ЖАЙЛЫ ОРТАДА ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЖАЙҚАЛАР Избранное

Пятница, 12 Январь 2024 04:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 612 раз

Республикалық маңызы бар қаладағы 500-ден астам магистральді көшеге 100 мыңнан аса ағаш отырғызылып, оннан аса ірі көше абаттандырылған. Бұл Шымкент қаласын көгалдандыру бағытында өткен жылы атқарылған жұмыстың бір бөлігі ғана. Биыл да көгалдандыру мен абаттандыру барысында атқарылатын жұмыс жалғаса бермек.

jasil

 

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында шымкенттіктер шаһардағы абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы белсенді атқарылған жұмыстың куәсі болды. Ғ.Іляев көшесі, Сайрам көшесінің сыра зауытына қарсы беті, Қ.Рысқұлбеков көшесінің «Абай» саябағы маңы. Бұл да ұзынсонар тізімнің бір бөлігі. Қала көшелерінде, әуелі қылқан жапырақты, сосын биіктігі 2 метрден асатын жас қарағайлар мен арша көшеттері пайда болды. Әлі діңі қатаймаған көшеттерді жел сындырып кетпеу үшін арқанмен жан-жағынан бекітілген.
Қала көшелеріне қылқан жапырақты көшеттер отырғызылғанда қарсылық білдірген шымкенттіктер де болды. Кінәлаушылар тарапы «тағы да шырша отырғызды, оның түк пайдасы жоқ. Жазда салқын самалы мен саясын да көрмейсің. Тіпті, бізді климатта қылқан жапырақтылар жақсы өспейді. Одан да саясы кең шынар мен емен отырғызса болмас па еді?!Олар жазы ыстық біздің климатқа жақсы өседі, көлеңкесі мен салқын самалы да керемет» дегенді алға тартты, Алайда, мамандардың да мұндай біржақты пікірге қарсы уәжі бар. Олардың айтуынша, қылқан жапырақты өскіндердің тұрғындар айтқан кемшіліктермен қатар өзіне тән ерекшеліктері, артықшылықтары да бар. Оның басты кемшілігі – қылқан жапырақтылар біздің жазы ыстық аумақты жерсінбейді. Діңі қатайып, бекігенше бұл ағаштар ерекше күтімді қажет етеді.

jasil-1


– Осыдан 10-15 жыл бұрын Желтоқсан көшесінің Байтұрсынов пен Қонаев гүлзарына дейінгі бөлігіне 42 түп қылқан жапырақты көшет отырғызылып, оның екеуі ғана қалғанын көргенбіз. Осыған ұқсас жағдай педагогикалық институт аумағына отырғызғанда да кездесті. Мәселен, қылқан жапырақты көшеттердің басты ерекшелігі сол, ағаш маңындағы аумақты жыл сайын абаттандыруды қажет етпейді. Сондай-ақ, күзде жапырағы түспейді. Миллионнан астам тұрғыны бар қала үшін күздің әр күнінде қурап-шіріген жапырақты жинап, қала көшелерін ластамауын қадағалаудың өзі ауқымды жұмыс. Ал, қарағай тұқымдасына жататын ағаштардың кейбір түрі 3 жылда, кейбірі
5 жылда бір қылқанын жаңартады. Осындай жағдайдың өзінде қылқандарды тазалау мен қоқыс шығару қиындық туғызбайды. Қылқан жапырақты өскіндерге қатысты ерекше атап өтетін жайт, микробқа қарсы қасиеті бар биологиялық белсенді зат – фитонцидтер, зиянды бактериялармен күресетін бактерицидтер түзеді. Ағаштардың бұл қасиеті қала ауасын тазартудағы үлесі мол екенін дәлелдей түседі. Бір ғана кемшілігі – Шымкент сияқты ыстық аймақта саялы көлеңкесінің аздығы. Иә, жапырақты ағаштардың көшеті тез алып кететінін де жоққа шығармаймыз. Мәселен, ұсақ жапырақты қарағаш көшетін отырғызатын болсақ, оның 99 пайызы өсіп кетеді. Жазы ыстық біздің климат үшін өте қолайлы. Алайда, сырт көрінісі көгалдандыру үшін сондай жағымды емес екенін де ескеру керек. Оны күзеп-түзеп, бұталарын қырқып, пішін беріп, әспеттеп қоямыз. Көшетті отырғызылғаннан кейінгі алғашқы жартыжылдықта күтіп, суарып тұрсаңыз, ары қарай суды да көп қажет етпейді, - дейді биолог Алина Соловьева.
Жаңа жыл басталғалы абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп отыр. Қала көшелерінен жас көшеттерден бөлек, автокөліктегі шағын су бұрғылау қондырғыларын байқап жүрміз. Олар жердің қатты қабатын бұрғылау арқылы су қабатына жетуге мүмкіндік береді. Ғ.Іляев көшесінің Бәйдібек биден Дулати көшесіне дейінгі аралығында су ұңғымасын бұрғылау жұмысы жүргізілуде. Даусы гүрілдеген бұрғылау қондырғысы ұңғымадан лайлы су шығарды. Екі жұмысшы қондырғы маңында бақылап жүрді.

