«Достық» даму мен жаңару жолында

Пятница, 22 Июль 2016 06:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4920 раз

«Достық» шағынауданының аумағы күн санап кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда онда 1300 үй бар. Халық саны 3000-ға жуықтайды. Шағынаудан жаңа құрылыспен толығуда. Сонымен қатар, асфальт төселіп, аяқжолдар салынып, көшелер жарықтандырылды. Ал биыл сәуір айында жаңа әрі зәулім мектептің құрылысы басталды.

10 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР

DSC 0397

«Достық» шағынауданының негізі 2006 жылдың көктемінде қалана бастады. Ең алғашқы үйлер Айтұмар көшесіне салынды. Алғашқыда шағынауданда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арнап үйлер бой көтерді. Құрылыс барысын сол кездегі облыс әкімі Ө.Шөкеев «сапасыз салынуда» деп талай сынға алған болатын. Тіпті, шағынаудандағы құрылыс 2007 жылы уақытша тоқтап та қалған-ды. Алайда, көп ұзамай, бұл бағдарлама өз жалғасын тапты. Бастапқыда шағынаудандағы үйлер демеушілердің қаржысына салынған. Бұл сол тұстағы Шымкент қаласының әкімі Ө.Әметтің бастамасы еді. Арнайы қор ашылып, онда азаматтар өз еркімен ақша салып жатты. Кейінірек, бұл бағдарлама мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Бастапқыда онда бір бөлмелі саман үйлер салынса, кейінірек, төрт отбасыға арналған типтік коттедждердің іргетасы қаланды. Ол үйлер ең алдымен әлеуметтік аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың отбасыларына тегін берілді. Ал қазір онда үй саламын деушілер қатары артқан. Шағынаудандағы жаңа құрылыс аумағы – сөзіміздің айғағы.

ЖАҢА МЕКТЕПТIҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

DSC 0356

«Достықтың» жас өрендері 400 орынға арналған ескі мектепте білім алады. Соңғы есеп бойынша, онда 1500-ден астам оқушы бар. Олар үш ауысымда оқиды. Осы шағынауданның алғашқы тұрғындарының бірі – Сайдынгүл Түзелқызы. Оның айтуынша, сабақ басталған кезде бір партаға төрт бала отырғызылады екен.
– Мектеп біздің шағынаудан халқы үшін тарлық етеді. Бала саны көп. Өзіміздің мектепке сыймағандар көршілес «Асарға» барып оқиды. Оларды тасымалдау үшін Қаратау ауданынының әкімі Ғ.Исмаилов автобуспен қамтамасыз етті. Енді жаңа мектеп пайдалануға берілсе, оқушылар алаңсыз білім алар еді, – дейді көпбалалы ана.

DSC 0368

Қазір сол ескі мектептің жанынан 1200 орынға арналған жаңа оқу ордасы салынуда. Оның құрылысы келесі жаңа оқу жылына дейін аяқталады. Білім ұясының ғимараты бес блоктан тұрады. Спортзал, акт залы, асханасы және заманауи жабдықталған сыныптары болады. Мектеп құрылысын 15 жылдық тәжірибесі бар «Югстройсервис-А» ЖШС жүргізуде. Оған 1 миллиард 169 миллион 840 мың теңге бөлінген. Қазір құрылыс басында күндіз-түні 120 адам еңбектенуде. Учаске бастығы Бақыт Төбелбайдың айтуынша, ғимараттың іргетасын құю және кірпішін қалау секілді жұмыстар жүріп жатыр. Құрылысшылар отандық өндірушілердің өнімдерін қолдануда. Тек сапалы арматура ғана Ресейден алынады екен. Жұмысқа қажетті кран, экскаватор секілді техника жеткілікті.

ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАРДЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ

«Достық» шағынауданы тұрғындарының бірі – Әбибі Рахман. Оның алты перзенті бар. Шеттей балаларымен төрт отбасыға шақтап салынған коттедждің бір бөлмесін паналауда. Отағасы етікші болып жұмыс істесе, ал әйелі балаларына қарап бас-көз болып отыр. Әбибі Рахманның отбасылары секілді мұнда 284 пәтерде әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы, жалғызілікті аналар және АИВ диагнозы қойылғандар тұрады. Бұл отбасыларға демеушілер тарапынан жиі көмек көрсетіледі. Осы округтен сайланған қалалық мәслихаттың депутаты Ғани Ахметбаев тұрмысы төмен 17 отбасыға материалдық көмек көрсеткен. Ал тамыз айында 20 баланы сүндетке отырғызбақ. Жуырда ғана «Бастау» қайырымдылық қоры тарапынан «Достықтың» 100 бүлдіршінін ата-аналарымен қосып, қаланы аралатыпты.

ШАҒЫНАУДАНДА ОҢДЫ IСТЕР КӨП

DSC 0663Биыл «Достықта» жол құрылысы жанданбақ. Биылдың ағымдағы жылдың өзінде 4,5 шақырымды құрайтын үш көше салынды. Қазір асфальт төсеу жұмыстары өз мәресіне жетті. Сондай-ақ, Ақ босаға, Алғыс және Дидар көшелеріне аяқжол салынуда. Енді шағынауданның жаңа құрылыс аумағындағы Айдаров пен аты жоқ екі көшеге де жол салу үшін жобалау сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Ол жерге де асфальт, шағал тас төселмек. Ақпейіл, Дидар және Ақбосаға көшелері жарықтандырылды. Шағынаудан көгілдір отынмен, электр жарығымен және ауызсумен қамтылған. Тек жаңа құрылыс аумағының тұрғындары суды тасып ішеді. Қаратау ауданы әкімдігінің нұсқаушысы Олжас Бәкірхановтың мәлімдеуінше, бұл ретте жобалық сметалық құжаттар жасалуда. Алдағы уақытта ауызсумен қамтамасыз ету қолға алынбақ.

Қазір жаңа құрылыс аумағында 500 жер учаскесі бар және тек 70-ке жуық үйде халық тұрады. «Достық» шағынауданында №10 емхананың медициналық бекеті, №56 учаскелік полиция бекеті, өрт сөндіру бекеті және 120 орынға арналған балабақша бар. Қазір «Достықта» №17Б, 9А автобустары мен 105 бағыттағы шағын автобустар жүреді. Осыған дейін шағынауданмен қаланы жалғастырған №9 автобустың бағыты тиімсіз болғандықтан, тоқтап тұр. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев алдағы уақытта №109А автобус 5 кесте бойынша жүретінін айтады. Қалада қолға алынған әлеуметтік 10 бағыттың біреуі «Достық-2» шағынауданында қатынайтын болады.

Последнее изменение Пятница, 22 Июль 2016 07:07
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.