Қалалықтар су қадірін біле ме?

Среда, 16 Ноябрь 2016 07:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4921 раз

Шымкенттіктерді ауызсусыз қалдырмас үшін күндіз-түні еңбек ететін мекеме – «Су ресурстары – Маркетинг ЖШС. Мұндағы мамандар тәулік бойы қызмет көрсетеді. Әсіресе, кәсіпорынның апаттық-диспетчерлік қызметінде тыным жоқ. Жұмысшылар ауа райының ыстық-суығына қарамайды. Жарылған су құбырларын, кәріздік желілерді жөндеп, дамыл таппайды. Десе де кейбір тұрғындар үйдегі краннан суды тұтынбайды. Сапасына сенбей, дүкендерден сатып алады. Ал ауызсудың сапасы қаншалықты таза? Қалалықтар су қадірін біле ме? Тіршіліктің негізгі тетігі саналатын су төңірегінде алуан мәселелер бар.

su

Суды қайдан аламыз?

Қала халқы тұтынып отырған ауызсу «Ақбай-Қарасу» су қабылдағышынан алынады. Мұнан соң су тазарту стансасына келіп құйылады. Ол жерден Данияның атақты Грундфос компаниясының «Selcoperm-500» деп аталатын қондырғысынан толық залалсыздандырылады. Сонан соң тұтынушыларға жеткізіледі. Алайда, бас директордың маркетинг жөніндегі орынбасары Жанатбек Тұрдалиев тұрғындардың ауызсуға жаны ашымайтынын, талапқа сай қолданбайтынын айтады. Әсіресе, қаладағы автокөлік нысандарынан үлкен зардап келуде. Заң талаптары бойынша мұндай нысандардың базасында суды тазартып қайта пайдаланатын қондырғы болуы керек. Бірақ оны жасап отырған адам жоқ. Көлік жуатын орындар тұрғындарға келетін ауызсуды пайдаланады. Су ресурстары Маркетинг ЖШС-нің бас директоры Анарбек Орманның айтуынша, қалалықтар сапасы жоғары суды тұтынады. Зертханада мамандар күн сайын судан сараптама алады. Бүгінде ауызсудың толық жеткізілуін қадағалайтын 94 бақылау нүктесі жұмыс істейді. Тағы айта кететін жәйт, бұған дейін суды тазарту үшін өте қауіпті сұйық хлор пайдаланылған. Ал қазір арнайы зарарсыздандыру қондырғысында су сапалы аз тұзынан дайындалатын хлорды алмастыратын өте қауіпсіз ерітінді қолданады. Облыстық санитарлық бақылау органы бекіткен кестеге сәйкес ауызсу алынатын жерасты ұңғымалардан айына бір сынама алынады екен. 1 жылда тұрғындар мен басқа да тұтынушылар 40 млн текше метрден астам су пайдаланады. Тәулігіне орта есеппен күн сайын қала тұрғындарына 120 мың текше метр су жеткізіледі екен. 

DSC 5167

Бүгінде су құбырлары желілерінің ұзындығы 1853 шақырымды құрайды. Еуропалық қайта құру және даму банкінен несие алынып, 800 шақырым ескі су құбырлары ауыстырылған. Қалған құбырларды «Қазақсуарнажоба» АҚ жобалау институты дайындаған, мемлекеттік сараптамадан өткен Инвестициялық негіздемеге сәйкес 2025 жылға дейін қалыпқа келтіріледі деп жоспарланған.

Жаңа технология жұмысты жеңілдетті

«Су ресурстары Маркетинг ЖШС» мекемесінің жұмысы толықтай автоматтандырылған. Берілетін су мөлшері компьютер арқылы басқарылады. Мониторингтің арқасында құбырлардағы судың қажеттілік мөлшері қала ішіндегі негізгі 36 тораптарда бақыланады. Мәселен, бір ауданда су қысымы төмендесе немесе мөлшерден тыс көтеріліп кетсе, орнатылған есептегіш тетік ақпаратты диспетчерлік торапқа жөнелтеді. Негізінде суға сұраныс таңертең және кешкі мезгіл шамасында артады. Сол себепті, қатты қысымнан су құбырларының жарылуы қауіптілігіне байланысты мамандар су мөлшерінің деңгейін үнемі бақылауда ұстайды. Жанатбек Турдалиевтің айтуынша, жаңа аппараттардың арқасында құбыр апаттары азайған. Тұтынушыларды сапалы ауызсумен тәулік бойы тоқтаусыз қамтамасыз ету, тұтынушылардан шыққан шайынды суларды тасымалдап, оларды қалалық арнайы қондырғыларда тазарту үшін өндіріске әлемге танымал озық техникалар мен технологиялар ендірілген. 

