ӘЛЕУМЕТТІК АЗЫҚ-ТҮЛІК БЕЛГІЛЕНГЕН БАҒАДА САТЫЛАДЫ Избранное

Среда, 27 Сентябрь 2023 05:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 176 раз

Шымкентте халық тұтынатын, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры жеткілікті. Дистрибьютерлік компаниялардың қоймаларынан азық-түлік өнімдері тұрақты бағада әрі жеткілікті көлемде босатылып жатыр.

274

 

Шымкент қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты етіп ұстап отыру мақсатында 6 ірі дистрибьютерлік компаниямен алдын ала келісім жасалған. Келісімге сәйкес, бұл компаниялар қаланы әлеуметтік маңызы бар өнімдермен үздіксіз қамтамасыз етіп отырады әрі белгіленген уақытқа дейін бағаны тұрақты етіп ұстайды.
БАҚ өкілдері аталған компаниялардың қоймаларын аралап, мониторинг жүргізу арқылы азық-түлік қорының жеткілікті екеніне және бағаның бұрынғыдан өзгермегеніне көз жеткізді.
Солардың бірі — «Мейр-Трейд Distribution Company» компаниясы. Бұл компания Шымкент қаласына азық- түлік өнімдерін еліміздің өзге өңірлерінен және шет елдерден алдырады. Компания басшысы қоймада азық-түлік қоры жеткілікті, маңызды деген әлеуметтік азық-түліктердің бағасы тұрақты екенін айтады.
—Біздің қоймамыздың аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Қоймамызда ұн, қант, макарон, жарма, өсімдік майы, тұз секілді өнімдердің қоры жеткілікті. Бізден босатылатын өнімдердің бағасында ешқандай өзгеріс жоқ. Бағаны қымбаттатуға ешқандай негіз көріп отырған жоқпыз, – дейді компания директоры Сергей Югай. Бұл компанияның қоймасында 1500 тонна ұн мен 1 000 тонна қанат бар.
Мұнан кейін журналистер «Тұрар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диірменінде болып, ұн өндіру барысымен танысты.
—Біз бидайды мемлекет бекіткен бағамен, яғни, 95 теңгеден алып, әлеуметтік ұнның келісін 145 теңгеден сатып жатырмыз. Шымкент қаласы бойынша 30 нүктеге күнделікті ұн жеткізіп береміз, — деді аталған компанияның өкілі Мұхаммеджан Халидов.

276


Айта кетейік, қазір «Тұрар» компаниясының қорында 2 мың тонна әлеуметтік ұн бар.
Бұдан бөлек БАҚ өкілдері жеке кәсіпкер Колесниковтың қоймасында болды. Мұнда 2300 тонна қант қоры бар екен.
Бүгінгі таңда, жеңілдетілген бағамен сатылатын ұнның 3 000 тонна, ал, қанттың 2500 тонналық қоры бар. Одан бөлек, дистрибьютерлер мен тауар өндірушілерде 15 000 тонна ұн, 8 000 тонна қант қоры бар.Қаладағы ұн және қант бағасы қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Ірі сауда орындарында да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты. GraMad сауда орталығында нан – 90 теңге, құмшекер – 409 теңгеден сатылып жатыр.
Қалада бірінші қажетті азық-түлік тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар сауда желілері, жергілікті тауар өндірушілермен келісімдер жасалған. «ГраМад» сауда желісінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар белгіленген бағада сатылуда. Мәселен, арзандатылған тауарлар қатарында нан – 90 теңге, шекер – 409 теңге, ас тұзы 48 теңге, ұнның бір келісі 165 теңге деп белгіленген. Жалпы қалада 24 «ГраМад», 31 «Магнум» сауда желісінде тауарлардың әлеуметтік бағасы бекітілген.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы
Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, бірінші қажетті азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты бақылауда. Азық-түлік қоры жеткілікті. Жергілікті кәсіпкерлермен 1 жылға келісімшарт түзіліп, оларға айналым қарыз қаражаты берілген. Комиссия шешімімен әр тоқсан сайын нарықтағы бағалар зерделенеді. Басқарма басшысы тұрғындардың бағаға байланысты алаңдауына еш негіз жоқ екенін атап өтті.

А.ҚҰЛЖАНОВ
Т.ҚАСЫМОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.