×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Зардап шеккендерге жәрдем көрсетілуде Избранное

Среда, 11 Январь 2017 04:57 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4328 раз

Шымкент қаласында жеке тұрғын үйдегі газ-ауа қосындысы салдарынан 2 қабатты жеке тұрғын үйде жарылыс болды.Оқыс оқиға кезінде бір адам опырылып құлаған үйінді астында қалып, көз жұмды. Құтқарушылар қиранды топырақтың арасынан тағы төрт адамды шығарып алған.

Оқиға орнына жедел келіп жеткен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті БАҚ өкілдеріне зардап шеккен отбасылар үшін материалдық көмек көрсетілетінін, қосымша әлеуметтік қорғау шаралары қарастырылатынын айтты. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрылған. Сондай-ақ, қайтыс болған отбасы мүшесі үшін қажетті жәрдем көрсетілетін болады. 

Оқыс жағдай 8 қаңтарда шамамен түнгі сағат 03.30-да Шымкент қаласында Халықтар достығы көшесінде орналасқан екіқабатты үйлердің бірінде орын алған. Апаттық-құтқару жұмыстарына ОҚО ТЖ департаменті, жедел-құтқару жасағы, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары және жедел медициналық қызметінің мамандары жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары сол маңды дереу қоршауға алып, коммуналдық мекеме қызметкерлері көгілдір отын мен электр энергиясын ажыратты. 

Құлаған үй туралы хабарламаны ести салысымен бірінші боп жедел жәрдем қызметінің 13 бригада дәрігерлері келіп жетті. Құтқарушылардың келуін күтпей-ақ, олар оқиға орнында жылаған дауысы шығып жатқан сәбиді үйінді астынан шығарып алған. Құтқару жұмыстарына дәрігер Михаил Явров, Тахир Османов пен Ғалым Айтуғанов есімді фельдшерлер қатысқан. Бүлдіршіннің денесі қауіпті жарақат алмай, қирандының астынан аман шығуына бесіктің көмегі тиген, – дейді қалалық жедел жәрдем көрсету қызметі мекемесінің меңгерушісі Үрия Қалназарова.

Кешікпей оның 1987 жылы туған әкесі табылып, жедел медициналық жәрдем көрсетілді. Өкініштісі, құтқарушылар нәрестенің анасын ажалдан арашалап қала алмады. Жалпы үйінді астында бес адам қалған. Жәбірленушілер жер үйдің жанынан салынған қос қабатты шағын үйді жалдап тұрған көрінеді. Ауруханаға жеткізілген 3 адамның біреуі медициналық жәрдемнің көмегінен бас тартқан. Медицина қызметкерлері ем қабылдап жатқан өзге жандардың денсаулық жағдайы тұрақты екенін айтады.

Сала мамандары апаттың негізгі шығу себебі ретінде, табиғи газ қондырғыларының дұрыс пайдаланылмағанын болжап отыр. Тазалау жұмыстарын жүргізу барысында үйінді астынан қазіргі таңда кеңінен қолданысқа ие болып отырған Иранның «Камен» аталатын құрылғысының, сонымен қатар, электр тоғына жалғанатын құрылғылардың қалдықтары анықталған. Ендігі істің мән-жайы арнайы құрылған комиссияның зерделеу жұмыстарынан соң нақтыланбақ.


P.S. Биылғы жылу маусымында өңірде осындай келеңсіздіктердің 35 дерегі тіркеліпті. Салдарынан 91 адам зардап шеккен. Оның 34-і қайтыс болды. Өкінішке қарай, жекелеген көрсеткіштер бойынша бұл деректер өткен жылу маусымымен салыстырғанда, бірнеше есеге артқан.

Последнее изменение Среда, 11 Январь 2017 12:28