Көлік апаты болмасын десек...

Пятница, 21 Октябрь 2016 06:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6205 раз

Елдімекен тұрғындары қауіпті жерге фотокамера орнатуды сұрап отыр

Төлеби ауданы Оңтүстіктегі туризмнің тынымсыз қызмет көрсететін нүктесіне айналғаны белгілі. «Тау самалы», «Эдельвейс», «Бәйшешек», «Робинзон» лагерьлері мен «Эковиллаж Қасқасу», «Айнабұлақ», «Альтекс» демалыс аймақтары жаз бойы демалушыларға шаттық сыйласа, «Біркөлік» сауықтыру кешені жыл он екі ай қонақтарын құшақ жая қарсы алуға әзір. Ал еңбек демалысын қыстың күні алатындарға да қызықтар жоқ емес. Бұл ретте «Алатау» ЖШС, «Тау шаңғы базасы» туристік объектілері талайды тамсандыратыны сөзсіз. «Сайрам-Өгем» ұлттық саябағы елімізге келген саяхатшыларға да Оңтүстіктің туристік аймағы ретінде әйгілі. Әйтсе де, осы аймаққа алып баратын жолдың бойында орналасқан «Елтай», «Маятас», «Тоғыс» елдімекендерін біреу білсе, біреу білмейді. Бұл елдімекендер 2014 жылы қала аумағына енген болатын.

20160914 103915

ЖАПА ШЕККЕНДЕР АЗ ЕМЕС

sbaРедакцияға өзін «Елтай» ауылының тұрғынымын» деп таныстырған келіншек өкпе-назын білдірді. Бірнеше рет жол-көлік оқиғалары болып, сол жерде қаза тапқандардың отбасы мүшелері қайғы жамылғанын естігенде мән-жайды бағдарлап қайтуға тырыстық.
«Елтай» тұрғын алабынан С.Батыршаева, А.Бейсенбаевалар да жол-көлік оқиғасынан тартқан азаптарын айтты. Біз қағазға түсірдік.
– Жолдасым Нұрсұлтанды 1-мамыр, түнгі сағат 3:00 шамасында көлік қағып кеткенін, оның оқиға орнында қаза тапқанын естігенде есімнен танып қалдым. Айы-күнім жақындап, әне-міне перзентханаға барамын деп жүргенімде, қайғылы жағдайдан ұлым іште жатып шетінеп қалыпты, – деген «Маятас» тұрғыны Сандуғаш Базарова жағдайын одан әрі баяндауға шамасы келмеді. Жастай жесір қалса да «жаным» деп еркелетер бір қызының барына шүкір айтты.
Біздің шығармашылық ұжымды күтіп алған ауыл биі Ерболат Бекболатұлы айтады:
– Мұнда Төле би ауданындағы демалыс орындарынан бөлек, Михайловка, Тоғыс атымен танымал Бадам су қоймасы бар. Күн жылынғаннан сол маңайға келушілер көбейеді. Көліктің жылдамдығын асыратындар көп. Мас күйде рөлге отыратындар да бар. Жергілікті көлік жүргізушілері бұл маңайдың қай жерінде мектеп барын, қай жерінде аялдама барын, жол өткелдерін жақсы біледі. Сол сияқты, тұрғындар да қай жерден абайлап өтуді әбден меңгерген. Өкініштісі сол, жол-көлік оқиғасына тап болатындар негізінен басқа жақтан келетіндер.
Ауыл биі қала аумағына кірген «Елтай», «Маятас», «Тоғыс» тұрғын алабының Төле би ауданына алып баратын жолдағы оқиға орындарын көрсетті. Үлкен тас жолдың бойында небәрі 6 аялдама бар. Ал орын алған жол-көлік оқиғалары жан түршіктіреді.

