×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Исамуддин РЫСБАЙ: «Қариясы қадірлі қоғамның ырысы мен табысы мол»

Понедельник, 17 Апрель 2017 03:31 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5613 раз

Бүгінде республикалық ардагерлер ұйымының 30 жылдығы ел аумағында салтанатты түрде атап өтілуде. Өмірдің ыстық-суығына төзіп, талай сыннан сүрінбей өткен аға буын өкілдері қоғамдағы түрлі өзгерістерге үн қатып, ауқымды істердің ұйытқысы болып келеді. Осы орайда, біз Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаймен ұйымның қоғамдағы қызметі мен бүгінгі-бағыт бағдары жөнінде сұхбаттасқан едік.

isamuddin– Исамуддин Нәштайұлы, Ардагерлер кеңесі өзінің 30 жылдық белесінде қоғамдағы өз орнын лайықты таныта алды ма?

– Әрине. Ардагерлер ұйымдарының қызметі әсіресе, еліміз тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жаңа жинай бастаған тұста айқын көрінді. Және елдегі саяси тың өзгерістерге зиялы ардагерлер қауымының өзіндік өнегесі мен кеңесі, қолдауы аса қажет еді. Сындарлы сәттерде де бұл ұйым өзіндік бағыт-бағдарымен тура жолды пайымдай білді. 

Қазіргі таңда, Ардагерлер кеңесі аталатын ортақ ұйым аясында нақты міндеттер атқарылуда. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «Қазақстан – 2050 Стратегиясы» көптеген сынақтарға абыройлы түрде төтеп беріп келеді. Тәуелсіздік көп этносты қоғамымыздың нақты, ең жоғары құндылығына айналды». Осы тұста көптеген жауапкершілікті мойнына алған Ардагерлер кеңесі де ілкімді шаралардың ұйытқысы бола білді. Қазір ел аумағында Ардагерлер ұйымдарының 30 жылдық мерекесі салтанатты түрде атап өтілуде. 

Соғыс және еңбек ардагерлерінің арнайы ұйымы Кеңес одағы тұсында құрылды. Шымкент қалалық кеңесі 1987 жылы 21 ақпанда ресми іске кірісті. Кеңес төрағасына қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары И. Криштанов сайланған. Сол кезеңде ардагерлер ұйымының есебінде 60 мың адам болған. Оның 5 мыңы соғыс ардагерлері еді. Қазіргі таңда, Шымкент қаласында 120 соғыс, 6 мыңға таяу тыл ардагері бар. 

Қалалық ардагерлер кеңесінде мұнан кейін 1989-1993 жылдары Спабек Пазылбеков, 1993-2003 жылдары Абдулхай Жандарбеков, 2003-2004 жылдары Уәлихан Сүлейменов, 2014-2015 жылдары Әлібек Өмірәлиев төрағалық қызмет атқарды.

Соңғы жылдары көптеген қарияларымыз имандылыққа бет бұрып, намаз оқып, сәждеге жығылып, мұсылманның бес парызының бірі – қажылыққа барып жатқандығы да өнегенің бірі емес пе?!

Елбасы бір сөзінде: «Қазақ тарихында бүгінгі жастар ұялатын ешнәрсе жоқ. Қазақ тарихы ат тұяғы дүбірімен жазылған» деп еді. Шынында да, біз бүгінгі тәуелсіздікке батыр бабалардың, шешен тұлғалардың қасиетті жерін қанын қиып жанымен қорғаған ерлік әрекетінің нәтижесінде қол жеткіздік.

Сондықтан сол бабаларымыздың мұрасын насихаттаумен қатар, өлімі жылаусыз, құны сұраусыз кеткен асылдарымыздың басына кесене тұрғызып, аруағын ұлықтап, есімін халық жадында жаңғырттық. Олардың еліне жасаған қызметтері жайлы кітаптар жазылып, ғылыми конференциялар ұйымдастырып, ерліктерін кейінгі ұрпаққа паш етіп жатырмыз.

Осындай игі шаралар мен бастамалардың басы-қасында ұйымдастырушысы болып ел ағалары мен ақсақалдар жүргені анық.

– Ардагерлер кеңесі жас ұрпақты тәрбиелеуге қалай, қаншалықты үлес қосуда?

aqparat 29-1– «Өнегелі қарт жоқ жерде, өнерлі жас та жоқ» деген дана қазақ. Жас ұрпақ – біздің келешегіміз. Отанымыздың ертеңі, біздің ісімізді жалғастырушылар. Сол себепті, Ардагерлер Кеңесі қызметінің негізгі саласының бірі – жастар тәрбиесі. Соғыс кезінің қиыншылығын көрген, Қызыл империяның жан алғыш мәшинесінің оттығына түскен ардагерлер жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, оларға түзу жол нұсқап, ағалық, әкелік ақылын айтып, тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Соның нәтижесінде, түрлі басқосулар, конференциялар, дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылып тұрады. 

