Әділеттілік – баршаға ортақ құндылық Избранное

Пятница, 02 Август 2024 06:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 728 раз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады» деген болатын.

Kala

 

Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік желі арқылы азаматтардың адалдығы мен жауапкершілігі, оның ел дамуындағы рөлі жөніндегі ойларымен бөлісті.

Ғабит Әбдімәжитұлы 27 шілдеде «Ордабасы» индустриялық аймағынан шыққан өрт қала тұрғындарын алаңдатып қойғанын айта келіп, төтенше жағдай кезінде барлық жауапты органдар бір мезетте жұмылып, өртті сөндіруге бір адамдай атсалысқанына, ешкім де бей-жай қалмағанына назар аударған. Өрт сөндірушілер мен дәрігерлер, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері шұғыл әрекет еткенін, соның арқасында адам шығыны мен ауыр халге түскендер болмағанын атап өтті. Экологтар тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізіліп, ауадан сынамалар алынғанын, олар алаңдауға негіз жоқ екенін көрсетіп бергенін жеткізген.
Қала әкімі әркім өз ісінің нағыз маманы болса ғана, келген қатерге төтеп бере алатынымызды ескертіп, өртті сөндіруге атсалысқан азаматтарға да, үрейге бой алдырмай, сабыр сақтаған тұрғындарға да алғысын білдірді.
– Әділдік әрбір адамға, әкімге де бірдей қажет, - деп сөзін жалғаған шаһар басшысы әкімдік міндетін мойныма алғалы бері жұмыс жоспарлы түрде атқарылып келе жатқанын атап өткен.
–Басты мәселе – мемлекеттік қызметкерлердің адалдығы мен ашықтығы. Онсыз жұмыс алға жүрмейді. Ел арасында «пара бермесең іс бітпейді» деген түсінік санаға сіңіп қалған. Дегенмен, жүйелі жұмыстың арқасында бүгінгі таңда өз қызметіне құн сұрайтын мемлекеттік қызметкерлер қатарымызда жоқ деп айта аламын. «Әділетті Қазақстан – адал азамат» ұғымын түсінгісі келмегендерді жұмыс барысында құзырлы органдардың алып кеткеніне де куәсіздер. Халықты алдап, мемлекеттің қаражатына қол сұғу, параға сатылу – құлдық сананың белгісі. Бүгінде білім нәріне сусындаған, көздерінде оты бар, намысшыл жастар Сіздердің қолайлы әрі жайлы ортада өмір сүрулеріңізге барынша атсалысып келеді. Шымкент қаласындағы мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндер менің ұстанған позициямды біледі. Тағы да қайталап айтамын, бұдан былай жемқорларға көз жұмып қарау деген болмайды. Біз бұл дертке қоғам болып қарсы тұруға тиіспіз. Біздің бағытымыз «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» қағидасы негізінде болуы қажет. Пара алу да, пара беру де – қылмыс. Бұл мәселе – қатаң бақылауда, - деп жазды Ғ.Сыздықбеков.
Қала әкімі жұмыс істегісі келетін адам мүмкіндік, ал, істегісі келмейтін адам сылтау іздей тінін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласында атқарар шаруа қыруар көп екен.
– Қордаланған күрделі мәселелерді шешу – менің және менің қол астымдағы жауапты қызметкерлердің негізгі жұмысы. Кез келген мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін қаланың әр түкпірін кейде жаяу аралауға тура келеді. Халықтың ортасында болу, тұрғындармен тілдесіп, олардың мәселесін тыңдау – менің міндетім. Бұны көзбояушылық деп қабылдауға болмайды, - деген шаһар басшысы қаланы аралау барысында айтылатын тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері міндетті түрде ескерілетінін, әкімдіктің есігі азаматтар үшін әрқашан ашық екенін айтты.
Ғ.Сыздықбеков Қазақстандағы ең көп саябағы бар қалалардың бірі де бірегейі Шымкент екеніне тоқталып, шаһардың «шырайлы, жасыл қала» деп бекер айтылмайтынын атап өткен.
– Біз қала тұрғындарына, келген қонақтарға жайлы орындар қамтамасыз етуді тоқтатқан жоқпыз. Мысалы, жаңадан салынған «Шымсити саябағы» тұрғындардың көңілінен шықты. Бірақ, көп уақыт өтпей жатып, саябақ қоқыс алаңына айналып кете жаздағанын көріп қайран қалдық. Қазір, әрине, саябақ ретке келтірілді. Бірақ, мәселе бұнымен шешілмейді. «Тазалық – денсаулық кепілі» дейтін сөз бар. Айналамызға, ортамызға, қаламызға өзіміздің жанымыз ашымаса, басқадан қайыр күту бос әурешілік. Қаланың көркеюі, өркендеуі Сіздерге де байланысты. Біз шаһардағы жабайы сауда, заңсыз құрылыспен де қарқынды күресті жалғастыра береміз. Жарық бағандарын әдейі өшіретін бұзақылар, көлікте жүріп темекі тұқылын тастайтын, қоқыс шашатын, шындыққа жанаспайтын түрлі қауесет тарататын өзге пиғылдағылар заң алдында жауап береді. Алайда адамның ішкі мәдениетінің өзгеруімен, біздің өлкеміз де өзгереді. Ең көрікті қала – ол таза қала. Баршаңызды «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді түрде атсалысуға шақырамын, - деп ойын түйіндейді қала әкімі.
Ол алпыс айлалы саясаткер болса да, халықтың қолдауынсыз іс өнбейтінін, билік пен бұқара біріксе ғана ортақ үйіміз – сүйікті қаламызды гүлдендіре алатынымызды айтады. Әкім Шымкенттің халқы қашан да еңбекқорлығымен, қонақжайлығымен ерекшеленіп тұратынын, шаһарымыз 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болғанын еске салады. Сөйтіп, Мемлекет басшысы барша шымкенттіктерді Ұлттық құрылтайда айтқан бес кесел: есірткі, лудомания, зорлық-зомбылық, вандализм мен ысырапшылдыққа қарсы бірге күресуге шақырады.