Есесі қайтпас еңбек жоқ

Среда, 31 Май 2023 03:14 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 394 раз

enbek-jok 1

Қала әкімінің шаһар аумағындағы инфрақұрылым жүйелерін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында аулаларды абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі Досбол Есілбек аумақты дамыту мақсатында атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы ақпаратымен бөлісті.

200 мыңнан аса тұрғыны бар Еңбекші ауданында орналасқан 283 көп қабатты тұрғын үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бүгінде 39 көп қабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылуда. Оның ішінде 26 аулада балалар алаңшасының құрылысы аяқталып, мердігерлерден қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр 75 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, 11 жеке секторға кешенді балалар ойын алаңшасы салынған. Биыл 7 кешенді спорт алаңы соғылуда.

– Жалпы бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың келісімімен жасалып жатқан іс. Нысандардың құрылыс жұмыстары бақылауға алынып, сапасы мен уақытылы пайдалануға берілуін қадағалап отырмыз. Сонымен қатар, әр алаңшаның техникалық жай-күйіне талдау жасайтын қадағалаушы мамандар тартылған. Олар алаңша құрылысы басталғаннан бастап, аяқталғанға дейін сапасын бақылайды, – дейді инфрақұрылым бөлімінің басшысы Еркебұлан Қаратүнов.

Қарабастауға қарашада су беріледі

Қаланың өндірістік аумағы болып саналатын Еңбекші ауданында биылғы жылы инфрақұрылым жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер шешімін таппақ. Осы мақсатта ауданның жаңа құрылыс аумағы мен Сайрам ауданынан қала құрамына енген елді мекендерге басымдық берілуде.

Еңбекші ауданы халқының бүгінде 96,5 пайызы жарықты мемлекеттік трансформаторлардан алады. Ал, қалған 2,5 пайызы жекенің жарығымен отырса, 1 пайызы мүлдем қамтылмаған жаңа құрылыс аумағында тұрады. Осы орайда, Тұрдыабад, Абдуллабад, Еламан, Тоғыс, Бадам, Бадам-1, Маятас, Қарабастау, Айнатас, Оңтүстік тұрғын алаптарының жаңа қоныстарына біріккен жоба жасалып, нәтижесінде, 2321 үй сапалы жарық пайдаланып отыр.

Жыл соңына дейін ауданның сапалы электр қуатымен қамтылу көрсеткіші 99,8 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Ал, таза ауыз судың деңгейі 94,5 пайызды құрап отыр. Дәл қазіргі таңда, 6 елді мекенде құрылыс жүруде. Олар қалаға қосылған 6 елді мекеннің (3,4%) жаңақұрылыс аймақтары. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізеді. Қазіргі таңда Қарабастау тұрғын алабының жаңақұрылыс аймағында құрылыс жұмыстарының біршамасы аяқталып, қазан-қараша айларында толық аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, көгілдір отын мәселесін толықтай шешу 2025 жылға дейінгі жоспарға енгізілген.

– Жаңа құрылыста тағы бір шешімін күтіп тұрған іс – газ құбырын тарту. Табиғи газбен қамту бойынша жобалық-смета құжаты әзірленіп жатыр. 2024-2025 жылдардың жоспарына енгізіп, халықты сапалы газбен қамтамасыз етеміз деген сенімдеміз, – дейді аудан әкімі Досбол Есілбек.

 

Елтайда жаңа мектеп

enbek-jok 2

Аудандағы тағы бр жағымды жаңалық – білім нысандарының санының артуы. Елтай елді мекенінде жергілікті кәсіпкер мемлекеттің қолдауымен мектеп ашып, сапалы білім беруді қолға алған. Оның айғағы – елді мекендегі «Alash school» жекеменшік мектебі. Онда сапалы білім, саналы тәрбие алу үшін барлық жағдай жасалған. 600 орынға шақталған ғимаратта 500 бала оқиды. Мұнда физика, химия, информатика кабинеттері заманауи құрылғылармжабдықталыпты. Ал, қатынап оқитын оқушылар үшін арнайы автобус қарастырылған.

Бұрын елді мекенде бастауыш мектеп қана болған. Балалар Бауыржан Момышұлы атындағы№120 орта білім беретін мектепте оқып келген. Оқушылардың айтуынша, «Alash school» жекеменшік мектебінде білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе түрлі үйірмелерге тегін қатысып, жан-жақты дамуға мүмкіндік көп дейді. Сонымен қатар спорттық ойындарға да кең зал қарастырылған.

– Мектебімізде 40 мұғалім сабақ береді. Барлығы жоғары білікті, өз ісінің мамандары. Бұрын бастауыштан кейін жан-жаққа қатынап оқуға мәжбүр болатын балалар, ауыл тұрғындары да осындай замануаи мектептің өз ауылдарынан ашылғанына қуанышты. Елді мекендегі бала санының артуына байланысты мектеп ғимараты жанынан қосымша ғимарат салынуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша зерделеу жұмысы жүріп жатыр, – дейді білім ұясының директорының орынбасары Жанат Жолтайқызы.

Айта кетейік, «Alash school» жекеменшік мектебін биыл 21 оқушы тәмәмдайды екен. Оның ішінде бір алтын белгі үміткері бар.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.