Ардагерлердің белсенділігі 30 жылдың ішінде жас ұрпақ тәрбиесіне сіңіріп жүрген жарқын істерінен анық көрінеді. Соғыс және еңбек ардагерлері, ақсақалдар қашанда қоғамдық істерге ұйытқы бола білетін жастарға үлгі-өнеге көрсетті. Оқу орындарында жүйелі түрде кездесулер, конференциялар ұйымдастырылып тұрады. Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары, өзге де маңызды Стратегиялық құжаттар мен бағдарламаларды жұртшылық арасында насихаттауда да ардагерлер алда келеді. Кешегі наурыз айында қазақ мемлекеті үшін мәні зор тарихи шешім қабылданды. Бәріміз куә болдық. Елбасы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға жариялы түрде қол қойды. Сол өзгерістердің жобасын талқылау барысында ардагерлер, абыз ағалар өздерін үлкен күш ретінде танытты.

– Жасы үлкен абыз деп сыйлай білетін қазақ елінің игі дәстүрі бүгінде өз дәрежесінде бағаланып жатыр ма?

– Күнделікті өмірінде үлгілі істері мен өнегелі сөздері ұрпақтар сабақтастығына, жастар тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге сүбелі үлес қосқан аға-апаларымыздың есімін көптеп айтуға болар еді. Бұл қатарда, Боранбек Шүкірбеков, Қаратай Төлебеков, Айтжан Бекназаров, Нұрмахамбет Әжіметов, Еркінбек Тұрысов, Әбдуәлі Жақсыбаев, Айтымбек Құмарбеков, Клара Әліпова, Дәметер Бөлегенова, Шерім Медеуов, Мархабат Байғұт, Алданазар Құрманбаев сынды ардагерлеріміз қай ортада жүрсе де сыйлы да қадірлі. Осы кісілерге қарап көпшілік ой да, бой да түзейді.

Қала аумағында 229 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Әлі де болса, бұл көрсеткішті едәуір ұлғайта түсу қажет. Осы ұйымдардың қажырлы қызметінің нәтижесінде, соғыс және тыл ардагерлеріне, көп балалы аналарға және балалар үйіне қайырымдылық, қамқорлық көрсетіліп келеді. «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы аясында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында оқу орындарында «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры», «Тәрбие бастауы – отбасы», «Тәрбие көзі – халық мұрасында» тақырыбында кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Мұндай шараларға «Әжелер алқасының» мүшелері де белсене қатысып жүр. Нақ осы ұйымның ұйытқы болуымен Ұлыстың Ұлы күніне орай, қаладағы әскери бөлімдерде «Әжелер дәмі» атауымен ақ дастархан жайылып, мерекелік кештер ұйымдастырылды. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мерейлі отбасы», «Үлгілі отбасы» байқауларының жоғары деңгейде өтуіне Ардагерлер кеңесі де өз үлесін қосып жүр. 

Ардагерлер арасында сұхбат сағатын өткізу бүгінде игі дәстүрге айналды. Мерейлі жасқа толып отырған ата-әжелер отбасына сәлем бере бару, сауқат сыйлау жүйелі кесте бойынша жүзеге асуда. «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасына, хайуанаттар паркіне, тарихи-өлкетану және «Ерлік» мұражайына, облыстық салт-дәстүр орталығына, театрларға саяхат жасау дәстүрінің де тағылымы мол. Биыл бұдан бөлек, «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» тақырыбында жаңа жобаны қолға алудамыз. 

ҚР Президенті Н. Назарбаев ардагерлерге қамқорлық жасауды үнемі назардан тыс қалдырмай, жыл сайынғы Жолдауларында арнайы атап өтуде. «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз», – дейді Елбасы. Ардагерлер кеңесі Елбасы жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды орындауды ұдайы басшылыққа алып келеді.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, тұрмыс жағдайы төмен және жалғызбасты зейнеткерлерге, соғыста қаза тапқандардың жесірлеріне жылу мен электр қуаты және ауыз суды тегін пайдалануға жағдай жасалған. Өткен жылы 173 зейнеткер медициналық тексерулерден өтті. 3,5 мыңнан астам тыл еңбеккері, зейнеткерлер, еңбек ардагерлері «Ардагерлер үйінде», Сайрамдағы «Мейір» демалыс үйінде және «Біркөлік», «Денсаулық» шипажайларында денсаулығын нығайтты. Бүгінде олар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен «Өмір жолы» акциясының негізінде «Дабыл түймесі» мобильдік телефонын пайдалануда. 

Ардагерлер ұйымдарының 30 жылдығы – баршамыз үшін үлкен мереке. Елбасымыз: «Тойды да тойлау керек, айды да ойлау керек», – дейді ғой. Сол айтқандай, той тойлай отырып, қол жеткен табыстарды жалғастыруға, кемшіліктерді түзетуге, «Мәңгілік ел» болу жолында жұмыла қызмет жасағанымыз жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Последнее изменение Понедельник, 17 Апрель 2017 09:22