Бірлескен бизнес жобалар екі елді жақындата түспек

Пятница, 02 Декабрь 2016 11:45 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4036 раз

Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму бағытында Өзбекстан Республикасымен іскерлік байланысты арттырмақ.

N6mJlJFufHg

Осыдан біраз уақыт бұрын Оңтүстік Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ұлықбек Розукуловты қабылдап, өңірдің бизнес мүмкіндіктерімен таныстырған еді. Сол сапарда «Химфарм» АҚ және «Kaz Kioti» ЖШС трактор зауытының жұмыстарына зор қызығушылық танытқан көршілес елдің делегациясы бизнес саласындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында облысымызға тағы да ат басын бұрды.
Көрші елден келген 40-тан астам делегат өкілі мен облыстың 30-ға жуық кәсіпкерлері бас қосқан бизнес конференция облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өтті. Іскерлік кездесуге Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев та қатысты.
– Бізде индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар. Осыған орай, өзбек кәсіпкерлерімен біріге жұмыс жасаудың тиімділігі мол болады деп сенеміз. Екі елдің арасындағы қарым-қатынастың нығайюына кәсіпкерлер де зор үлес қоса алады. Біздің елде кәсіпорын ашу арқылы өнімдеріңізді Кедендік Одаққа кірген мемелекеттерге және біздің Республикамен жұмыс істейтін өзге елдерге де оңай экспорттай аласыз.

Жалпы, мұның барлығы кәсіпкерлердің бизнесін кеңейтіп, әлемдік нарыққа шығару үшін жасалған жағдайлар, – деген облыс әкімі Ж. Түймебаев мол мүмкіндіктерді атап өтті.
Облыс әкімдігінің баспасөз орталығы берген мәліметке сүйенсек, 2015 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 1,67 млрд АҚШ долларына жеткен. Өзбекстан Республикасы бүгінде көгілдір отын, мақта талшықтары, химиялық өнімдер, тыңайтқыштар мен көкөністерді импорттайды. Мәдени және саяси бағыттарда да жыл өткен сайын жаңа белестерді бағындырып келе жатқан көрші елмен байланыс жасау арқылы біздің өңірдің экспорт, импорт көлемін арттыруға болады. Қос тарапты кездесу барысында ОҚО кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев оңтүстіктің кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерін таныстырды.
– Қазақ-өзбек бизнес конференциясы тұңғыш рет өткізілуде. Екі елдің кәсіпкерлері мәжіліс жасап, ортақ іс бастауы алдағы уақытта жемісті болады деп есептейміз. Қазіргі таңда Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп саласында ғана 800-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Біздің мақсат – инвестицияны елге тарту. Соған байланысты, алғашқы ұсынысымыз – «Оңтүстік» экономикалық аймағынан көрші елдің жаңадан жеңіл өнеркәсіп орнын ашу жайында болды. Оларға ұсынатын нақты жобаларымыз да дайын, – деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. – Бүгінгі таңда онға жуық жоба пысықталып жатса, соның үшеуіне атсалысуға Өзбекстан кәсіпкерлері ықылас танытып отыр. Оның бірі – Мақтаарал, Шардара ауданынан жеңіл өнеркәсіп жұмысын бастау. Екіншісі, «Бадам» индустриялық аймағында автокомпоненттер өндіретін жоба. Үшіншісі, күні кеше Өзбекстаннан жаңа инвестор темір сымдарын шығаратын зауытты құру мақсатында келді.
Басқарма басшысының ұсыныстарын ұйып тыңдаған өзбекстандық делегат өкілдері Азизбек Құрбанов, Бахадыр Байкулов, Шомурод Шафойзиев, Улмас Рахматовтар «Оңтүстік» экономикалық аймағының кәсіпкерлер үшін қарастырған жеңілдіктеріне қызыққанын жасырмады.
– Облыс әкімі Ж. Түймебаев индустриялдық аймақтың ісін дамытып, кәсіпкерліктің, отандық өнімнің артуын көздеп отыр. Ал біз өзбек меценаттарының өз қаражат қорынан өңірімізде кәсібін бастағанын қолдаймыз. Шекара мәселесі де екі елдің ортақ шешім шығаруын қажет етеді. Өйткені, бір жылда қазақ-өзбек шекарасынан екі елге 8 млн-ға жуық адам өтеді екен. Өздеріңізге белгілі Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту жұмыстары да жанданады. Нақты бағыттарда арнайы маршруттарды жүргізу туристік жобасын қарастырып жатырмыз. Тіпті, болашақта тек адам тасымалына ғана емес, ауыр жүк көліктеріне арналған трасса салу жағын да ой елегінен өткіземіз. Сондай-ақ, алдағы уақытта Өзбекстандағы жеңіл өнеркәсіптің бүгінгі жай-күйін таныстыру мақсатында кәсіпкерлерге, БАҚ өкілдеріне пресс-тур ұйымдастыру
ойымыз бар, – деді елші.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.