Тәжібай ЕГЕТАЕВ: «Жаңа жылда жаңа мектептер көбейеді»

Среда, 28 Декабрь 2016 06:54 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4302 раз

Қаланың көркеюі, жыл сайын жаңа нысандармен, жолдармен, ғимараттармен толығуы, әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуы, инфрақұрылымдық дамуы – құрылыс саласы жұмыстарының қарқынды жүруіне тікелей байланысты. 2016 жылы Шымкент қаласының құрылыс бөлімі нендей жұмыстар атқарды? Жылдық жоспарды орындай алды ма? Келер жылы қандай жаңалықтармен қуантады? Бұл сұрақтарды құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тәжібай Дүйсенұлы Егетаевқа қойған едік.

DSC01579

– Тәжібай Дүйсенұлы, әңгімемізді құрылыстың қыр-сырынан бастайықшы. Әр адамның жеке үй салғаны мен үлкен нысандардың құрылысын жүргізудің айырмашылығы көп. «Мына жерге жаңа ғимарат түседі екен» деген сыбыс шыққаннан кейін құрылыстың басталуына ұзақ уақыт кететінін байқаймыз. Ал басталғаннан кейін лезде аяқталады. Мұның сыры неде?

– Расында да білмейтін адамдар үшін құрылыс тым кеш басталып жатқандай көрінеді. Бірақ, жұмысты бастағанға дейін атқаратын шаруалар өте көп және ол күн сайын бой көтеретін нысан сияқты көзге көрініп тұрмайды. Мәселен, құрылыс жүргізетін жерді дайындаудың өзі бірнеше этаптан тұрады. Алдымен жерді заңдастыру жұмыстары жүреді. Мұндайда жоба жасалған жерде біреудің бір қазығы қағылса да оны сот шешімімен ғана қозғауымыз тиіс. Кейде сондай мәселелердің өзі көп уақыт алады. Одан кейінгі кезекте жер қазба жұмыстары бірнеше кезектен тұрады. Дәл осылай пайдаға жарататын құрылыс заттарының барлығын лабораториялық тексеруден өткіземіз. Нәтижесіне қарай сапалысына таңдау жасаймыз.

– Түсінікті. Солай болса да, қалалық құрылыс бөлімі тарапынан биылдыққа 57 нысанның құрылысы жүргізіліпті...

– Әрине, бізде тоқтауға уақыт жоқ. Себебі, алдағы әр жыл бұдан да көп жоспарды дайындап отыр. Биыл құрылыс саласын жандандырған 57 нысанның бірқатары 2015 жылдан өтпелі. Ал 2016 жылы басталғаны тағы бар. Оның 27-сі тұрғын үй. 18-і әлеуметтік нысандар, 12-сі инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы.

– Тұрғын үй құрылысы туралы қысқаша айтып өтіңізші?

3 3

– Бүгінгі таңда Елбасымыздың тапсырмасымен «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және басқа да стратегиялық маңызы бар Жолдаулар елдің әл-ауқатын арттыру, баспанамен қамту мәселесіне де бағытталған. Осы орайда, Шымкент қаласында 27 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жаз бойы тынымсыз жалғасты. Бұл – жалпы ауданы 122 678 шаршы метрді құрайтын 2286 пәтер қамтиды. Оның ішінде арендалық-коммуналдық 3, жас отбасыларға арналған 1 көпқабатты үй 2015 жылдан өтпелі. Ал 23-інің құрылысы 2016 жылы басталды. 11-і «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне» қарасты. Құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Тағы 12-сі арендалық-коммуналдық тұрғын үйлер. Бүгінгі таңға дейін құрылыс бөлімінің жауапкершілігіндегі 27 тұрғын үйдің 2-уі арендалық-коммуналдық бағдарламамен пайдалануға тапсырылды. Сондай-ақ, 2 жатақхананың құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жас отбасыларға арналған 1 тұрғын үйді тапсыруды көздеп отырмыз.

– Демек, тұрғын үй құрылысы алдағы жылы биылғыдан да қарқынды дамиды екен ғой. Инженерлік-инфрақұрылым жүйелері туралы айттыңыз. Шымқаланың қай жерлері көркейді?

– 2016 жылға жоспарланған мемлекеттік бюджет есебінен 12 инженерлік жүйелердің құрылысы жүргізілуде. Бұл тізімді әкімшілік-іскерлік орталығындағы тұрғын үйлердің құрылымы бастап тұр. Одан кейін ӘІО инженерлік-инфрақұрылым жүйесінің құрылысы нәтиже берді. Ұзындығы 3,3 шақырым Көктем көшесінің құрылысы жүрді. Осыған ұқсас жол салу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстары «Тұран» шағынауданында да жалғасын тапты. «Тұран» шағынауданындағы «Адия» тұрғын үй кешеніне, «Асар» шағынауданындағы бес қабатты 30 үйдің, Қаратау ауданындағы 192 учаскедегі көпқабатты және Төлеметов көшесі бойындағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет тарту, абаттандыру, инженерлік жүйелерімен қамтамасыз етуде қалалық құрылыс бөлімі қызу жұмыс істеді. Аталған шағынаудандар бүгінде тазалығымен, жайлылығымен, таза көшелерімен, сапалы жарығымен көз тартады.
2016 жылдың соңына дейін 3 инженерлік-инфрақұрылымдардың құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыратын боламыз.

