Бүгінде облыста 17 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 242 кооператив жұмыс істейді. Кооператив – шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылықтар кірістерін арттыру, өнімін өткізу, сақтау және өндіріс құралдарымен, материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтаудың тиімді жолы. Дегенмен, бұл орайда ескеретін біршама жағдайлар бар. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Сайрам ауданының Манкент ауыл округіндегі «Ет Агро – Манкент» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде болып, кәсіпкерлерді бірқатар басымдықтардан хабардар етті.
Шаруа қожалықтарының саны 10-ға жеткен
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында аграрлық сектор-экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс екенін атап өткен еді. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында елімізде Агро-өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Ондағы негізгі мақсат – ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру, өнімді қажетті инфрақұрылыммен қайта өңдеуді ұлғайту. Өткен жылы еліміз бойынша 15 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтыған 157 кооператив жұмысын бастаған.
«Ет Агро – Манкент» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің де алға қойған жоспарлары ауқымды. Төраға Жамолбек Утаевтың айтуынша, кооператив 2014 жылы құрылып, қазір шаруа қожалықтарының саны 10-ға жеткен. Олардың әрбірінде 400-ден астам мал бар. Ұсақ шаруа қожалықтарының саны – 72.
Өндірістік мекеменің жалпы инвестиция көлемі – 150 млн теңге: оның 106 млн теңгесі жеке, ал 44 млн теңгесі «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан берілген несиелік қаражат.
Вице-премьер А.Мырзахметов, облыс әкімі Ж. Түймебаев биыл 10 мың тоннаға дейін ет өнімдерін өндіруге қауқарлы кооператив жұмысымен танысты. Мұнда күн сайын 20 бас ірі қара, 10 бас уақ мал және 10 бас жылқы сойылады. Арнайы мал сою бекеті, мұздатқыш жұмыс істеп тұр. Малдардың жағдайын тексеретін арнайы клиника, зертханасы да бар.
Төраға ет өнімдерін Шымкент қаласынан бөлек, Алматы, Астана, Атырау және Ақтау қалаларына жөнелтуді жоспарлап отырғанын айтады. Ендігі кезекте мал басын көбейтіп, кооператив мүшелерінің санын да ұлғайтпақ ниетте.
– Жылдан жылға қожалықтар санын көбейту керек. Қызығушылық танытып отырғандар бар ма? Бұл мүшелер қандай жеңілдіктер барын біле ме? Яғни, біз әрбір тиыннан, теңгеден тиімділікті шығаруымыз керек. Сондықтан, мынадай кооперативтер арқылы біріктіре отырып, ірілендіре отырып, халықты жұмыспен қамтуға басымдық берілуі тиіс. Мұндағы басты мәселе – кооператив бір адамның ғана меншігі болып қалмау керек, әрбір мүшесі белсенді жұмыс істей білуі қажет.
Тағы бір есте ұстайтын жайт, біз осы жобаны іске асыру арқылы ауылдық жерде несие берудің жүйесін қалыптастырамыз. Заңға сәйкес, кооперативке бірігетін шаруа қожалықтардың саны 20-дан кем болмаса, 6 пайыздық жеңілдікпен несие алуға болады. Кооператив құруда негізінен осындай қағидаттарға көңіл бөліңіздер, – деді Асқар Исабекұлы.
Субсидия беру қағидаттары өзгерді
Облыс әкімдігінде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кеңейтілген мәжіліс өткен-ді. Онда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін ірілендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, саладағы ахуалдан хабардар еткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартып, өнімнің өңдеу сапасын жақсартуға күш салмақ. Бұл бағытқа мемлекет бюджетінен 57 миллиард теңге бағытталып отыр.
Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 38 пайызға, жалпы өнімін 30 пайызға, азық-түлік тауарларын экспорттау көлемін 600 млн АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарда тұр.
Сондай-ақ, бүгінде субсидиялау қағидаттары қайта қаралып жатқаны белгілі. Қазіргі жағдайда 11 субсидия түрі алынып тасталып, 35 субсидия түрінің нормативтеріне өзгерістер енгізілген.
600-ден астам кооператив құрылуы тиіс
Бұл мақсатта облыста да атқарылар шаруа көп. Аймақта 2017-2020 жылдары аралығында 90 мың жеке шаруа қожалықтарының бірігуі есебінен 600-ден астам кооператив нақты іске кіріседі. Облыс әкімі Ж.Түймебаев халыққа есеп беру жиынында алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісу кезінде осылай деді. Мәселен, биылдың өзінде мал бордақылау алаңдары бар 30 жекелеген қосалқы шаруашылық біріктіріледі.
Осы бағытта кооперативтер жүйесін жетілдіре отырып, өңірдің басымдықтарына қарай агро аймақтар құрылады. Етті, сүтті мал шаруашылығын өркендету мен құс, балық шаруашалығын дамыту қоса жүргізіледі.