Үнемдеу игілікке бастайды

Пятница, 21 Октябрь 2016 06:17 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4436 раз

Бүгінде энергияны үнемді пайдалану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуға баса назар аударылып отыр. Энерготиімділікті арттыру арқылы қаланың инженерлік жүйелерін дамытып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік болар еді. Шымкентте бұл мақсатта ПИК (пәтер иелері кооперативі) құру, диодты шамдарды пайдалану, күн сәулесінен энергия өндіру сынды жобалар қолға алынғаны белгілі. Шымкент қаласы әкімдігі мен БҰҰ Даму бағдарламасы бұл мақсатта меморандум түзген. Жобалары ауқымды, көздеген межелердің салмағы ауыр.

ШЫМҚАЛАДА БІРҚАТАР ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

DSC 0133

Елімізде БҰҰДБ мен ҚР Үкіметі 2015-2019 жылдарға арналған «Төменкөміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» жобасын іске асыруды бастаған. Жобаның бюджеті мынадай: БҰҰДБ арқылы – 1, 06 млн, ҚР Үкіметінен – 30,8 млн, басқа қаржы көздерінен – 33,4 млн АҚШ доллар қаражат тартылмақ. Ауқымды шара ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті, ҚР Энергетика министрлігі, Жергілікті мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдар арқылы бірлесе жүзеге аспақ.
Шымкентте БҰҰДБ өкілдері екі күндік семинар өткізіп, осы жоба барысымен таныстырды.
Бүгінде әлем елдері су, электр қуаты, басқа да табиғат байлықты тиімді пайдалануға шақырады.
– Шымкентте көпқабатты үйлерді басқару жүйесі әлі толық шешілмеген. Сіздерде тек үй комитеттері ғана жұмыс істейді. Ендігі мәселе – ПИК немесе басқарушы компания құру. Инвесторлар үй комитеттерімен меморандум жасай алмайды. Өйткені, олардың заңды құқықтары жоқ. Инвесторлар ПИК арқылы ғана келісімге келіп, жобаны әрі қарай дамыта алады. Біздің негізгі мақсатымыз да осы – адамдардың сана-сезімін өзгерту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына инвесторлар тарту, – дейді жоба менеджері Александр Белый.
Шымкентте қараша айында осы мақсатта бірінші халықаралық конференция ұйымдастырылып, әлемдік тәжірибелер ортаға салынбақ.

МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫ ҮНЕМДЕЛДІ

Сәт санап энергияның құны қымбаттап жатқан кезең. Ендеше, мұндай жағдайда қалай үнемдей аламыз? БҰҰДБ жобаларының сарапшысы Айман Шопаева семинар барысында осы мәселелер жөнінде кеңірек баяндап берді.

DSC 0157

Энергияны үнемдеудің жолы – автоматтандырылған жылу энергиясын реттеу құрылғыларын орнату. Сонда ғана, коммуналдық төлемдердің мөлшері азаймақ.
– Біз Астана қаласындағы №25 мектепте тәжірибемізді жасап көрдік. Еуропалық банктің қаржыландыруымен мектепте энерготиіміділік бойынша терезелер толығымен ауыстырылды. Және автоматтандырылған жылу реттегіш қойылды. Нәтижесі мынадай: бір жылу маусымында 668 мың теңге үнемделгенін байқадық. Яғни, отыз пайызға жуық мемлекеттің қаржысы үнемделді, – дейді сарапшы.
Сол себепті бүгінде Шымкентте де инвестициялық бағдарлама есебінен жылу есептегіш құралдары орнатылып жатыр. Жалпы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына инвесторларды тарту қиын шаруа. Дегенмен, оның түрлі механизмдерін тауып, іске асыруға болады. Мәселен, соның бір механизмі – инвестор өзінің ақшасына жабдықтарды орнатып, кейін өтелген үнем нәтижесінде өзінің салған қаражатын қайтарып алу мүмкіндігі, – дейді сарапшы.

МӘСЕЛЕНІ ШЕШУДІҢ ЖОЛЫ – ПИК ҚҰРУ

БҰҰ-ГЭФ (жаһандық экономикалық қор) Даму бағдарламасы қала әкімдігімен бірлесе ПИК-тер құруды қолға алған. Қала әкімі жыл соңына дейін пәтер иелері кооперативтерін құруға тапсырма берген еді. Бұл салаға инвесторларды тарту үшін де ПИК-тер құрылуы тиіс.
ПИК құру арқылы жылу энергиясына төлеген қаржы да мақсатты жұмсалады. Яғни, автоматтандырылған есептеу құрылғы арқылы үнемделген қаржы ПИК-ке аударылады. Ал ПИК бұл қаржыны үйдің шатырын, кіреберістерін жөндеуге, жарық шамдарын ауыстыруға жұмсайды.
Қазір қалада электр энергиясын тиімді пайдалану бойынша да біраз жұмыстар қолға алынды. Талдау жұмыстары көрсеткендей, бүгінде диодты шамдарды қолдану 40 пайызға жетіпті. Ал қыздыру шамдары 25 пайызға дейін төмендеген. Диодты шамдардың игілігі көп: энергияны үнемдейді әрі жарықты мол береді.
Қазір Шымкент қаласының көшелеріне осындай диодты шамдар қойылып жатқаны мәлім. Егер әрбір қала тұрғыны үйлерінде диодтық шамдарды пайдаланып, электр қуатымен жұмыс істейтін тұрмыстық заттарды уақытылы қосып, өшірсе, біраз қаражатын үнемдеуге мүмкіндігі болар еді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.