Үй жағдайында консервіленген өнім несімен қауіпті? Избранное

Среда, 23 Август 2023 07:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 836 раз

«Қыстың қамын – жаз ойла» – демекші  әр отбасында әйелдер жаз, күз мезгілінде  көкөністерден, жеміс-жидектерден  әртүрлі тосап, салат, тұздықтар жасап қыс қамына кіріседі. Бұл тағамдар қыста көзді қуантып, дәмді азық болғанымен, дайындалу барысында қауіпсіздік ережелері дұрыс сақталмаса, ботулизм ауруын тудыруы мүмкін.

145

 

Мамандардың айтуынша, ботулизм ауруының 90 пайызы үй жағдайында дайындалған саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс, ет, балық консервілерінен, тұздалған, ысталған балық, шұжық, сүрленген шошқа етін пайдаланғаннан болады. Яғни технологиялық ереже сақталмай дайындалған әр түрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда орын алады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші қауіпті дерттің алдын қалай алуға болады? Ботулизмнің белгілері қандай? Үй жағдайында консервілеу кезінде қандай техникалық талаптар сақталуы тиіс? Осы және өзге де сауалдарға Шымкент қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов жауап берді.
– Ботулизм Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы зат яғни токсинмен бүлінген, ластанған тамақтан жұғады. Токсин – органикалық улардың ең күштілерінің бірі, адам үшін қауіпті мөлшері болып 0,035 мг токсин саналады. Физикалық және химиялық факторлардың әсеріне төзімді, 10-20 минут қайнатқанда бұзылады. Ол натрий хлориді концентрациясы көп ортада жақсы сақталады. Ботулизмнің қоздырғышы адамның, жануарлардың, балықтардың ішек жолдарында, топырақта, көңде, жеміс-жидекте, жем-шөпте, мал азықтарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Консервіленген тағамда CI.botulinum микроорганизмі өсіп, жетілген кезде банкінің беті мен түбі ісінеді, осының салдарынан қақпағы көтеріледі. Ал, аурудың негізгі белгілері 2-12 сағат аралығында байқала бастайды. Науқас адамның басы ауырып, әлсірейді, лоқсып құсады. Жүрегі тоқтап қалғандай болып, ауызы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады. Неврологиялық белгілер көздің қарашығы ұлғайып, алдында тұрған зат қосарланып көрінеді, науқастың жұтынуы қиындап, бірте-бірте дауысынан айрылады,– дейді А. Ахметов.
Аурудың мұндай белгілерін байқаған жағдайда дереу дәрігер көмегіне жүгіну қажет. Науқасқа уақытылы дәрігерлік көмек көрсетілмесе, аз уақытта өлімге алып келеді. Мамандар қолдағы бар дәрі-дәрмектерді ішіп, үй жағдайында емделуге болмайды, емі тек ботулотоксинге қарсы сарысудың уақытылы егілуі, дейді.
Бұл қауіпті инфекцияның алдын алу үшін үй жағдайында консервілеу барысында, сондай-ақ жеміс-жидектерді тұтынуда тазалық пен тұтыну ережелерін сақтау маңызды.
– Санитарлық тазалықты ұстану, тамақ өнімдерін консервілеуде технологиялық процесті қатаң қадағалау, консервіленген өнімдерді жылы, ыстық орындарда сақтамау. Сауда обьектілерінен үй жағдайында дайындалған консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс, салат, ет, балық өнімдерін сатып алмау қажет. Консервіленген өнімдерді пайдалану алдында қақпағы ісінген, бұлыңғыр түсті өнімдерді пайдаланбау. Сонымен қатар, егер ботулизм ауруы қоғамдық тамақтандыру немесе сауда объектілерімен байланысты орын алса, уәкілетті органмен қылмыстық іс қозғалады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425 бабы 2-ші тармағына сәйкес адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соққан әрекет орын алған жағдайда жеке тұлғаларға – екі жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – үш жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – төрт жүз АЕК мөлшерінде айыппұл салынады,–деді А.Ахметов.
Айта кетейік, Шымкентте ботулизммен ауырған науқас биылдыққа тіркелмеген. Ал, 2022 жылы қалада 1 жағдай тіркеліпті. Әйткенмен, сақтықта қорлық жоқ демекші науқан кезінде тазалық сақтықты ұмытпай, маман ұсынған кеңестерді ұстанып жүрген жөн.


Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.