ОҢДЫ ІСТЕРІ МОЛ ОҢТҮСТІК Избранное

Среда, 22 Февраль 2017 04:18 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5652 раз

Облыс әкімі Ж. Түймебаев халық алдында есеп берді

Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылы экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстар бойынша Жансейіт Түймебаев халық алдында есеп берді. «Түркістан» сарайында өткен есепті кездесуде әкім алдағы бес жылда іске асырылатын жұмыс жоспарларымен де бөлісті.

Өңір басшысының халық алдындағы жылдық есебі биыл алғаш рет онлайн режимде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ontustik.gov.kz сайтынан көрсетіліп, үш миллионға жуық халқы бар күнгей тұрғындарын қамтыды.

Өнеркәсіп өнімінің  көлемі – 776, 8 млрд теңге

Есепті кездесуге жергілікті тұрғындармен қатар ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы М.Имандосов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Бектаев пен Қ. Айтаханов қатысты.

Өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған өңір басшысы өнеркәсіп саласында 776, 8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2015 жылмен салыстырғанда 4,4 %-ға артқанын айтты. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада 3 орынды иеленіп отыр. Ал Шымкент қаласы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 326 970, 4 млн теңгені құрағанын білеміз. 

Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыста 303 жобаға қолдау көрсетіліп, 2126 жұмыс орны ашылған. Оның 140 жобасы Шымкент қаласына тиесілі, қаржыландырылуының жалпы сомасы 65 440, 4 млн теңгені құрайды. 

Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 445 млрд теңгені құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9 % өскенін мәлімдеді. Ал, ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 13 мың га ұлғайып, 788,8 мың га құраған.

Шымшаһар бойынша тоқталсақ, қалада өткен жылы 3908 шаруа қожалығы мен 244 ЖШС құрылған. 

Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері» туралы Заңды нәтижелі іске асыру мақсатында кооперативтерді құру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бүгінгі күні жаңадан 17 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 242 кооператив құрылған. Өңір басшысының жылдық есебінде айтылған осы тұсы Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы кезекті Жолдауындағы екінші басымдықтағы төртінші міндетте міндеттелгеніндей, «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек». 

Сонымен қатар облыс әкімі Денсаулық сақтау саласында 4, білім саласында 39, мәдениет саласында 8, спорт саласында 2 нысан пайдалануға берілгеніне де тоқталып өтті. 

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 18,8 млрд теңге (2015 жылы – 5,4 млрд. теңге) игеріліп, нәтижесінде 72,2 мың адам қамтылып, 36,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, 24 ауыз су, 25 табиғи газ нысандары пайдалануға берілсе, 640,9 шақырым автомобиль жолдары мен елдімекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есепті кездесуде облыс әкімі 2017 жылы атқарылатын жоспарларын да ортаға салды. Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салалары мен өнеркәсіптің басым салаларындағы бәсекеге қабілетті экспортқа бағытталған өндірістерді құра отырып, өндірісті дамыту міндеттерін қойып отыр.

– Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында, облыстың Индустрияландыру картасы аясында 2017-2020 жылдары 91 жоба, оның ішінде 2017 жылы 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл дегеніміз – мыңдаған жаңа жұмыс орнының ашылуы, жергілікті халықтың әл-ауқатының, тұрмыс-тіршілігінің түзелуі, – деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.

 

Төрт бірдей демалыс орны ашылмақ

Облыс тұтынушыларын сапалы және қажетті көлемде электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласында «Бозарық», «Астана 1,2» қосалқы станцияларының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, қаладағы өнеркәсіп орындары мен 430 мың тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетінін де Жансейіт Қансейітұлының жылдық есебін тыңдау барысында қанық болдық. 

Елбасының Шымкент қаласын үшінші мегаполиске айналдыру бойынша берген тапсырмасына сәйкес, негізгі жұмыстар қаланың архитектуралық келбетін жақсарту, инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру, көгалдандыру бойынша жүргізіледі. 

