Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Жетiстiктердi бағалай бiлу қажет

Пятница, 20 Май 2016 04:37 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3753 раз

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен елдің өткен 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кеңес өтті. Орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдері қатысқан кеңесте елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, негізгі мемлекеттік бағдарламаларды өңірлерде жүзеге асыру мәселелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы талқыланды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде экономикадағы қиындықтарға қарамастан, елдің өңдеуші өнеркәсібінде өсім байқалып отырғанын, ауыл шаруашылығында көлем 2,6 пайызға, көлік саласында 4, құрылыста 6,5 пайызға ұлғайғанын атап өтті.
– Елдің тоғыз өңірінде өндіріс көлемінің өсімі қамтамасыз етілді. Былтыр инвестициялар индустрияландыру бағдарламасының басымдығы бар салаларында, соның ішінде машина жасау өндірісінде 7 есеге, тамақ өнеркәсібінде 30 пайызға, мұнай өңдеу өнімдері өндірісінде 81 пайызға өсті. Бұл – аталған салаларға тікелей шетел қаражатын салудың нәтижесі. Жалпы, негізгі капиталға салынатын инвестициялар ел бойынша 15 пайызға артты. Бұл инвесторлар тарапынан мүдделіліктің сақталып отырғанын айғақтайтын көрсеткіш, – деді ҚР Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев егіс науқаны аясында елдің ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер барлық қажетті нәрсемен қамтамасыз етілгеніне, соған байланысты бұл салада жақсы нәтижелерге үміт артуға болатынына назар аударды. Сондай-ақ, әлеуметтік саладағы оң көрсеткіштерге де тоқталды.
– Халық тұрмысының төмендеуіне жол беруге болмайды. Бұл – барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың негізгі міндеті. Біз биыл бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын білім беру саласында – 29 пайызға, денсаулық сақтау саласында – 28 пайызға, өзге салаларда 40 пайызға көтердік. Студенттердің стипендиялары, сондай-ақ мүгедектікке және асыраушысынан айрылуға байланысты жәрдемақы көлемі 25 пайызға ұлғайды. Ынтымақты зейнетақы төлемдерінің көлемі 9 пайызға көтерілді. Осының бәрі дағдарысқа қарсы уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесі болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды бөлігі индустрияландыру және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру болып саналатынын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын, сондай-ақ «Жұмыспен қамту-2020» жол картасын жүзеге асыруға бөлінетін қаражатты уақтылы және сапалы игеруді қамтамасыз етудің маңыздылығына да тоқталды. Сондай-ақ, Елбасы алда келе жатқан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қазақ-стандықтарға және бүкіл әлемге жеткен жетістіктерімізді көрсетудің жақсы мүмкіндік беретінін айтты.
– Еліміздің жетістіктерін бағалай білу қажет, болашақ ұрпақ онымен мақтануға тиіс. Осы кезеңде бізге сырттан сынай қарап отырғандар көп. Біз әлем алдында ұятқа қалмай, күрделі мәселені сындарлы сұхбатпен шеше алатынымызды паш ете білуіміз қажет. Алға қойған мақсатына жұмыла ұмтылатын ел екенімізді көрсетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.