«Айсәуле» – сұлулық сиқыры

Среда, 24 Май 2017 06:38 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6850 раз

Қыз-келіншектер үшін бет сұлулығы мен сымбатын сақтау маңызды. Жасыратыны жоқ, бет күтімі үшін әйелдер қауымы қаражатын аямайды. Шетелден келетін брендті сатып алуға құмар. Кез келген сауда орталықтарында шетелдік косметикалық тауарлардан көз сүрінеді. Алайда бұл салада соңғы жылдары отандық «Айсәуле» компаниясының өнімдері шығарыла бастады. Қазір шымкенттік ғалым Айсәуле Мұсаеваның өнімдеріне сұраныс жоғары.

aisaule

«Айсәуле» отандық нарыққа 5 жыл бұрын келді. Бұған дейін елімізде бірлі-жарым компания болмаса, өзімізде косметика өнімдері өндірілген емес. Идея авторы білім мен ғылым саласында еңбек ете жүріп, Оңтүстіктегі өсімдік пен дәрілік шикізаттарды зерттейді. Жас келген сайын әйелдің бет күтімі – өзекті мәселе. Ал әдемі болу әйелге тән қасиет. Кез келген нәзік жанды жасарудың құпиясын білуден жалықпайды. 

– Көптеген әйелге тән косметикаға деген сезімталдық менде де болды. Терім құрғақ болғандықтан, крем жаға бермейтінмін. Осы мәселе қатты толғандыратын еді. Ізденіп жүріп, өсімдіктерден өнім жасап көрдім. Себебі, бет терісіне арналған кремдер мен түрлі ылғалдатқыш қоспалардың адам өмір сүретін климатқа қарай бейімделетінін көпшілік біле бермейді. Ал косметикалық тауар өндіретін шетелдік компаниялардың бұл талапты ескермейтіні мәлім. Бұл теріге жақсы әсер бере қоймайды. Мәселен, Жапония, Қытай, Корея елдері өзге мемлекеттердің өнімдерін пайдаланбайды. Өздерінде косметикалық тауарлар жеткілікті. Біздің Оңтүстікте де емдік шөптер қоры мол. Неге қажетке жаратпасқа деп шештім, – дейді Айсәуле Мұсаева.

aisaule-2

Көп уақыт өтпей ғалым ғажап маска жасап шығарады. Түрлі шөптер мен дәнді дақылдардан байытылған өнім қыз-келіншектердің үлкен қолдауына ие болады. Сұраныстар мен ұсыныстар көптеп түсе бастайды. Сіңлісі Зәуремен бірге, отандық косметиканы шығаруды жолға қояды. 2012 жылдың қараша айынан бастап, жұмыс істеп келеді. Ғалымның инновациялық жобасы Үкімет тарапынан қолдауға ие болғанын айта кеткен жөн. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік грантты жеңіп алады. Содан отандық «Айсәуле» косметикасын өндіретін өндірістің технологиялық желісі құрылды.

Шетелдік косметикамен бәсекелесе алатын ерекше және қолжетімді косметика дайындау осылай қолға алынады. Бүгінде бет, тері күтіміне арналған алуан өнімдер тұтынушыларды қуантып келеді. Өйткені барлық өнімдер термиялық өңдеусіз дайындалғандықтан, бетке қажетті макро және микро элементтер жақсы сақталады. Ал маска және кремдер тері ағартатын, сергітетін, дақтармен күресетін қасиетке ие. Бүгінде Айсәуленің өндірістік технологиялар желісінде 15-ке жуық маска, крем, сусабын мен фито шайлар дайындалады. Сонымен бiрге, шашқа ерекше әр беретiн, қоректендіретін сусабындар да шығарылуда. Шаштың түсуiне қарсы арнайы маска да бар. www.aisaule.kz сайтында «Айсәуле» өнiмдерi туралы тұтынушылардың жылы лебiздерi жетерлiк. Мұнан отандық косметиканы қолданушылар қатарының көп екенін аңғаруға болады.

Бүгінде зертхана заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қазір мұнда 5 адам жұмыс істейді. Идея авторының айтуынша, мамандар қыз-келіншектерге қажетті кремдерді дайындауда аянып жатқан жоқ. Қазіргі таңда отандық өнімге сұраныс Шымкенттен ғана емес, республикамыздың түпкір-түпкірінен келіп түседі. Себебі, халық шетелдік косметикадан отандық өнімнің пайдалы екенін түсіне бастады. 

Saule-Musaeva– Елімізде кәсіпкерлерге бизнес жасауға мүмкіндік мол. Оған қолдау да, қаражат та жетеді. Тек ізденіс пен еңбек қажет. Елбасымыз айтқандай, «Өз игілігің үшін еңбек етсең, халықтың да игілігі артады». Кәсіпкерлерге айтарым, бизнес жасау үшін қолыңда өз өнімің болу керек. Кәсібіңді алдын ала жоспарлап алған дұрыс. Еңбек, алда мақсат болғанда жұмысың алға басады. Қорқыныштан арылып, біліміңді күн сайын жетілдірген жөн. Халықтың талабына сай еңбек ету басты ұстанымың болсын. Қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болу кәсібіңді алға өрлетеді. Өнімнің әрі қарай таратылуына жарнаманың маңызы зор. Бағаны тұрақты ұстап, есесіне өнім түрлерін көбейткен дұрыс – дейді Айсәуле Мұсаева. 

Алдағы уақытта Айсәуле апай өндірістің шеңберін кеңейтуді, жұмысшылардың санын арттыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ тауар құтыларын, дизайнын жаңарту күн тәртібіндегі шаруа. Шымкенттен «Айсәуле – табиғи отандық косметика» брендімен дүкен ашып, оның санын Қазақстандағы басқа қалаларда да көбейту де алдағы күннің еншісінде.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.