Ж.Түймебаевтың айтуынша, мәселен, қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығы дамытылады. Яғни, мұнда 2518 пәтерлі 29 көпқабатты үй, 1200 орындық мектеп, 8 мың орындық мешіттің құрылысы жүргізілмек. Сондай-ақ, оқушылар сарайының, өнер орталығының, «Shymkent mall» сауда орталығының құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Шымкентті жасыл қала мәртебесіне айналдыру мақсатында 125 га жерге 50 мыңға жуық жасыл желектер мен көп жылдық ағаш бұтақшалары отырғызылмақ. Қаланың шалғай елдімекендерінде қараусыз жатқан сай, қырларды саябаққа айналдыру мақсатында өңірде «Шатқал» бағдарламасы әзірленді. Осы бағдарлама аясында Астана даңғылы бойындағы 25 га, Төлеметов көшесіндегі 50 га, «Тассай» тұрғынүй алабындағы 35 га, «Бозарық» шағынауданындағы 60 га шатқалда қоғамдық демалыс орындары ашылады. Ал ескі қоқыс полигоны аумағына рекультивация жасалып, орнына 34,3 га жерге саябақ құрылысы басталды. Ескі шаһардағы көне 54 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтіп, апатты жағдайдағы 7 тұрғын үйге сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілмек. 

Есепті жиында әкім баспанамен қамтамасыз ету бойынша қажеттіліктерді кезең-кезеңімен шешу үшін 2016 жылы 530 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылғанын тілге тиек етіп, осы жылы жалпы 700 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді тапсыру жоспарда тұрғанын айтты. 

infpgraph– Алдағы 15 жылда еліміздің тұрғындарын толығымен баспанамен қамту мақсатында елімізде жаңадан «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынды. Осы бағдарлама шеңберінде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде екі коттеджді қалашықтар салынатын болады. Оның бірі 76 гектар алқапта 293 үй орналасатын «Бозарық» кешені мен 180 гектар алқапта 1 050 үймен «Таскен» тұрғын үй кешені бой көтереді, – деді облыс әкімі.

«Жақсы әкімнің қадірін газ келгенде білерсің...»

Есепті кездесуге жиналғандардың қарасы көп болды. Солардың арасында әкімге көкейіндегі сауалын қойып үлгергісі келгендер де аз емес. Тұрғылықты жерінде мектебі жоқ немесе жаңа мектепті қажет ететін елдімекен тұрғындарының өзекті мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы орайда облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алдағы бес жылда 131 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүрсе, 205 жаңа мектеп, биылғы 2017 жылы 70 жаңа мектеп салынатынын алға тартып, барлық мәселені уақыт көшінен қалмай шешетінін мәлімдеді. 

Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова әкімге Отырар ауданына газ тартып беруін айтып: 

– Жақсы күннің қадірін жаз келгенде білерсің, Жақсы әкімнің қадірін газ келгенде білерсің, – деп әзілмен көмкере сөз сабақтады. «Соған ертерек ықпал етсеңіз!» – деп айтыскер ақын залға жиналған көпшілікті ду күлдірді. 

Жиында жұмыс өтілі аз, жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар да сауал қойды. Сонымен қатар Анкара университетінде білім алып жатқан Бағлан Ермаханов Түркістанды туристер орталығына айналдыруға көмектескісі келетінін онлайн байланыс арқылы жеткізді. 

Жарыссөзге шыққан Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев: – Соңғы 3-4 айда облыстың көлемінде жаңа басшылықтың тарапынан жасалып жатқан жаңалықтарды естіп, марқайып жүрген жайымыз бар. Шынтуайтында, алпауыттар арпалысқан алмағайып заманда, қаржы дағдарысы деген дауыл тұрып тұрған кезеңде мемлекеттік қаржыға ғана иек артып қоймай, инвесторларды тартып, Оңтүстіктің экономикасын арттырып, әлеуетін дамытудағы қадамдары нақты әрі айқын, – деп өңір басшысының жұмысын айрықша бағалады. Таяуда ғана өткен «Қазақстан-Түркия инвестициялық форумының» берері мол екенін де назардан тыс қалдырмады.

Бұдан бөлек ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев, Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов пен Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаевтар облыс әкімі Ж.Түймебаевтың жылдық есебіне оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Последнее изменение Среда, 22 Февраль 2017 06:24
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.