Қазақтың дастарханы – бірліктің дәнекері Избранное

Среда, 16 Ноябрь 2016 06:47 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 17338 раз

Қазақтың дастарханы халқымыздың пейілі сияқты кең. Үйіне келген қонақты құтқа балаған дархан мінезі ұсынған асынан-ақ аңғарылып тұрады. Қорасындағы соңғы қойын сойса да, біздің қазақ қазан көтеріп ет асады. Құдайы қонағын да құшақ жая қарсы алып, «бұйырған ас екен» деп барын алдына тосуы тек қазаққа тән қонақжайлылық.

DSC 5349

Әйтсе де, берекелі, мерекелі дастарханды қазақтан кем жаймайтын ұлт өкілдері бар. Олар – Қазақстанда туып, өсіп-өнген этнос өкілдері.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Шымкент қаласының «Оңтүстік» қабылдау үйінде «Қазақ дастарханы» атты фестивалін өтті. Фестиваль облыстағы 20 этномəдени бірлестік ет асудан сынға түсті. 

Мұндай іс-шара өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Мұратəлі Қалмұратов бұл шараны дәстүрге айналдырсақ деген ойын жасырмады. 

20161111 114726

– Бүгінгі іс-шараға облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, «Аналар кеңесінің» құрамы, дін өкілдері мен белгілі спорт саңлақтары, облыстық ҚХА құрылымдарының жетекшілері, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері, аудан, қала делегациялары мен БАҚ өкілдері қатысып отыр. Былтырғы ет асу сайысында ардагер абыздар төрелік жасаған болса, биыл екінші рет ұйымдастырылған фестивальда кәнігі мамандар, кәсіби аспазшылар қазылық жасайтын болады. 

Бір дастархан басында дөңгеленіп отырған дәмдес адамдардың достық қарым-қатынасы артады. Шараның мақсаты да сол, жеңімпазды анықтау емес, барша этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру. Елдегі ынтымақ пен татулықты нығайту, – деді ол.

«Қазақ дастарханы» дегенді қалай түсінетінін, 20 түрлі этнос өкілдері өз деңгейінде көрсете білді. Олардың ішінен үздігін анықтау да оңай емес. Дегенмен, қазылар алқасы дәмді аспен бірге қазақы салт-сананы да бойына сіңірген этнос өкілдерінің барлығын сый-құрметке лайық деп таныды.

DSC 5269

Этностар арасындағы ет асудың шеберін анықтауда төрелік жасаған Мархабат Байғұт астың атауына ерекше тоқталып өтті.

– Етті «Бешбармақ» деп атау қате ұғым. Өйткені, адамда екі ғана бармақ болады. Қазақтың дастарханы қандай кең болса, тілі де бай, әр саусақтың аты бар. Қонақты құрметтеу бізге тән болғанымен ұлттық астың атын өзгертіп, әр тілге бейімдей беруге де болмайды. «Ет асайық», «Ас дайын» дейміз біз. Сол «Ет асу», «Ас» деген дұрыс атауды қайта қалыптастыру қажет, – деді ол.

Тамаша асты тарту еткен этнос өкілдерінің арасында бас жүлдеге тағайындалған 200 000 теңгені иран этномәдени бірлестігі иемденді.

DSC 5249– Ет асудан бақ сынауға біз қашан да дайынбыз. Өйткені, осы елде туып-өстік. Үйімізде апта сайын ет асып жеуді біз де үрдіске айналдырғанбыз. Осыдан біраз бұрын Ирандағы туыстарыма қонаққа бардым. Оларда жеміс-жидекті, ас-ауқатты, әр тағамды бөлек-бөлек береді. Кейін олар бізге қонақ болып келгенде дәл бүгінгідей «қазақы дастарханымызды» жайдық. Сонда туыстарым молынан жайылған дастарханға қарап «ойпырмай, сен біздің үйде аш жүрген екенсің ғой» деп әзілдегені бар, – дейді этнобірлестік төрағасы Капар-Пур Нурсбек.

Елдегі ынтымақ пен татулық көрініс тапқан қазақы дастархан басында бас қосқан фестиваль қорытындысында І орынды ұйғыр этномәдени бірлестігі иеленіп, 150 000 теңгені қанжығасына байлады. Ал «Ынтымақ» мәдени орталығы мен облыстық түрік этномәдени бірлестігіне жүлделі ІІ орын бұйырып, 100 000 теңгеден қаржылай сыйлықтарға ие болды. ІІІ орынға үш бірдей 80 мың теңге сыйақыны Қырғыз, өзбек, татар-башқұрт этномәдени бірлестіктері алды. Бұдан бөлек, фестивальға қатысып, белсенділік танытқан грузин, армян, неміс, қарақалпақ, шешен-ингуш, славян, корей, грек, күрді, тәжік сынды түрлі этнос өкілдері ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс хатымен» және 20 000 теңге көлемінде ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Достық ниет пен мерекелік игі шарадан марқайып қайтқан қонақтардың қатарында Арыс қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері де болды. Оларды биылдан бастап облыстық
Қазақстан халқы Ассамблеясы қамқорлығына алған болатын.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.