140 көпқабатты тұрғын үй сейсмозерттеуді қажет етеді Избранное

Пятница, 17 Февраль 2017 05:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4635 раз

Қала әкімдігінің мәжіліс залында Ғ. Әбдірахымовтың төрағалығымен кезекті жиын өтіп, онда көпқабатты ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жылжымайтын мүліктерді қайта заңдастыру жайы талқыланды.

IMG-20170215-WA0056

Мәжіліс басында қала әкімі Ғ.Әбдірахымов әкімдіктің «фронт-офисі» бұдан былай «Халық кеңсесі» деп аталатынын хабарлады. Мұндай ұсынысты қала тұрғындары жасаған. Бұдан кейін қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Т.Қасымбеков көпқабатты ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы баяндама жасады. Бөлім басшысының айтуынша, Шымкент қаласы сейсмоқауіпті аймақта орналасқан. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің көбі 50-60 жыл бұрын салынғанын ескере келе, бұл ғимараттар сейсмонығайту жұмыстарын қажет ететінін айтты. Әсіресе, олардың басым бөлігі қала орталығына жақын жерден орын алған. Мамандар сейсмонығайтуды қажет ететін аудандарға жаңа тұрғын үй салу жобасын қолға алуды ұсынды. Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан көпқабатты үйлердің қауіпсіздігін арттыру, яғни сейсмонығайту жұмыстарын жүргізу мақсатында көптеген өтініштер тіркелуде. Мәселен, қазіргі кезде көпқабатты 140 тұрғын үй сейсмикалық зерттеуді қажет етеді және келесі екі жылда 90 үйге сейсмонығайту жұмыстарын өткізу жоспарланған.

IMG-20170215-WA0054

Мәжілісте Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы М.Жақсыбаев қала аумағында бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің апатты жағдайда тұрғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Түркістан көшесіндегі №14, Абай даңғылындағы №9, Қазыбек би көшесінде орналасқан «Адвокаттар үйі» және Жылқышиев көшесіндегі №28 үй апатты деп танылды. Дегенмен, аталған үйлерге байланысты әлі толық шешім шыққан жоқ. Баяндамашыларды тыңдағаннан кейін Ғ.Әбдірахымов бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға тапсырма берді.

Жиын соңында қала әкімдігі аппараты Заң бөлімінің басшысы А.Қайыпов жылжымайтын мүлікті заңдастыру жұмыстарының нәтижесі туралы есеп берді. Оның айтуынша, мүлікті жария ету бойынша Шымкент қаласының тұрғындарынан барлығы – 4 729 өтініш келіп түскен. Бұл өтініштердің 3 607-сі мақұлданып, 1 122-сі жылжымайтын мүлікті жария етуден бас тартылған. Жария етілген мүліктердің жалпы сомасы шамамен 44 млрд теңгені құрады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.