231 аула жарықтандырылады Избранное

Пятница, 22 Июль 2016 04:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4524 раз

Шымкентте аулаларды жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, тамыз айының соңына дейін 231 аулаға бағаналар тұрғызылып, жарық берілмек. Бұл мақсатта қалалық бюджеттен 153 миллион 929 мың теңге бөлінген. Жарықтандырумен айналысатын қос мердігер компания бір жұма бұрын қызу жұмысқа кіріскен.

auklaАулаларды жарықтандыру шымкенттіктер үшін қашаннан өзекті еді. Қай деңгейдегі әкім есеп бермесін, тұрғындардың басым бөлігі аулаларды жарықтандыруға қатысты талап-тілектерін жиі айтатын. Осыған орай, 2013 жылдан бастап әкімдік тарапынан осы мәселеге жіті назар аударылып, аулалар жарықпен қамтамасыз етіле бастады. Қалада 1014 аула бар болса, соның 328-і бүгінгі таңда жарықтандырылды. Солардың ішінде ең алдымен криминогендік жағдайлары назарға алынды. Ал биылдың өзінде 231 аулада шамдар жарқырай түспек. Мемлекеттік сатып алуда жеңімпаз атанған қос мердігер компания, атап айтқанда «АқсемсерСтройервис» және «Астанаэлектромонтаж» ЖШС-і қазіргі кезде электр бағаналарын орнатумен айналысып жатыр. Мәселен, «Ақсемсерстройсервис» компаниясы Еңбекші және Әл-Фараби аудандарына қызмет көрсетуде. Жалпы отыздан астам адам жұмыспен қамтылған. Олар тамыз айының соңына дейін өздеріне тапсырылған 180 ауланы жарықтандыруға дайындап үлгеруі тиіс. Мердігер компания бағана орнату жұмыстарын «Шығыс» шағынауданындағы №90 үйдің ауласынан бастады. Онда алдын ала қазылып, бетондалған орындарға жалпы ұзындығы 9,5 метрді құрайтын биік бағаналар орнатылды. «Ақсемсерстройсервис» ЖШС директорының орынбасары Нұрбол Дауылбаевтың айтуынша, бағаналар қойылып болған соң, электр жарығын тарту және шам қою жұмыстары басталады. Жұмыс барысында қолданылатын материалдардың барлығы дерлік отандық өнім.

– Біз №90 үйдің ауласына екі бағана орнаттық. Ал үлкен аулаларға 7, тіпті 9 бағанадан қойылады. Бағаналар Қарағанды қаласында шығарылған. Олардың сапасы жоғары. Сырты мырышпен қапталғандықтан, 25 жылға дейін тот баспайды. Бір аптадан соң бағаналарға сым тартылып, шамдар қойылады. Ол шамдар электр энергиясын үнемдейді және жан-жағына жарықты көп береді. Ескі бағаналарда шамдардың қуаты – 250 Ватт болса, қазіргілер 100-120, – дейді Н.Дауылбаев.

Аулаларына жарық берілетініне жергілікті тұрғындар қуанып отыр. Солардың бірі – Сағындық Босмойынов. Түнгі уақытта аула қараңғы болғандықтан, балаларын сыртқа шығаруға қорқады. Сондықтан, тұрғындар бір бағананы өз қалталарынан ақша шығарып орнатқан екен. Бірақ оның мардымсыз жарығы мәселені шешпеген. Төрт баланың әкесі кеш қарайған сәтте балаларды сыртқа шығару қауіпті екенін айтты. Ал Олеся Добросоцкая «қараңғы аулалар ұры-қарылар үшін таптырмас мүмкіндік» дейді. Жуырда ғана оның қол сөмкесін әлдебіреулер өз үйінің ауласында ұрлап кетіпті. Сондықтан, тұрғындар қол шамын ұстап жүруді әдетке айналдырған екен. Тұрғындар көп ұзамай өз аулаларында «емін-еркін жүріп, қауіп-қатерді ұмытамыз» деп отыр.

Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте 75 аула жарықтандырылған. Ал 2014 жылы – 163, 2013 жылы – 96 аулаға жарық берілген. Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Есіркеповтің айтуынша, бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.