Зейнет жасындағы азаматтар кезекке тұру үшін бұған дейін қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына арнайы баратын еді. Тізім де басқармада сақталатын. Мәліметке сүйенсек, жыл сайын шипажайларда ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтініш түседі. Былтырдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды.
Жалпы, қалада 89 926 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 Ұлы Отан соғысы ардагері мен 1 950 тыл еңбеккері бар. Зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуда қалада үш «Белсенді ұзақ өмір орталығы» қызмет көрсетуде. Өткен жылы қарттардың игілігі үшін сыйымдылығы 70 адамды құрайтын «Ізетті зейнеткер» атауымен шипажай ашылды. Демалушылар үшін ғимаратта арнайы электромагнитті терапия бөлмесі, дәрілік шөп тұнбалары ұсынылатын фито бар, сумен емдеу орталықтары – бассейн мен фитобочка (шөп буына булау), кітапхана, мәжіліс залы, заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген ем-шара бөлмелері қарастырылған.