DSC 5156

Польшаның технологиясы ендірілген қалалық тазарту қондырғылары еліміздегі ең алдыңғы қатардағы кешен екені елміздің мамандары мойындап отыр. Су құбырларын алмастыруда «Шеврон» компаниясының өнімдері пайдаланылса, су көлемін есептеуде Израилдің, Францияның, Германияның және тағы басқа елдердің автоматтандырылған су өлшеуіш құралдары қолданылады.

DSC 5241– Қала бойынша жеке тұрғын үйлер секторындағы көшелік және тұрғын үй су құбырларының 95 пайызы темір құбырға қарағанда қызмет көрсету мерзімі екі есе жоғары полиэтилен құбырларға ауыстырылған. Бүгінгі таңдағы күрделі проблемалардың бастысы, ол көпқабатты үйлердің ескірген су құбырлары болып отыр. 2 мыңға жуық көпқабатты үйдің 400-інде үйішілік су құбырлары ауыстырылды. Қазір тұрғын үйлерде су жетіспеушілігі, су қысымы, су ұрлығы, орынсыз су ысырабы мәселелері жоқ. Сондықтан, қалған көпқабатты үйлердің ескірген су құбырларын ауыстыру жұмыстарын қаладағы мемлекеттік органдар мен тұрғынүй инспекциясы ұйымдастыруы керек, – дейді Жанатбек Тұрдалиев. (суретте)

Операторлар хабарламаны қалт жібермейді

Апаттық-диспетчерлік қызметінің бастығы Бақыт Жолдаров бізді диспетчерлердің операторлардың жұмысымен таныстырды. Қала тұрғындарының қоңырауларын осы бөлім қабылдайды екен. Жалпы бұл қызметте 25 адам жұмыс істейді. Күніне операторлар 30-ға жуық қоңырауларға жауап береді. Сондай-ақ бөлімде қаланың картасы тұр. Геомедиялық картада Шымкенттің коммунациялық жүйелері мен инженерлік желілерінің сызбасы берілген. Бір қызығы мұнда жұмыс істейтін операторлардың жүйкесі темірдей ме деп қаласың. Олар қайта-қайта соғылған қоңырауға жауап береді. Мұнда екі оператор су құбырларына жауапты болса, кәріздік желілерде болған апатты тіркеп алатын қызметкерлер бөлек екен. Жас болса да Гүлмира Алдакабылованың еңбегіне сүйсіндік. Ал су қысымын реттеу бойынша Арман Болатбековтің еңбегі өз алдына. Инженер Мамыр Рустемовке тіпті таңғалмау мүмкін емес. Су жүйелерін бес саусақтай жатқа біледі екен. 

Мұнан соң, су жүйелерін тиімді пайдалану жөніндегі бөлімге бас сұқтық. Бас директордың орынбасары Бауыржан Ділдәбеков жылы қарсы алды. Су құбыры жарылса, қалпына келтіруге көп адамның еңбек күші кететінін жасырған жоқ. Ал жөндеу жұмыстарына тағы қосымша уақыт кетеді. Өйткені жер астында қаншама электр желілері бар. Сондықтан анықталмай жұмыс істеуге болмайтынын түсіндірді. Яғни ауыр еңбек осы бригаданікі десек те болады. Бір жұмыстың өзіне жүк артатын, жүк тиейтін, сорғыш машиналары, экскаватор, бульдозер, КаМаз сынды техникалар жұмылдырылады. Әрине, айтуға оңай, жазуға жеңіл. Техникалық себептерге байланысты жұмыс кейде біраз уақытқа созылады. Бірақ, бригада жұмысты тиянақты аяқтамай қайтпайды.

Сусыз бір күн отыра алмайтынымыз бәріне аян. Тұрғындарды сумен қамтуда мамандардың еңбегін бағалағанымыз жөн. Олар суға үнемшіл. Ал ауызсу мәселесі қашанда өзекті. Қала бойынша 121 мың жеке үй бар. Оның 88 мыңы кәріз жүйесіне қосылмаған. Шымкенттің аумағы ұлғайған сайын ауызсу маңызды мәселе болып тұр. Тұрғындар суды орнымен пайдалануы тиіс. Көлік жуатын орындар ауызсуды ысырап етпей, техникалық суды пайдалануы қажет дейді мамандар.

Суреттерді түсірген Д. ҚОЖАБЕК

Последнее изменение Среда, 16 Ноябрь 2016 08:49
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.