ХАЛЫҚПЕН ТІЛЕГІ БІР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР

20160914 104417Бізбен бірге жүріп, елдің арыз-шағымын тыңдағандардың арасында Еңбекші ауданының Қазығұрт аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Данай Шуылдақ та болды.
– Қала аумағына енгелі жұмыс жүйесі өзгерді. Бірқатар мәселе қолға алынды, жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатыр. Бүгінде Қазығұрт аумағына қарасты бес тұрғын алап бойынша ауыл билерін жинап, электр жүйесі, трансформатор, жол белгілері, бордюр, аялдама, өткелдерге қатысты мәселелердің барлығын тізіп, қол қойып әкімдікке өткіздік. Бір ғана ескеретін жағдай, Д.Қонаев көшесінің бойына екі жыл бұрын «Береке» корпорациясының мердігерлігімен жарық бағаналары орнатылған. Жол-көлік оқиғасының санын азайтар деген үмітпен жарық бағаналарының іске қосылуын күтіп отырмыз, – деген Данай Абдуллаұлы жол белгілері орнатылған тұста да көлік жүргізушілерінің ереже сақтамайтынын айтып қынжылды.
Ал осы аумаққа жауапты учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Заңғар Пошатаевты тыңдадық.
– Көлік жүргізушілері жол белгісі орнатылған тұстардың өзінде ереже сақтамаған соң қауіптің алдын алудың бір ғана жолы қалды. Ол – фотаппарат орнату. Егер «Елтай» тұрғын алабының кіре берісі мен «Нефтеразведка» маңайында камера орнатылса, осы аумаққа кіріп шыққан көліктің барлығын бақылауға мүмкіндік болар еді. Бұл көптеген көлік тонау, мал ұрлығы сияқты істердің ашылуына ықпал етіп, келешекте азаюуына да септігі тиері сөзсіз. Жекеменшік бақылау камераларының көмегін пайдаланып көрдік, онда көліктің нөмірі тұрмақ, өзін ажырату қиын. Түнгі уақытта бұл жақта жарық та болмайды, – дейді ол.
«Дәніккеннен құныққан жаман» деген, мұндай мүмкіндікті ұры-қарының бос жібермейтіні анық. З.Пошатаев айтып ауыз жиып болмай жатып түнгі уақытта таяқ тастам жерде байлаулы тұрған биесінен көз жазып қалған ауыл тұрғыны шағымданып келді.
Зерттеу мақаламыз дәйекті болуы үшін қалалық мәслихаттың осы аумақтан сайланған депутаты Марат Тамабаевтың да пікірін білдік.
– Халықты қабылдау күндері аталған мәселелер бойынша тұрғындар жиі шағымданып келеді. Олардың арасында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер, мүгедектер арбасына таңылғандар, тіпті, бірнеше ай бойы ауруханада жатқандардың жақындары да бар. Тұрғындардың сұранысы қазіргі уақытта әкімдік қызметкерлерінің назарына ұсынылды. Бірқатар жұмыстарға қаржы да қарастырылды. Десек те, қанша жол белгісін орнатқанымен бір ғана фотоаппарат құрылғысын орнатудың көрсеткіші жоғары болатыны сөзсіз. Ал бұл бағытта тиісті орган қызметкерлері ұсыныс жасауы керек, – дейді халық қалаулысы.

ЖАУАПТЫ МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

20160914 103435

Қала аумағына енгеніне аз ғана уақыт өткенімен «Елтай», «Маятас», «Тоғыс» тұрғын алабында газ, су мәселелері шешімін тапқан. Дәл қазіргі уақытта қалаға қатынайтын көлік тұрақты түрде жолға қойылуда. Күн тәртібіне енген жұмыстар туралы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Александр Малахов түсіндіріп өтті.
– Аталған аймақты жарықтандыру жұмыстары облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының теңгерімінде. Ал жол апаты орын алған тұстармен арнайы барып таныстық. Қазіргі таңда бірқатар аялдамалардың маңайын жаяу жүргіншілерге ыңғайлау үшін аяқжол, 1 баспалдақ құрылысына қаражат бөлінді, – дейді аудан әкімінің орынбасары жағымды жаңалығымен бөлісіп.
Редакция тарапынан жолданған қызмет хат негізінде ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ғ.Есімовтың бірқатар жол белгілерін орнатудың қолға алынғаны туралы жауабын алдық.
– Шымкент қаласына қарасты «Елтай», «Маятас», «Тоғыс» тұрғын алаптарының жол жағдайы бойынша ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілді. Осыған орай, «Елтай», «Маятас», «Тоғыс» тұрғын алаптары орналасқан Леңгір тас жолының бойына, 5 жердегі «Жаяу жүргіншілер өткелінің» алдына дыбысты жолақтар орнату және жол жолақтарын сызу, 4 жерге «Қауіпті бұрылыс» бағыт көрсеткіштерін, 1 жерге «Ең жоғарғы жылдамдықты шектеу (40)» жол белгілерін орнату қажеттігі анықталып, «Оңтүстік жолдары» МКК-на жол бақылау ұйғарымы берілді.
Тақырыпқа өзек еткен жолдың ұзақтығы 3 шақырымға да жетпейді. Ал сол жолдың бойында қордаланған мәселелердің шешімін табу – кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болып тұр. Біз бұған елдімекендегі жағдайларды көргенімізде анық көз жеткіздік. «Елтай», «Маятас», «Тоғыс» тұрғындары жол-көлік оқиғаларын азайтудың бірден бір жолы ретінде фотоаппарат орнату екенін айтады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.