ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАНЫҢ ИГІЛІГІ МОЛ Избранное

Среда, 03 Май 2023 05:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2021 раз

Шымкент халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і өткен жылды қорытындылап, жеткен жетістіктері мен атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді. Мекеменің бас директоры Анарбек Орманның есебін көпқабатты тұрғын үйдің төрағалары, қала мәслихатының депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері және Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшылығы тыңдады.

864

 

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС – мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберінде қызмет көрсету нарығында 25 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Бүгінде мекеме қаладағы миллионнан астам халық пен Түркістан облысындағы Сайрам ауданын шаруашылық ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етіп қана қоймай, сарқынды суларды толық тазарту қызметтерін де көрсетеді. Тазарған сулар ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылады.

А.Орманның айтуынша, 2009 жылдан бастап Халықаралық қаржы ұйымы – Еуропалық Қайта Құру және Даму банкінен (ЕҚДБ) инвестиция тартылғаннан кейін мекемеде су жүйелерін жаңғырту, қайта құру жұмыстары қарқын алған.
— ЕҚДБ-мен 2009 жылы 13 жыл мерзімге жылдық 5,5 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен жалпы сомасы 18,74 млрд теңгеге 6 келісім-шартқа қол қойылған. Қаржының 15,4 млрд теңгесін жаңа жобаларды жүзеге асыру жолында игерілді. Біздің кәсіпорын кредиттік талаптардың барлығын сапалы әрі өз уақытында орындап, қазір алған қаражаттың 13,2 млрд теңгесі қайтарылды. Сонымен қоса, ҚР Үкіметі, ЕҚДБ және «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і арасындағы үш жақты шарт негізінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 4,6 млрд. теңге субсидия бөлді, - деді Анарбек Орман.
Мекеменің жалпы меншікті қоры 55,5 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде 381 су арнасы, 4759 суды есепке алу жиынтығы, тұтынушыларға ауыз су жеткізіп отырған 1 929,6 шақырым су желісі, 463,1 шақырым кәріз жүйесі мен коллекторлар бар. Одан бөлек, тәулігіне 150 текше метр сарқынды суларды тазалайтын имарат пен сарқынды судан алынған тұнбаны қайта өңдеу арқылы биогаз негізінде жылына 3,5 млн кВт электр энергиясын өндіретін цех жұмыс істейді.

