Қала әкімінің айтуынша, Шымкент қаласында биылғы жылдың 10 айында экономиканың негізгі салаларында өсім байқалған.
–Мәселен, макроэкономикалық көрсеткіштерге қарайтын болсақ, биылғы жылдың 10 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 750,3 млрд. теңгеге жетіп, 6 пайызға өсті. Ал, инвестиция көлемі 18 пайызға, құрылыс жұмыстары 39 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 26 пайызға, бөлшек сауда көлемі 12 пайызға артты. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде экономикаға тартылған инвестиция көлемі тұрақты түрде артып келеді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Өткен 4 жылдың ішінде қала экономикасына 1,5 трилиион теңге инвестиция тартылған болса, алдағы бесжылдықта 6 триллион инвестиция тарту жоспарланған. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін нақты жоспар жасалған. Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімдіктің басты мақсаты.
–Қаланың өндірістік потенциялы негізінен 5 өндірістік алаңда шоғырланған. Онда 345,8 млрд.теңгеге 237 инвестициялық жоба іске асырылып, 14 мыңнан аса жұмыс орындары ашылды. Соның ішінде биыл ашылған алюминий банкілерін шығаратын Орта Азияда теңдесі жоқ зауытты атап өтуге болады, – деді М.Әйтенов.
Бүгінде жұмыс істеп тұрған өндірістік алаңдар 90 пайызға толған. Осыған орай қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен жаңадан 4 өндірістік аумақ құрылуда. Жалпы ауданы 749 гектарды құрайтын бұл индустриалды аймақтарда 121 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл 11 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді екен.
–Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сауда-логистика орталығын кеңейте отырып, еліміздің бүкіл оңтүстік бөлігі үшін өңірлік хабты құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осынау аса маңызды жобаны іске асыруды биыл қолға алдық, 2027 жылға дейін аяқтаймыз деген жоспар бар. Аталған аймақта барлығы 86 миллиард теңгеге 20 жоба іске асады, – деді шаһар басшысы.
Әкімнің сөзіне сүйенсек, Шымкентте бизнесмендердің іскерлік белсенділігі тұрақты түрде артып келеді. Мемлекет бұл секторға ауқымды қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының аясында 9,4 миллиард теңге қаржы қарастырылып, бүгінде 7,1 миллиард теңгеге 3 592 жобаға қолдау көрсетілген. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аясында 81 жобаға 3,5 миллиард теңгенің қолдауы көрсетілген.
–Мемлекеттік бағдарламаларға қоса өңірлік деңгейде қабылданған «Іскер қала» бағдарламасы қазірдің өзінде оң нәтиже беріп жатыр. Биыл бұл бағдарламаға жергілікті бюджеттен 944 миллион теңге бағытталған. Соның ішінде қазіргі таңға дейін 556,1 миллион теңгеге 62 жоба қаржыландырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкенттегі белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 104 мыңнан асып, былтырғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға көбейді. Бұл сала қаланың жалпы ішкі өніміннің 41 пайыз құрап отыр, – деді М.Әйтенов.
Әкімдік жұмысының басты мақсаттарының бірі – азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту. Жергілікті билік сол арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайтуды көздейді екен. Сол үшін биыл Шымкент қаласында барлығы 58 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланыпты. Ресми деректе биылғы жылдың 10 айында осындай шараларға 52 700 адам қатысқан екен.
Осы бағыттағы жұмыстар халықтың нақты табысының артуына әсер еткен. Нәтижесінде Шымкент қаласында мемлекеттік әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың саны 69 пайызға азайған көрінеді. Сөйтіп, 1 миллион 100 мыңдай тұрғыны бар Шымкентте атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 15 600 отбасы ғана қалыпты. Одан бөлек мүгедектігі бар жандарға қолдау көрсету үшін бюджеттен бөлінетін қаржының мөлшері 2021 жылмен салыстырғанда 65 пайызға көбейіп, 6 миллиардқа жетіпті.
Сонымен қатар Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласында білім беру мен денсаулық сақтау салалары да орнықты дамып келе жатқандығын тілге тиек етті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте 2025 жылға дейін 101 мектеп салу жоспарланған болса, соңғы 2 жылдың өзінде 24 754 орынды 59 мектеп пайдалануға берілді. Соның ішінде былтыр шаһарда 25 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 48 мектептің құрылысы жүргізілген. Жыл басынан бері 37 мектеп пайдалануға беріліпті. Оның төртеуі мемлекеттік білім беру ұйымдары екен. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке азайған. Жалпы, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 дейін 38 мыңға жуық орынды 25 мектепті пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
–«Балалар жылына» орай қалада бірқатар маңызды шаралар қолға алынды. 105 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары көп жылдан бері алғаш рет тегін ыстық тамақпен қамтылса, 58 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы берілді. Сонымен қатар қала бойынша балалардың үйірмелермен қамту көрсеткіші жан басына қаржыландыру есебінен 45 пайыздан 75 пайызға жетті. Бүгінгі таңда шаһарда «Оқушылар сарайы», «Балалар шығармашылық мектебі», балаларға арналған 157 ойын алаңы мен 40 спорт алаңша құрылысы жүргізілуде, – деді шаһар басшысы.
Мұнан бөлек қала әкімі сессия барысында Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын дамыту, емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын және дәрігерлердің біліктілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды да баяндап өтті.
–Денсаулық сақтау саласындағы басты мақсат – медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Бүгінде қалада жан басына қаржыландыру жүйесі оң нәтижесін беруде. Мәселен, соңғы 4 жылда 214 мың адамға қызмет көрсететін 10 жеке емхана ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 20 пайызға азайды. Соңғы 3 жылда жергілікті бюджеттен денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 14 миллиард теңге бөлініп, қамту көрсеткіші 79 пайызға жетіп отыр, – деді М.Әйтенов.
Оның айтуынша, қалада жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетілуде. Атап айтқанда, жеке инвесторлардың есебінен қатерлі ісік ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтары бар ядролық медицина орталығы ашылды. Шымкенттегі емдеу мекемелерінде жүрекке 402, бүйрекке 12 және бауырға 5 операция жасалған.
Қала әкімі халықтың әл-ауқатын арттыру үшін әкімдік тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне де баса назар аударылғанын айтты. Өткен жылы пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі алғаш рет 1 миллион шаршы метрден асқан. Ал, биыл 2022 жылы 1 миллион 60 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 8 922 отбасы баспаналы болады.
–Биылғы жылдың 27 қыркүйегінде Президент Шымкент қаласында іс-сапар барысында, қала басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды. Олардың ішінде ең бастысы – өңдірісті дамыту, сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасау. Қала дамуының жоғары қарқынына және халық санына байланысты бас жоспарды өзектендіру, тұрғын үй құрылысын дамыту, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде тапсырмалар берілді. Барлық тапсырмаларды іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға мүмкіндік береді және оның тұрғындары үшін тұрудың жайлылық деңгейін арттырады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Оның айтуынша, бұл тапсырмалар тек қаладағы проблемалық мәселелер мен қажеттіліктерге негізделген. Атап айтқанда, қаланың бірқатар шағын аудандарына инженерлік инфрақұрылым қажет, әлеуметтік тұрғын үйге деген қажеттілік жоғары, әлеуметтік сала объектілері – мектеп, аурухана, басқа да мәселелер бар. Әкімдік бұл мәселелерді түбегейлі шешу үшін депутаттық корпуспен, жұртшылықпен бірлесіп жұмыс істейтін болады.
Шындығында, билік пен бұқара бірлесіп, жұдырықтай жұмыла жұмыс істесе, шешімін таппайтын мәселе болмайтыны ақиқат.