jasil-2


– Бүгінде қала бойынша 5 бұрғылау көлігі су ұңғымасын жасап жатыр. Олар – Байтұрсынов көшесінде, Қонаев гүлзарында, Қабанбай батыр даңғылы мен МЖК, Қазығұрт шағын аудандарында. Осы су ұңғымаларының көмегімен жаздың аптап ыстығында көшеттер мен шымды суаратын боламыз. Шамамен, екі аптаға жуық уақытта жұмыс толығымен аяқталады, – дейді су ұңғымасын бұрғылау шебері Жұмабек Бәйдібек.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, шаһарды абаттандыру мен көгалдандыру жұмысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асып отыр. 2023 жылдың күзінде қаладағы 10 көше абаттандырылған. Сонымен қатар, 444 магистральді көшеге 106 мың ағаш көшеті отырғызылған. Жасыл желекті күтіп-баптау үшін 110 су ұңғымасы бұрғыланып, арнайы суғару жүйесі жүргізілген.
– Ағаш отырғызу, су ұңғымасын қазу, абаттандыру жұмыстары жекеменшік серіктестердің инвестициясына атқарылып жатыр. Яғни, бұл мақсатта мемлекеттен қаржы қарастырылмайды. Бүгінде қаланың абаттандыру жұмысына атсалысып жүрген 5 серіктес компания бар. Олардың қатарында Абай ауданы бойынша «Kaz Stroi Capital LTD» ЖШС, Еңбекші ауданында «Группа Интеко» ЖШС, Қаратау ауданында «Жасыл Жер Шымкент» ЖШС тұрақты жұмыс жүргізіп және қажетті мамандарды жұмылдырып келеді. Жұмыс әлі де жалғасын табады. Мысалы, көктемде 100 түп көшет отырғызылуы тиіс.
Былтыр биіктігі 3-4 метрлік жапырақты ағаштар және 3 метрден басталатын қылқан жапырақты ағаштың көшеттері отырғызылды. Бұл көшеттер жергілікті жердің климатына бейімделіп, Алматы мен Шымкенттің тұқымбақтарында өсірілді. Олардың тамырын зақымдамау үшін түбіндегі топырағымен бірге әкелінді. Тәжірибеге сәйкес, мұндай әдіспен отырғызылған көшеттердің өсуі шамамен 100 пайызды құрайды, – деп Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Әуесбек Опабек шаһардың абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы жұмыс жоспарымен бөлісті.
Шенеуніктердің бастамасын биолог Алина Соловьева да қолдап отыр. Оның айтуынша, қарағай тұқымдас ағаштарды қыс мезгілінде көшеттеу жақсы нәтиже береді. Ең бастысы, олардың күтімі мен топырақтың құнарлылығына мән беру керек екен.
– Тәуке хан даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысында көпжылдық, тұқымы таза қарағайлар өсіп тұр. Бүгінгі келбеті мен аңқыған иісінен-ақ олардың бабы жақсы болғанын біле аласыз. Сол күйге жеткізу үшін кемі 3-5 жыл аралығында жақсы күтіп-баптау керек. Тек діңінен суғарып қоймай, ыстық күндері суды үстінен сеуіп тұрған абзал. Алайда, суды күн ысыған кезде емес, таңертең күн ысымай тұрып немесе кешқұрым аптап басылған соң себу керек. Себебі, күн ысыған кезде себілген судың пайдасынан зияны көп. Салдарынан өскінді күйік шалуы мүмкін. Аптап ыстықта күн сәулесінің тікелей түсуінен қорғап, қалқалаған дұрыс. Сондай-ақ, кез-келген жас көшетті, мейлі ол жапырақты, мейлі қылқан жапырақты болсын, алғашқыда 3-4 күн сайын қандырып суғарған дұрыс. Алайда, суғару кезінде топырақ құрамы мен ауа температурасына да мән беру керек. Қала тұрғыны ретінде мен де саялы ағаштардың көп болғанын ұнатамын. Бірақ, қылқан жапырақты ағаштарсыз Шымкенттің келбеті миллион тұрғыны бар мегаполис атауына сай келмейтінін де ескеру керек. Қаланың салтанаты мен келбеті сай болу үшін әрнәрсені шегімен қолданған жөн деп есептеймін, – дейді биолог.
Иә, Шымкентке «Оңтүстік өңірдің ең жасыл қаласы» атауын қайта иемдену үшін мүмкіндік көп. Тек жергілікті билік пен қала тұрғындары бірлесіп, абаттандыруға қатысты әр бастамаға қолдау көрсете білсе болғаны. Шымкенттіктердің есінде болар, мәселен, ертеректе мектеп оқушылары қараағаштың тұқымын жинап, қаланың абаттандыру қызметіне өткізетін. Олар жол жағасына трактормен жүйек жүргізіп, қарағаш тұқымын сеуіп, топырақпен жауып кететін. Есесіне, әр жылы көктемде жаңа көшеттер пайда болып, көгалдандыру бағдарламасы жүзеге асушы еді.

З.КЕНБАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.