ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРҒА – ЖАЙЛЫ, БАЛАЛАРҒА – ҚАУІПСІЗ, ҚОНАҚТАРҒА – ЫҢҒАЙЛЫ ҚАЛА БОЛУЫ ТИІС Избранное

Среда, 28 Август 2024 04:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 407 раз

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар мен оның нәтижелері жайлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы үнемі ашық жазып, тұрғындарды хабардар етіп отырады. Себебі, халық шаһардағы өзгерістер мен қолға алынған бастамаларды білуі керек. Бұл жолы Ғабит Әбдімәжитұлы Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

BilIKK

 

–Өкінішке қарай, қала басшылығы аулаларды абаттандыру мен саябақ салуға басымдық беріп, басқа салаларда жұмыс қарқыны төмен деген сөздер айтылып жатыр екен. Бұл – жаңсақ пікір. Иә, кез-келген салада шешімін табуы қажет мәселелер бар. Жұмыс ешқашан бір бағытта ғана жүрмейді. Қазіргі кезде барлық сала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Барлық саладағы бастамалар менің жеке бақылауымда. Ал гүлзарлар, демалыс алаңдары мен саябақтардың салынуы қажеттіліктен туындаған мәселе. Біріншіден, біз өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға тиіспіз. Шымкент тұрғындарға жайлы, балаларға қауіпсіз, қонақтарға ыңғайлы болса, қаланың қарыштап дамуы да жеделдей түседі. Екіншіден, қаланы көркейту арқылы біз туризмнің дамуына жол ашамыз. Ал туристерден жергілікті бюджетке түсетін кіріс қала тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсартуға жұмсалады. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін экономика дамуы керек. Экономиканы көтеру – негізгі бағытымыздың бірі. Қазіргі таңда бұл салада оң өзгерістер бар, – деп жазды Ғ.Сыздықбеков.
Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, қазір кәсіпкерлердің бизнес жүргізуіне қолайлы жағдай жасалып жатыр. Сондықтан Шымкент қаласына инвестиция тарту көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Биыл қалаға 928 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр екен. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл 28,1 пайызға көп. Қала әкімі алдағы үш жылда қалаға 3,6 триллион теңге инвестиция тарту жоспарда бар екенін де атап өткен.
–Бұның қарапайым халық үшін қандай пайдасы бар? Инвестиция тарту бірінші кезекте жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Қазірдің өзінде 2028 жылға дейін жүзеге асатын 220 инвестициялық жоба дайындалды. Бұл жобалар бойынша 29 мың жаңа жұмыс орны пайда болады. Оның ішінде 6330-дан аса жұмыс орны биыл ашылады. Бұл жұмыссыздық мәселесін шешуге үлкен үлес қосады.Қазір біз инвесторларға қосымша талап қойдық. Енді олар бірінші кезекте нарықтағы жалақыны беріп, жергілікті мамандарды даярлайтын болады, – деді Ғ.Сыздықбеков.
Қала әкімі жақында «Бозарық» индустриялық аймағында ірі жылыжай кешенінің құрылысын жүргізетін инвестор «Alarko Holding» компаниясы ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын академия ашуды жоспарлап отырғанын алға тартты. Академияда қала тұрғындары білім алып, жылыжайға жұмысқа орналаса алады екен. Сонымен қатар, өңірімізде ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосатын білікті кадрлар шоғыры да жасақталатын көрінеді.
–Өздеріңіз жақсы білесіздер, қала аумағында 7 өндірістік аймақ бар. Ол өндіріс аймақтарында 289 жоба іске асып, 8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Қаламыздағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де жақсарып келеді. Қаланың бюджеті былтырғы жылмен салыстырғанда 107 миллиардқа көбейіп, 764 миллиард теңгеге жетті. Оның 50 пайызын біз әлеуметтік салаға бөлдік. Себебі халық істеліп жатқан жұмыстың жемісін көруі қажет. Осы мақсатта менің тапсырмаммен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердегі 15 мың қызметкердің жалақысына 50 мың теңге қосымша үстемақы тағайындалды. Жыл басынан бері қолданысқа берілген баспана көлемі де 21,6 пайызға өсті. Қазіргі таңда бюджет қаржысы есебінен 3 480 пәтерді қамтитын 79 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл тұрғын үй кезегінің ілгерілеуін жылдамдатады, – деп жазды қала әкімі.
Ғабит Әбдімәжитұлы халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында қолға алынған жобалар тоқтамайтынын, барлық бастамалар соңына дейін жүзеге асатынын атап өткен. Жұмыс орындарын ашу, жалақыны көбейту, баспана мәселесі, мектеп пен емхана салу, жол жөндеу сияқты негізгі бағыттар күн тәртібінен түскен еместігін атап өткен.
–Істеу – қиын, сынау – оңай. Мен ешқашан халықтың пікірін жоққа шығарған емеспін. Тұрғындарды қабылдау барысында, көшпелі кездесулерде ең өзекті мәселелерді өз көзіммен көріп, халықтың аузынан естіп жүрмін. Ол бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, бақылауға алынды. Бірақ тағы да қайталап айтайын, кейбір мәселелерді бір күнде шешуге болады, ал кей мәселелерді шешу үшін уақыт керек, – деген Ғ.Сыздықбеков қала тұрғындары үшін қолға алынған барлық бастамалар оң нәтиже беретініне сенім білдірген.