Версия для печати

Көшелері көркейген Шымкент

Среда, 19 Октябрь 2016 08:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6493 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қаланың орталық көшелерінің бойында қайта құру жұмыстары қыза түскен. Мердігер компания өкілдерінде тыным жоқ. Өйткені, жұмыс межелі мерзімде аяқталуы тиіс. Тәуке хан даңғылында бүгінге дейін асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Енді суағарларды ауыстыру, аяқжолдарды кеңейту жұмыстары қалып тұр.

DSC 0924

Қайта құру жұмыстары кестеге сай атқарылуда. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Абай Тұрхановтың айтуынша, құрылыс жұмыстары желтоқсанға дейін толық аяқталмақ. Тәуке хан даңғылындағы жұмыстар соңына таяды. Бұл мақсатта қалалық бюджеттен 337 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме – «Береке А» корпорациясы» ЖШС-і. 

Сондай-ақ, бүгінде Қапал батыр, Жібек жолы, Төлеметов, Жангелдин көшесінің бойында да жолдар жөнделіп, аяқжолдар салынуда. 

DSC 0836

Тәуке хан даңғылы мен Жангелдин көшесіндегі құрылыс барысымен таныстық. «Береке-А» корпорациясы» ЖШС өкілдері өз міндеттерін жоғары деңгейде аяқтауды қолға алған. Учаске басшысы Нұржан Мәлібековтың айтуынша, мұндағы қайнаған құрылысқа 50 адам жұмылдырылған. Жұмыс тамыз айында басталып, бүгінге дейін асфальт төселінді, қоршаулар орнатылды. 

– Қонаев даңғылы, Байтұрсынов, Дулати, Қазыбек би көшесіндегі бұрылыстарды қайта құру жұмыстары ғана қалды. Суағарларды бір аптада қойып бітеміз. Одан кейін жаяу жүргіншілер жолдарын ауыстыру жоспарда. Жалпы, жұмысты толығымен қарашада аяқтаймыз. Кестеден кешікпеуіміз үшін жұмыс үзіліссіз жүріп жатыр. Таңғы сағат 8.00-ден бастап, кешкі сағат 8-9-ға дейін жалғасады. Кейде түнгі 12-1-ге дейін созылады, – дейді ол. 

DSC 0658

Граниттен жасалған қоршаулар отандық өнім. Құрылыс материалдары көрші Жамбыл облысынан әкелініпті. Ал суағарлар корпорацияның өз өнімі. 

Б. Момышұлы даңғылынан басталған аяқжолдарды орнату жұмыстары Тәшенов көшесіне дейін жалғасады. 

Бұдан бөлек, Тәуке хан даңғылының бойындағы ағаштардың бәрінің түбі металды конструкциямен қоршалады. Бұл жұмыстар суағарлар орнатылып біткеннен кейін іске аспақ.

Жангелдин көшесінде де жұмыс қарқынды. Мұнда аяқжолдар ретке келтірілуде. «Құрылыс» ЖШС-інің жігіттері жұмысты 22 қыркүйекте бастаған. 

DSC 0692

– Күн суытпай тұрғанда тезірек бітіруге әрекет етіп жатырмыз. Бастысы, материал жеткілікті. Таңғы сағат 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін істейміз. Бізге Ә. Молдағұлова көшесінің тұсынан «Айгүл» аялдамасына дейін аяқжолдарды ретке келтіру жүктеліп отыр, – дейді 5-6 жігіттің жұмысын қадағалап жүрген Сағи Баймаханов. 

Мінекей, қалада осындай жұмыстар қолға алынған. Жолдар абаттандырылып, көшелер көріктендірілуде. Енді тұрғындар тазалықты сақтап, еңбекті бағалауы қажет. Қала тұрғыны Өрісбай Қожаберді де осыған үндейді. 

– Қала көркейіп жатыр. Көшелер тұрғындарға кең әрі ыңғайлы етіп көріктендірілуде. Енді игілімізге жараған дүниені күтіп ұстау өзімізге байланысты, – дейді 56 жастағы қала тұрғыны. 

Айналасы 2-3 сағаттың ішінде осындай жұмыстарға куә болдық. Жұмысшылар күндіз-түні құрылыс басында. Ауа райы да құбылып тұр. Сол себептен, межелі мерзімнен кешікпеу керек екендігін түсінеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.