Көлік қызметі саласында еңбек ететін, жолаушылар мен жүкті тасымалдайтын қызметкерлердің еңбегі барлық уақытта еленіп келеді. Бүгінде Көлік қызметкерлері күні мерекесі тамыздың бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Айтулы мереке Президент Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелерінің тізбесіне кіреді.
Таяуда осы мерекеге орай Көрме орталығында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті. Оған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов қатысып, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. А.Кәрімов бұл саланың ел экономикасындағы орны мен маңызына тоқталып, қиындығы мен жауапкершілігі мол осынау салада еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, оларға табыс тіледі.
Мерекелік іс-шарада ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың құттықтау хаты оқылып, осы салада тер төгіп жүрген азаматтарға бірқатар марапаттар табысталды. Атап айтқанда, сала мамандары «Құрметті автокөлікші» төсбелгісімен, «Үздік автокөлікші» төсбелгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, қала әкімі мен басқарма басшысының да Алғыс хаттарымен марапатталғандар болды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Мейрамбекұлы жолаушылар тасымалын жандандыру және жолаушылар мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, қоғамдық көліктерді жаңарту ісі алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.
– Қазіргі таңда қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту, жүргізушілердің мәдениетін көтеру мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттарымыз болып саналады. Сондай-ақ, жолаушылар көлігін жаңарту ісі жанданып келеді. Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы қалалық мәслихатпен жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілді. Схемаға сәйкес, 77 маршрутты құрайтын жаңа маршруттық желісі әзірленді. Маршруттық желісімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және 6 айналма маршруттары қаралған, - деді Айдын Мейрамбекұлы.
Оның айтуынша, бүгінгі танда маршруттар толығымен қызмет көрсетуде. Қала аумағындағы, сонымен қатар, шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын алаптар да қоғамдық көлікпен 100 пайыз қамтылған.
Г.БАЖАҚАЙ