21

– Тақырыпты әлеуметтік нысандардың құрылысына бұрсақ. Халық қоныс тепкен аймақта мектеп, балабақша, басқа да қызметтерге сұраныс туындайтыны заңдылық. Шымкент қаласындағы 18 әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр ма?

– Біздің міндет – бөлінген қаражатты жоспарлы түрде игеру. Соған сай 18 әлеуметтік нысанның 11-інің құрылысы 2015 жылы басталған. Олар – 8 мектеп, 1 балабақша, 1 спорт нысаны және Бадам өзенінің абаттандыру жұмыстары. Бұдан бөлек, 6 мектеп, 1 спорт нысанының құрылысы 2016 жылы бастау алды. Аталған 18 нысанның 7-уі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ұлттық қор есебінен қаржыландырылды. Бұл тізімдегі 2 мектептің құрылысын жаңа оқу жылы қарсаңында аяқтадық. Бүгінде «Сайрам» тұрғын алабына қарасты №66
М.Мамедова атындағы және Тассай тұрғын алабындағы №91 жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты оқушыларға қызмет етуде. Ал қалған 5 әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстары 2017 жылы аяқталуы тиіс. Олар – «Достық», «Сәуле», «Қайнар бұлақ» шағынаудандарындағы 1200 орындық және «Жаңаталап» тұрғын алабындағы 600 орындық жаңа мектептердің және «Қайтпас-2» шағынауданындағы №59 жалпы орта мектептің қосымша ғимараты.
Қалған 11 әлеуметтік нысанның құрылысы облыс және қала бюджеті есебінен қаржыландырылды. Бұл жоспардағы 5 құрылыс нысаны пайдалануға тапсырылып, жоспар бойынша 6-уы 2017 жылға өтті. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы №53 мектепті қайта құру, «Ынтымақ» шағынауданындағы 900 орындық мектеп, «Қаратөбе» тұрғын алабындағы 600 орындық орта мектеп, «Сайрам» тұрғын үй алқабындағы №37 А ғимаратын №12 балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебі етіп қайта кұру және Оспанов көшесінде орналасқан №61 ғимаратты балабақша етіп қайта құру құрылысы.
Құрылыс жұмыстары 2017 жылға өтпелі 6 әлеуметтік нысан қатарында әкімшілік-іскерлік орталығынан салынып жатқан 1200 орындық жаңа мектеп бар. Сондай-ақ, «Жұлдыз» тұрғын үй алабындағы 300 орындық мектеп, «Қарасу» тұрғын үй алабында орналасқан №27 орта мектептің оқу корпустарының құрылысы, №34 мектепті қайта құру, «Теріскей» шағынауданындағы бокстан №5-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы және Бадам өзенің абаттандыру жұмыстарының келесі кезеңі 2017 жылы жалғасады.

10

– Әне-міне дегенше жаңа жыл басталғалы тұр. «Жаңа жыл» деген «жаңа жоба», «жаңа жоспарлар» екені анық. Келер жылдың еншісінде елді қуантатын нендей жаңалығыңыз бар?

– Біздің жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу бөлімде 66 нысанға жобалау-сметалық құжаттама дайындау жұмыстары жүргізілуде. Оның 28 нысанның жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтті. Онда балабақша, мектеп, тұрғын үй, мәдениет және спорттық нысандар қамтылған. Сондай-ақ, келесі жылы Абай және Еңбекші аудандарының әкімшілік ғимаратының құрылыс жұмыстары басталатын болады. Әкімшілік-іскерлік орталығы мен «Нұртас» шағынауданының арасында орналасқан үлкен сай-саланың тағдыры көптен бері талқыға түскен еді. Қуанышты жаңалықтың бірі де осы, аталған аумақта 2017 жылы әдемі саябақ орналасады. Әзірге саябақтың жобасы дайын және облыс, қала басшылары тарапынан қолдау тауып отыр.

1 1

– Шынында да жақсы жаңалық екен! «Шымкент келбеті» газетінің оқырмандарына айтарыңыз бар ма?

– Газет оқырмандарын және қала тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. 2017 жылы ойға алған армандарыңыз орындалсын. Әр отбасына құт-береке, мол ырыс-несібе тілеймін.

– Шаһарымыздың гүлденуіне еңбек етіп жүрген ұжымға табыс тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал Молдиярқызы

Последнее изменение Среда, 28 Декабрь 2016 07:13
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.