Шымкент қалалық ҚХА, этномәдени бірлестік мүшелері, кәсіпкерлер екі күннің ішінде қаланың екі бұрышынан арнайы бекет ашып, 20 тоннаға жуық көмек жинады. Атап айтқанда, азық-түлік өнімдері, киім-кешек, тұрмыстық химия, гигиеналық заттар, жалпы соммасы 10 млн. теңгеден асатын гуманитарлық көмек ұйымдастырылды.
– Еліміздегі жағдайға байланысты қалалық ҚХА жанынан арнайы штаб жұмыс істеп жатыр. Гуманитарлық көмекке қаладағы барлық этномәдени бірлестіктер атсалысты. Мемлекет басшысы да жағдайға байланысты Үндеуін жариялады. Біздің күшіміз – бірлікте! Қиындықты баршамыз бірлесе еңсереміз, – деді Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нышанбаев.
Жоба аясында «Ассамблея жастары» ұйымы, еріктілер мен ҚХА-ның белсенді мүшелері су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арнайы көмек көрсетеді.
Бүгінгі таңда көмек қорын қабылдайтын екі орталық «нон-стоп» режимде жұмыс істеп тұр.
Біріншісі, ҚХА Достық үйі базасында, Желтоқсан 9/4;
Екіншісі, «Арай» ЖШС аумағында, Тассай ықшам ауданы, 226, 353 квартал.
Айта кетейік, Шымкент қаласының әрбір тұрғыны көрсетілген мекен-жайларға азық-түлік, киім-кешек және өзге де тұтынуға қажетті заттарды өткізе алады.