Мәселенi дұрыс мәмiлемен шешу керек Избранное

Пятница, 27 Май 2016 04:08 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5019 раз

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалына мәселесін айтып, кеңес сұрайтын қала тұрғындарының қатары көбейген. Олардың бәріне де тиянақты жауап беріледі. Филиал төрағасы Өмірзақ Мелдеханов осылай дейді. Кеше Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та партия филиалында өткен қоғамдық қабылдауға қатысып, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Мәселелердің оң шешілуіне тиісті органдарға тапсырма берді.

Қоғамдық қабылдау «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындау аясында өткізіліп отыр. Жиынға құқық қорғау органдары өкілдері, қала әкімдігінің бөлім басшылары мен аудан әкімдері қатысты. Бұл жолы партия филиалына 15 шағымданушы келіпті. Олар негізінен коммуналдық мәселелер, жалған құжат рәсімдеу, жер телімін заңсыз пайдалану, жолдардың жөнделуі және алаяқтарға жем болып жүргені туралы уәждерін айтты. Қала әкімі әрбір тұрғынның өтініш-арыздарын мұқият тыңдады.

Мәселен, Дина Әлімханова 2014 жылы 11 мамырдан бастап тұрғын үй кезегіне тіркелген. Қазіргі жағдай бойынша кезекте 4433 орында тұр. Өзі жұмыссыз, бүгінде жеті бала тәрбиелеп отыр. Тиісті органдар тарапынан мәселесі 2016 жылдың мамыр айында оң шешімін табатыны айтылыпты. Бірақ соңы созбалаңға салынған.
«Қайтпас-1» шағынауданының тұрғыны Жетес Ахметовтың жағдайы да осы тектес. Өзі қарапайым жұмысшы. Бес перзенті бар. Былтыр балалардың аналары қайтыс болып кеткен. Қазіргі тұрып жатқан жалдамалы үйдің санитарлық жағдайы талапқа сай емес. Балалардың жуынып-шайынуына мүмкіндік жоқ. Осы мәселені №80 мектеп лицейдің директоры Сәуле Қалыбекова өзі келіп айтты.
Ахметовтың төрт перзенті де осы мектепте білім алады. Ата-ананың жағдайына өзі шырылдап жүр. Тұрғын үй кезегін тезірек жылжытып, балалардың жайлы баспанаға қолы жетсе дейді. Заң аясында үй кезегін жақындатуды сұрап отыр.
– Мәселені тезірек шешуіміз керек. Қалалық тұрғын-үй қатынастары бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров осыны назарға алыңыз. Бұл мәселені тікелей өзім бақылаймын. Жақын уақытта жеке қабылдауыма келіңіздер, – деді қала әкімі.

Алаяқтардан зардап шегіп, жанайқайын жеткізген тұрғындардың да мәселесін анықтап, дер кезінде шешу қажет. Бұл жағдайды реттеу тікелей құқық қорғау органы өкілдеріне байланысты. Қала әкімі азаматтар шағымына назар аударуды сұрады.
– Қажет болса, шағымданушылардың үйіне барып, дұрыс мәміледе мәселесін шешуге атсалысыңыздар. Жағдайды жан-жақты талдап, соңына дейін жеткізіңіздер. Сіздер өздеріңіздің дәлелдеріңізді алып, сотқа шағымданыңыздар. Мен осында қаралған барлық тұрғындардың мәселесін бақылауға аламын,– деді Ғ. Әбдірахымов.
Жиын соңында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов соңғы кездері арыз-шағымдардың басым бөлігі оң шешімін тауып жатқанын, бәрі де бірігіп істеген жұмыстың нәтижесі екенін жеткізді.
Айта кетер болсақ, 2016 жылдың 4 айында партия филиалына 145 жазбаша, 265 ауызша арыз-шағым келіп түскен. Мұның басым бөлігі шешімін тапқан. Жұмыстың оң жолға қойылғаны болса керек, партияның Шымкент қалалық филиалы 2015 жылы облыста ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі байқауының жеңімпазы болып танылған болатын.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.