенжай анықталды

Толассыз жауған жауын-шашын тұрғындарды әжептәуір әбігерге салды. Мәселен, Таң нұры көшесіндегі апатты №17 үй жаңбырға шыдамай, опырылып қалды. Бұл үйлер кезінде сүрілуі тиіс болған. Сондай-ақ «Самал-3»-тегі Өтегенов жолын қиятын аты жоқ көшеге лай су жиналған. 

– Өз үйімізге өзіміз кіре алмай отырмыз, – дейді тұрғындар. Абай ауданы әкімі аппаратының халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалмұратов бұл мәселе шешімін табады деп сендірді. 

– Өтегенов көшесіне кәріз жүйесі жүргізілген. Бірақ көше еңісте орналасқан. Соның себебінен жауын суы жиналады. Алдағы уақытта асфальт төсеу жоспарланып отыр, – дейді Б. Қалмұратов. 

Жауын-шашын кезінде Ақжар тұрғын үй алабының тұрғындары да зардап шегеді. Өткен сенбіде шайынды су алты үйдің ауласын басып қалды. 

7564830

Су деңгейінің көтерілуіне орай, сала мамандары дер кезінде көмекке келіп, төтенше жағдайды ретке келтірді. Атап айтқанда Ескі қалашықтағы Хаят көшесі, Тәуке хан даңғылындағы «Салтанат» балабақшасына су тарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 112 орам, «Қайтпас-1», шағынауданындағы Аманкелді, Аймауытов, «Самал -3» шағынауданындағы Қобыланды батыр, Манкентская көшелеріне жиналған су тартылып, ретке келтірілді. 

Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесі шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымовтың басты назарында. Ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, Қазақстанның өзге де қалаларында да өзекті. Ирригациялық жүйелер ескіріп, жарамсыз күйге енген. Жуырда облыс әкімі Ж. Түймебаев қала басшысы Ғ. Әбдірахымовқа Шымкентке қосылған елдімекендердің картасын әзірлеп, арық атыздар салу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, облыс пен қалаға шаһардың ирригациялық жүйесін реттеу мақсатында арнайы карта схемасын дайындауды жүктеген еді.

Ал Шымкент қаласы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі қала аумағында су алу қаупі бар 22 мекенжайды анықтады. Қазіргі таңда оның 17-не сметалық құжаттары әзірленіп, 167,0 млн теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарына бюджеттік комиссияға ұсыныс енгізілді. Яғни, Бәйдібек көшесі арқылы өтетін ирригациялық өткел Манкентская көшесіне дейін жүргізіледі. Шымкент қаласы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі көріктендіру секторының бас маманы Алмас Шитеновтің айтуынша, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і тарапынан жалпы ұзындығы 1100 метр 22 ирригациялық өткел мен қала аумағындағы өзен, каналдардың 5,7 шақырым арнасы тазаланды. Қазіргі таңда мамандар су басу қаупі бар аймақтарды жіті бақылауға алған. 

Ауа райының тосын мінезі әп-сәтте абыржытатыны анық. Алда-жалда төкпелеп жауын жауса, су арықтардан асып, көшелер көлшікке айналары ғажап емес. Осы орайда Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындардың қора-қопсысы мен аулаларын қымтап, тасқын суға бөгет салуды ұмытпауды еске салады.

Последнее изменение Среда, 22 Февраль 2017 06:37
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.