Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту қажет»

Среда, 15 Февраль 2017 05:54 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 2983 раз

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Бұл туралы ҚР Президентінің Баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Ж. Түймебаев Мемлекет басшысына облыстың биылғы перспективалары, сондай-ақ өңірдің 2021 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы баяндады.

Елбасы аймақтың салық түсімдері көрсеткішінің төмен екенін, өңірдің республика бойынша мейлінше дотациялы болып отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев еңбек нарығын реттеу саласындағы жұмыссыздық мәселелеріне назар аударды.

– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың үлесі жоғары. Оңтүстік Қазақстан үшін жұмыссыздық пен халықтың көші-қон мәселесі әрқашан өзекті болып қала бермек. Бұл мәселелерді шешу үшін шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Шымкенттің таяу келешекте тұрғындарының саны 1 миллион адамнан асатын қалаға айналатынын атап өтті.

Облыс әкімі Елбасыға «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда белгіленген мақсаттар мен міндеттерді аймақ тұрғындары жан-жақты қолдап отырғаны туралы мәлімдеді.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс өнеркәсібін, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларын дамыту, инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде міндеттерді орындауға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.

Айта кетсек, бүгінде өңірде өндірілген өнімдердің республикадағы үлесі бойынша, мақта 286 мың тонна өнімімен - 100%-ға, жүзім 51 мың тн. Өнімімен – 68,5%-ға, бақшамен 1264 мың тн. өнім өндіріп – 61,0%-ға, ал, жылыжайдың жалпы көлемі 1123 гектарға жетіп 80%-ға, тамшылатып суғару әдісі 51 мың гектар болып, еліміздегі үлесінің 72 % құрап отыр.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.