КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ Избранное

Среда, 02 Август 2023 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 792 раз

Шаһарда шағынаудандар мен тұрғын алаптардың инфрақұрылымын жақсартуда құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жұмыстары қаланы дамытудың жоспары аясында жүріп жатыр. Бұдан бөлек, тұрғындардың қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесулерінде көтерілген мәселелер де дер кезінде шешімін тауып жатыр. Сондай кездесудің бірі Қызылсай тұрғын алабында өткен болатын. Онда тұрғындар жол мәселесін көтерген.

711

 

Нәтижесінде өзекті мәселе қала әкімінің бекіткен іс-шаралар жоспарына еніп, маусым айының басынан бері аталған тұрғын алапта қала орталығына қатынайтын тура жолдың құрылысы жүргізілуде. Мұрат Дүйсенбекұлы Қызылсай тұрғын алабындағы жол құрылысына барып, жұмыстың жай-күйімен танысты.
Салынып жатқан теміржол асты өткелінің құрылысына жалпы 10 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, жер жұмыстары және инженерлік желілерді қайта орнату іске асырылуда.
–Қала орталығына бару үшін бұрын айналып өтетін жолмен жүретінбіз. Ауа-райы қолайсыз мезгілдерде жедел жәрдемнің қатынауы өте қиын еді. Тұрғын алабымыздың осы жол мәселесі қолға алынғанына қуаныштымыз. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Біз үшін бұл қуанышты жаңалық», – дейді тұрғындар.
Теміржол асты өткелінің құрылысы аяқталған соң, жол сапасын жақсарту жұмыстары күтіп тұр. Құрылыс толық аяқталғанда тұрғындар қалаға тиімді қатынауы және қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік алады.
Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан елді мекендердің қатарында – Мирас, Шапағат-2 шағынаудандары да бар. Елді мекендерге канализациялық желілерді тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге қос елді мекенге барып, құрылыс қарқынын қадағалады. Аталған аймақтарда кәріздік желілерді жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2020 жылы сараптамалық қорытынды алынған болатын.
Құрылысқа 30 адам, 7 арнайы техника жұмылдырылған. Өндірістік кестеге сай құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Мирас-Шапағат-2 нысанында жоспар бойынша жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізіледі. Осыған дейін жұмыстардың 85 пайызы аяқталған. М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс сапасын назарға алып, абоненттерді орталықтандырылған желіге қосуды жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
Биыл Тассай, Тұран, Қайтпас-2, 112- орам, Бозарық шағынаудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60 -тан 65 пайызға артатын болады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.