851


— Сарқынды судың қалдығынан биогаз өндіру жобасы Орта Азияда тек Қазақстанда, оның ішінде Шымкент қаласында ғана жүзеге асырылып жатыр. Осы бірегей жобаның нәтижесінде мекемеміз қолданып отырған электр энергияның 70 пайызын өзімізде, яғни биогаздан өндіріп жатырмыз. Табысты жобаларды жүзеге асырудың арқасында инвестиция тарту ісі қарқынды жүруде. 2022 жылдың өзінде мекемеге 2,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл қаржы 6 бағыт негізінде жұмсалып, көзделген меже толығымен орындалды. Атап айтқанда, 87,4 млн теңгеге 11 су қабылдау мен сорғы ғимараты салынып, 168,9 млн теңгесіне 16 нысанның құрылысы жүргізілді. Сондай-ақ, 1,3 млрд теңге 28 653 шақырым су құбырының құрылысына, 163,7 млн теңгесіне 4 628 шақырым кәріз желісі, 376,6 млн теңгесі кәріз жүйесін тазарту мен жаңғырту үшін 10 нысан салуға жұмсалса, заманауи технологияларды енгізуге 292 млн теңге жұмсалды,-деді Анарбек Оңғарұлы.
Шымкенттіктерге таза ауыз су қала аумағындағы 5 су арнасынан келеді. Осы инфрақұрылым нысандарда ҚР заңдарында көрсетілген «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» талаптарын орындау үшін 2020 жылдан бастап берік қоршаулар тұрғызылыпты. Мекеме басшысы мұны ел ішінде қандай жағдай болмасын халықты ауыз сусыз қалдырмау мақсатында жасалды деп түсіндірді.
Шымкент қаласының жер бедері әр түрлі. Бір аумағы ойлы-сайлы болса, тағы бір жері тым биік. Мұндай теңсіздік су тарату жүйесіне де әсер етері анық. Осы олқылықтың орнын жою мақсатында инвестициялық жобаның «Ғимараттар мен құрылыстар» атты бағыты аясында 21 дана қысым реттегіш құрылғысы орнатылған. Құрылғының көмегімен су қысымдарын реттеп, ол апатты жағдайды жою шығынын азайтады. Ал, «Су құбыры желілерін қайта жаңарту» бағытында Көмешбұлақ су арнасындағы 1978 жылы салынған темір құбырлар жаңасына ауыстырылған.
— Материалы темірден болған құбырдың қызмет ету мерзімі 25 жыл. Уақыт өте темір табиғи эрозияға ұшырап, апатты болдырумен бірге, судың сапасына да әсер етері анық. Тозығы жеткен құбырдан соңғы жылдары 4 ірі апатты жағдай орын алды. 2022 жылы инвестициялық жоба шеңберінде 550 миллиметр өлшемдегі 650 метр жаңа құбыр салынғаннан кейін бірде-бір апатты жағдай орын алған жоқ. Сонымен бірге, Еңбекші ауданындағы Жібек жолы көшесінде 1970 жылы салынған темір құбыр жаңасына ауысты. Қаратау ауданындағы Бабашұлы көшесіндегі су құбырлары 1990 жылы пайдалануға берілген. 2022 жылға дейін осы көшедегі су жүйесінен 13 апатты жағдай орын алыпты. Бұл жерге де 3 мың метрге жаңа құбыр тартылды. «Кәріз желілерін қайта құру» жобасында Сасбұқаев көшесі бойымен Балдырған көшесінен Жібек жолы көшесіне дейін салынған кәріз құбыры ауыстырылды. Құбыр 1970 жылы салынғандықтан 92 пайызы тозып, іші лай мен шлакқа толып қалыпты, - деді су арнасының басшысы.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Шымкенттегі «Су ресурстары-маркетингі» мекемесінде де сәтті жүзеге асырылған. Елді мекендердің ішкі орам көшелеріндегі құбырлардың жағдайын, судың қысымын қашықтан бақылайтын 1063 дана LPWAN және LoRaWAN құрылғылары орнатылыпты.
–Халыққа жеткізіліп жатқан ауыз су зарарсыздандырудан кейін санитарлық-экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді. Суды өндірістік бақылау ҚР ДСМ 20.02.2023 жылғы №26 санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес, күнделікті қаладағы 111 бақылау нүктесінен сынама алынып, зертханалық талдау бөлімінде судың құрамына 44 түрлі (жалпы физикалық-химиялық, органолептикалық, бактериологиялық және паразитологиялық, радиологиялық, органикалық және басқа су параметрлері) талдау жүргізіледі. Зертханалық талдау нәтижесі талапқа сай келмесе, сынама алынған орында су беруді уақытша тоқтатып, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Жалпы, тұрғындар тұтынатын ауыз судың сапасы қатаң бақылауға алынған.
Сумен жабдықтау және су жүйелеріне салынған инвестициялардың нәтижесі көңіл көншітерлік. Жаңа жобаларды жүзеге асыруға дейінгі техникалық шығындар табыстың 38,1 пайызды құраса, бүгінде 17,52 пайызға төмендеген. Бір текше метр суды өндіруде 0,87 кВт электр энергиясы жұмсалудың орнын цифрландыру жүйелері 0,6 кВт-қа төмендеткен. Заманауи жабдықтар бір адамға судың тәулік бойы тұтынудың орташа көрсеткішіне де әсер етіпті. Мәселен, 15 жыл бұрын бір адамға тәулігіне 456 литр су жұмсалса, бүгінде бұл 125 литрге төмендеп отыр. Су құбырларының тозу деңгейіне де инвестициялық жобалар оң нәтижесін берген. Қаладағы су жеткізетін құбырлардың тозуы 68 пайыздан 49-ға төмендепті. Биогаз арқылы электр энергиясын өндірісін де тіпті жаңалық деп айтуға болады. Қазіргі таңда мекеме тұтынатын электрдің 70 пайызын, құбырларды тазарту кезінде жұмсалатын электр энергияның 95 пайызы осы биогаздан өндіріп отыр. Ал, кәріз жүйелерінің бітелу, тозу секілді апатты деңгейі 6 пайыздан 2,4-ке түскен.

850


— Еліміздің өзге өңір мен қалаларында су мен кәріз шаруашылығында қызмет ететін мамандарды салыстырғанда жер мен көктей айырмашылықты көреміз. Алматы қаласында 2 млн-нан астам халыққа 4500 су шаруашылық маманы қызмет етеді. Астанада 1,3 млн тұрғынға 1984, Қарағанды қаласында 500 мыңнан астам халыққа 1819 су шаруашылығының қызметкерлері қызмет көрсетеді. Шымкентте 1,1 млн тұрғынға небәрі 1025 адам қызмет көрсетіп жатыр. Мұндай жетістікке заманауи технологияны, цифрландыру жүйесін тиімді қолданудың арқасында жетіп жатырмыз. Қаламыздағы тұтынушылардың 70,6 пайыздан астамы бір адамға айына 268 теңгеден төлейді. Бұл халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысының 0,19 пайызын құрайды, -деді «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесінің бас директоры А.Орман.
«Су ресурстары-Маркетинг» мекемесі еліміздегі сумен жабдықтау және су бұру бойынша ең ірі қазақстандық оператор болғандықтан өзге өңірлер мен көрші елдерден тәжірибе үйренуге мамандар жиі келеді екен. Ал, мекеменің 2023-2026 жылға дейінгі жоспарлары айқын. Оңың ішінде 13,7 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл қаржыға биогаз және табиғи газ негізінде жылына 5,0 млн.кВт электр энергиясын өндіру, 41,3 шақырым су құбыры мен 5,6 шақырым кәріз желілерін қайта құру, «Ақылды есептегіштерді» орната отырып, заңды тұлғалардың суды есепке алуды толық автоматтандыру, су құбырының тозу дәрежесін 46,6 пайызға және кәріздің тозуын 76,9 пайызға дейін төмендету жоспарларын жүзеге асырмақ.