×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Велотуризмге бет бұрған қала Избранное

Пятница, 24 Июнь 2016 05:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5334 раз

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШҚЫ ВЕЛОЖОЛ АСТАНА КҮНI
ҚАРСАҢЫНДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРIЛМЕК

Велотуризм шымкенттіктер үшін белсенді саяхат түріне айналмақ. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Күн тәртібіне сәйкес, қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов облыс орталығындағы велосипед туризмінің даму жағдайы туралы баяндама жасады.

Әкім орынбасарының баяндауынша, мұндай қадам «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, Шымкент қаласының әкімдігі және Қазақстан велоспорт федерациясы арасындағы үш жақты меморандумға сәйкес жасалып отыр. Нәтижесінде, жобаның алғашқы кезеңі бойынша қаланың орталық 9 көшесі мен 2 алаңға арнайы веложолақтар салу үшін қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілмек.

– Аталмыш жоба қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, экологиялық ахуалды жақсарту, велоспортты, инфрақұрылымды, сондай-ақ, велотуризмді дамытуды көздейді. Алғашқы веложолақтар шымкенттіктер үшін Астана күні мерекесі қарсаңында пайдалануға беріледі, – деп атап өтті Б.Жанбосынов.

velozhol

Жоба аясында қалада велосипедтерді жалға берудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылмақ. «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен алғашқы кезекте 200 велосипед сатып алынатын болады. Бұл үшін 40 станция қызметін үйлестіру көзделуде. Заманауи талапқа сай жабдықталған велосипедтер Франция елінен жеткізіледі. Арнайы тапсырыс негізінде оған GPS қондырғылары орнатылып, Шымкент қаласының жаңа туристік логотипі бейнеленеді.

Айта кетер жайт, жылдық абоненттік карталарын қала тұрғындары 6 мың теңгеге сатып ала алады. Сондай-ақ, әрбір велосипедті жалға алу құны сағатына 100 теңге мөлшерінде белгіленбек.

– Ел аумағында велосипедті жанына серік еткендер үшін Астана мен Алматы қаласында ғана лайықты жағдай жасалған. Елдегі үшінші мегаполис қала ретінде Шымкентте де велосипед инфрақұрылымын дамыту маңызды. Бұл үшін қаланың ауа райы мен климаты да оңтайлы мүмкіндіктер береді. Ең алдымен, бұл әрбір адамның өз денсаулығы үшін пайдалы, екіншіден, қаржылық үнемдеуге қол жеткізе алады, үшіншіден, қала көшелеріндегі көлік тығынын азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға септігі мол болмақ, – деді қала әкімі Ғ.Рахматоллаұлы.

Ғабидолла Әбдірахымов өз кезегінде, жауапты мамандарға әсіресе, сенбі-жексенбі күндері көлік жолының оң жақ өткелдерінде қозғалыс жылдамдығын сағатына 40 шақырымға дейін шектеуді ұсынды. Осыған орай толық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шешім әзірлеу үшін тиісті мамандарға 2 күн уақыт мерзімін белгіледі.