Бегім, Сырым және Сезім
№2 қалалық перзентханада наурыздың 30-ы күні жас ана сәбилерін аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алған.
26 жастағы Жансұлу Есенәлиеваның үшемге дейін үш баласы болған. Жас келіншектің қуанышында шек жоқ. Сәбилерге Бегім, Сырым және Сезім деп ат қойған әкесі мен әулетінің туыстары да бөркін аспанға атып қуануда. Үшемнің әкесі Әбдісамат Исахметов әр қазақтың үйіне осындай той болсын деп тілегін жеткізді.
Нәрестелердің 2-еуі – ұл (2 кг), 1-еуі – қыз (1,8 кг).
– Қазақ бір бала туса, қуанады. Ал үш бала туғанда үш есе қуанады. Шымкент жұртшылығы да шат-шадыман, мәз-мейрам көңіл күйде, – дейді №2 Шымкент қалалық перзентхананың бас дәрігері Эльмира Қожахметова.
Айта кетейік, №2 Шымкент қалалық перзентханасында өткен үш айдың ішінде 2200 сәби дүние есігін ашқан. Есенәлиевтердің үшемдері биылғы өмірге келген алғашқы үшем.