Жұмыс нәтижесі – басты назарда

Пятница, 26 Август 2016 10:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3950 раз

Мүлiктi жария етудің жайы қалай?

Абай ауданы әкімінің орынбасары Е. Бекназаровтың төрағалығымен кезекті отырыс өтті. Онда мүлікті жария ету науқаны талқыланды. Отырыстың күн тәртібінде негізгі тақырып бойынша Е. Бекназаров баяндама жасады.

Оның айтуынша, мүлікті заңдастыруға байланысты жұмыстар ауқымды әрі жауапты. Бүгінге дейін 2374 хабарлама таратылып, тиісті мәліметтер берілген. БАҚ арқылы 77 мақала жарық көрген. Аудан әкімдігі жанынан құрылған комиссияға рәсімдеуге 1212 өтініш қабылданып, оның 900-і жарияланды. Жарияланған жылжымайтын мүліктің құны 12 260 991 теңге болды.
– Мүлікті заңдастыруға байланысты жұртшылықты толғандырған мәселелер көп. Кейбіреулер заң аясында жекеменшік пәтерін қайта жобалауға бола ма деп сұрайды. Бағалы қағаздарды заңдастыру мәселесімен келгендер де бар. Біз оларға аудандық комиссия тек жылжымайтын мүлікті заңдастырумен айналысатынын түсіндірдік, – дейді Е. Бекназаров.
Отырыс қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары Е. Бекназаров заңның жаңа нормаларын тұрғындарға түсіндіріп, сала мамандарына науқанды аяқтауды тапсырды.


Заң нормалары сақталуы тиiс

Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайы сөз болды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің ОҚО бойынша департаментінің бас маманы Алексей Колосков заң нормалары талаптарының сақталуы жайында баяндама жасады. Сондай-ақ Абай ауданы прокурорының көмекшісі Жанар Нұрланқызы қызметкерлер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Сыбайлас жемқорлық – бүгінде қоғамдағы өзекті мәселе. Ол белең алып кетсе елдің дамуына кері әсерін тигізеді.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Халықтың күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін барлық амалдарды қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұра алады.


Көпбалалы аналар марапатталды

Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ананың рөлі ерекше. Баласын елдің қызметіне лайықты азамат ретінде тәрбиелейтін жан барлық мақтауға лайық. Сондай аналардың демографияға да үлес қосып, қазіргі таңда жас аналардың «Батыр ана» атанып жатқаны қуантады.

Әлемге өмір сыйлайтын аналарға деген құрмет қашанда маңызды. Адамзат баласының барлығына да жарық дүние сыйлаған анаға құрмет көрсету-парыз. Бұл орайда мемлекет те ана мен балаға барынша жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсетуде. Президент Жарлығына сәйкес Абай ауданы әкімдігі 28 көпбалалы ананы марапаттады. Оның ішінде 5 «Алтын алқа» және 23 «Күміс алқа» иегерлерін аудан әкімнің орынбасары Г. Ташимова құттықтады.
Абай ауданы бойынша 2989, «Алтын» (1205) және «Күміс» (1784) алқа иегері бар. Енді көп балалы аналар әлеуметтік жәрдемақы алу үшін төлем орталықтарына жүгінуге құқылы. Сонымен қатар, олар бір жыл ішінде қоғамдық көлікті тегін пайдалана алады.

Последнее изменение Пятница, 26 Август 2016 13:11
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.