Еліміздегі экологиялық ахуалды жақсартуды мақсат тұтқан құжат төрт негізгі бағыттан тұрады. Біріншісі «Таза Қазақстан» деп аталады. Ол атмосфералық ауа сапасын жақсарту, өндірістік және тұрмыстық қалдықты басқару және еліміздегі су көздерінің тазалығын сақтау секілді міндеттерді қамтиды. Екіншісі «Үнемді Қазақстан» деп аталған. Бұл жерде табиғи ресурстарды тұрақты әрі тиімді пайдалануға мән берілген. Мұндағы әңгіме су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендету жөнінде екен. Ал «Табиғат» бағытының мақсаты – биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Төртінші бағыт «Экология болашағы» деп аталады. Онда халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға арналған іс-шаралар кешені қамтылған.
Біздіңше, мұның ішінде
Шымкент секілді ірі қалаларға тікелей қатыстысы – бірінші бағыт. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, «Таза Қазақстан» бағыты атмосфералық ауаның ластануын азайтуды және қалдықты басқару жүйесін жетілдіруді көздейді. Ал миллионнан астам халқы бар шаһар үшін тұрғындардың тыныс алатын ауасының таза болуы да, қоқысты жинау, сұрыптау мен өңдеу жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі де төтенше маңызға ие. Сол себепті ұлттық жобада ауа сапасы нашар 10 қала мен 16 ірі кәсіпорындағы зиянды қалдық шығару мөлшерін 5 жылдың ішінде 20 пайызға төмендету жоспарланған. Сол қалалардың бірі, әрине, Шымкент екені түсінікті.
Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі таратқан ресми деректерге сүйенер болсақ, еліміздегі үшінші мегаполис – Шымкент қаласындағы экологиялық сипаттағы проблемаларды шешіп, атмосфералық ауаның сапасын жақсартып, сол арқылы шаһардағы 1 миллион 100 мыңнан астам халықтың денсаулық жағдайы мен өмір сүру деңгейін жақсарту үшін ведомство жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып арнайы жол картасын әзірлеп шыққан. Ресми деректерге жүгінер болсақ, бұл жол картасында 29 түрлі бағыт мен нақты іс-шаралар қамтылған. Қазірдің өзінде олардың оны орындалып отыр. Бұл туралы жуырда Шымкентке іссапармен келген ҚР Экология министрі Серікқали
Брекешев тұрғындармен кездесуінде айтқан болатын.
– Шымкент қаласының экология ахуалын жақсартуға арналған жол картасында 29 іс-шара қамтылған болса, соның оны орындалды. Мәселен, қоғамдық көліктердің басым көпшілігі газға көшкен. Тұрғындарды табиғи газбен және кәріз жүйесімен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ауаны ең ірі ластаушы болып саналатын
Шымкент мұнай өңдеу зауыты толық модернизациядан өтіп, өндіріске қоршаған ортаны қорғайтын технологиялар енгізілді. Мұның бәрі қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға көмектеседі, — деді С.Брекешов.
Шымкент қаласындағы атмосфералық ауаны ірі ластаушылардың бірі – «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнай өңдеу зауыты. Бірақ, қазіргі уақытта бұл зауыт толық жаңғыртудан өткен. Атап айтқанда, ауаға бөлінетін зиянды қалдықты тазарту құрылғалары мен сүзгілері жаңартылған. Мұнан басқа да қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені іске асырылған. Мәселен, күкірт өндірісі құрылғысы пайдалануға берілген. Нәтижесінде, бір жағынан, атмосфераға зиянды заттардың шығару деңгейі барынша төмендеген болса, екінші жағынан, өндірілетін өнімнің сапасы артып, ол К-4 және К-5 (Евро-4 және Евро-5 халықаралық стандарттарына балама) халықаралық экологиялық стандарттарына сәйкестендірілген.
Мұнан бөлек жол картасының аясында Шымкент қаласындағы ағаштар мен жасыл екпелерді паспорттау жүргізілді. Яғни, арнайы электронды бағдарлама қаладағы барлық ағаш пен бұтаны қамтып, олардың санын ғана емес, жасын, түрі мен қазіргі қалпын да есепке алып шықты. Енді 2025 жылға дейін жасыл белдеу көлемін 21 544 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін Шымкент қаласының аумағына жалпы саны 6,5 миллион ағаш пен бұта егіледі.
Сонымен қатар кең таралған пайдалы қазбалардың карьерлерін өңдеу кезінде бұзылған 3 кен орнының жерлері қалпына келтірілді.
Шымкент қаласының жеке тұрғын үй секторларын газдандыру жұмыстары жалғасуда. Жыл басындағы жағдай бойынша Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 8-і табиғи газға қосылмаған болса, тағы 31-і көгілдір отынмен жартылай ғана қамтылған еді. Осы мәселені шешу мақсатында биыл 15 нысанда құрылыс жүрді. Жыл соңына дейін Шымкеттегі Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран (2 кезең) және Сәуле сынды 8 елді мекенге табиғи газ жеткізіледі. Мұнан бөлек Ақтас магистралды газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын.
Мәселен, Тұран шағынауданын газдандыру жұмыстары өткен жылы басталып, құрылыстың бірінші кезеңі мәресіне жеткен. Ал биылдың басынан бері қарай ішкі орамдық құбырлар жүргізілуде. Шағынауданды газдандыру жұмыстары аяқталған кезде 2 500-ден астам абонент немесе 10 мыңға жуық адам табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады. Жалпы, биыл атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылуға мүмкіндік алады. Осылайша жыл соңына қарай Шымкент қаласы тұрғындарының табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 93 пайыздан 94,7 пайызға дейін артады. Сондай-ақ, бүгінде қаладағы қоғамдық көліктер сығымдалған газға кезең-кезеңімен көшіріліп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл қаладағы ауаны ластайтын зиянды қалдықтың азаюына ықпал етеді.
Мұнан бөлек Шымкент қаласының кейбір шағынаудандарында жеке үй құрылыстарында орталықтандырылған кәріз жүйесінің болмауына байланысты тұрмыстық шайынды су шұңқырларға төгіліп, бұл жағдай қаланың жер асты суының ластануына әкеп соқтыруда. Осыған байланысты экология министрлігі жергілікті әкімдікке жұмыс істеп тұрған кәріздік тазарту құрылғыларынан бөлек, қаланың шалғай аудандарында тазарту құрылыстарын салу мәселесін зерттеу жөнінде ұсыныс жолдаған.
Экология үшін тағы бір маңызды бағыт – қалдықты басқару. Ресми деректер бойынша, Шымкент қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу үлесі биылғы 9 айда 26,7 пайызды құраған. Бұл республиканың орташа көрсеткішіне (24%) қарағанда жоғары. Сонымен қатар космомониторингтің көмегімен 45 заңсыз қоқыс орны анықталған. Алайда, әкімдіктің ақпараты бойынша олар толығымен жойылған.
Экология министрлігі аталған мәселелерді шешу үшін әкімдікке өңірдегі коммуналды қалдықты басқару жағдайы туралы халықты хабардар ете отырып, шағын және орта бизнес субъектілерін коммуналды қалдықты жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласына белсенді түрде тарту туралы ұсыныс жолдапты. Сонымен қатар кешенді жұмыс үшін әкімдікке коммуналды қалдықты басқару бағдарламасын әзірлеп, бекіту туралы да ұсыныс жасалған.
Қорыта айтқанда «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы Шымкент қаласында ойдағыдай іске асып жатыр. Бүгінде ластаушы заттар шығарындыларының лимиттерін өзгерту бойынша жобалық материалдар келісіліп жатыр. Бұл жұмыс ойдағыдай нәтижемен аяқталса, сүйікті қаламыздың экологиялық ахуалы тұрақтала түспек.