Қайырымдылық акция негізінен мемлекеттік мектептерде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бұл көмек мынадай санаттағы отбасының балаларына беріледі. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға ( 11 390), мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға (39 841), отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға (399), білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына (4 553) көмек көрсетіледі.
Қалада 2024 жылдың 1 тамызында «Мектепке жол» жыл сайынғы республикалық акциясы бастау алды. Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева жаңа оқу жылының басында балаларды мемлекеттік қолдау тақырыбында баспасөз брифингін өткізген еді. Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.
Басқарма басшысының айтуынша, ата-ана берілген ақшаны баланың формасына және кеңсе тауарына жұмсауы тиіс. Сол бойынша өзінің алған чектерін және заттарын көрсетеді.
Акция 15 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қайырымдылық іс-шарасына волонтерлер, кәсіпкерлер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және барлық жанашыр азаматтар қатыса алады. Қайырымдылық акциясы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылады.