Шымкент-тік дәрігерлер шала туылған үшемнің өмірін аман алып қалды. Бұл сәбилер Оңтүстікте биыл алғаш дүниеге келген үшемдер.
16 қаңтарда сайрамдық 20 жастағы Гузал Нурмимова ауыр халде қаламыздағы №2 перинаталдық орталыққа келіп түседі. Ақ халаттылардың біліктілігінің арқасында жүкті әйел үш сәбиін дүниеге аман-сау алып келеді. Небәрі 1,5 салмақпен туылған нәрестелер орталықтағы дәрігерлердің қатаң бақылауының және күтімінің арқасында бір жарым айда 1 келіден салмақ қосыпты.
– Шақалақтар мерзімінен бұрын дүниеге келді. Өкпелері дұрыс дамымағандықтан үшеуі бірдей жасанды таныс алу аппаратына жатқызылды. Қазір анасы мен балалардың денсаулығы өте жақсы. Осы уақыт аралығында жас анаға емізу және мерзімінен туған балаларды қалай күту қажеттігін үйреттік,– дейді бөлім меңгерушісі Гүлнара Сапиева.
Алғаш рет ана атанған Гузал Нурмимова дәрігерлердің жанкешті еңбектері үшін алғысын білдірді. Күндіз-түні жанымыздан табылып, саулығымызды бақылауда ұстап, бар көмегін аямады, дейді үшемдердің анасы. Қазір Зухра, Захра, Хасан палатаға анасының жанына шығарылған, олардың өміріне еш қауіп жоқ.
Гузал үшемдерін бауырына басып, кеше отбасының ортасына келді.