Гүлнар ҚҰРМАНБЕКОВА: «Ұрпақ тәрбиесінде босаңсуға болмайды»

Пятница, 11 Ноябрь 2016 08:43 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6666 раз

Гүлнар Құрманбекова – қалалық мәслихаттың белсенді депутаты. Шымшаһардың дамуына сүбелі үлес қосып, игі бастамаларды жүзеге асырып жүр. Халық қалаулысының басты ұстанымы – ұлттық идеология мен жас ұрпақ тәрбиесі. Іскер жан өзі сайланған округтың мәселесін де ұмытпайды. Сондай-ақ ол Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету стансасының бас дәрігері.

gulzhan– Гүлнар Мамытқызы, қаламыздың дамуына бір кісідей атсалысып жүрсіз. Өзіңіз басшылық ететін медициналық жедел жәрдем көрсету стансасының жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Тіршілігі қым-қуыт қала өмірінде тұрғындар жедел жәрдемнің көмегіне жиі жүгінеді. Тәулік бойы тыным таппайтын «103» қызметкерлерінің әр күні сын сағатқа толы. Қызу жұмыс бір сәтке толастаған емес. Жедел жәрдем қызметінің аты айтып тұрғандай, бұл қызмет жедел және шұғыл түрде қызмет көрсетеді. Бүгінде стансада 79 бригада жұмыс атқарып,тәулігіне 1300-ден 1500-ге дейін шақырту орындалады.Нағыз жұмыс қайнайтын жер – диспетчерлік қызмет бөлімі. Басы ауырып, балтыры сыздағандардың барлық қоңырауына 10 автоматтандырылған шақырту қабылдау пульттерінде жұмыс атқаратын 10 диспетчер жауап береді. 60 секунд ішінде науқас туралы мәліметтерді жинап, автоматты түрде тіркейді. Әсіресе, кешкі сағат 19.00-ден түнгі сағат 24.00-ге дейінгі мерзім нағыз қарбалас шақ десем болады.Станса бригадалары табандарынан тік тұрып қызмет көрсетеді.Қала тұрғындарының саны көбейген сайын жедел жәрдемге жүгінетіндердің қатары күннен күнге артуда. Сондықтан бұл сала кәсіби шеберлікті ғана емес, жылдамдық пен төзімділікті талап етеді. Осындай талапқа мойымағандар ғана бізге жұмысқа келеді. Қазір стансамызда 21 мамандандырылған, 16 фельдшер, 42 желілік бригада қызмет атқарады. Жедел жәрдем көліктерінде GPS қондырғысы орнатылған.Қажетті құрал жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық қамтылған.

– Тұрғындар тарапынан жедел жәрдем қызметіне жиі шағым айтылады. Бұған не дейсіз?

– Сын айтылмаған жерде жұмыс жүрмейді. Ал жұмыс істемеген адам ғана сынға ілікпейді. Біз үшін барлық тұрғындардың денсаулығы өте маңызды, бірінші кезекте жүкті әйелдермен, кішкентай балаларға түскен шақыртуларға аса мән беріледі. Талап бойынша жедел жәрдем бригадасы шақыртуға 15 минут ішінде жетуі тиіс. Әрине, жол кедергілері болмағанда. Барлық шақыртулар 6 санатқа бөлінеді. 1, 2, 3 санатқа кіретін шақыртулар жол көлік апаты,суға бату, күйік шалу, газбен улану жағдайлары. 4,5,6 санатқа созылмалы аурулар бойынша түскен шақыртулар. Осы 4,5 6 санаттағы шақыртуларға 40-45 минут ішінде жедел жәрдем жіберіледі. Өкінішке қарай, тұрғындар мұны түсінбейді. Шағымдануға дайын тұрады. Әрине, науқастарды да түсінуге болады, ауырып тұрған адамның көңіл күйі де болмайды, тәні ғана емес, жаны да ауырады. Қазір ауруханаға жедел жәрдем арқылы жатқысы келетіндер көп. Адамдар өзінің учаскелік дәрігеріне, яғни емханаға қаралуға міндетті, ал жедел жәрдем шұғыл жағдайдағы науқастармен айналысуы қажет.

– Қалада атауы жоқ, қайталанатын көшелер жиі кездеседі. Бұл қызметкерлеріңізге кедергі келтірмей ме?

– Әрине кедергісі бар. Әсіресе, мекенжай бойынша мәселе көп. Қоңырау шалушылар эмоциямен өзінің қайда хабарласқанын ескермейді. Өкініштісі, мекенжайлар шақырту бойынша дұрыс берілмейді. Қала аумағы ұлғайғандықтан атаусыз, нөмірсіз үйлер жиі кездеседі. Енгізілмеген елдімекендер қаншама?! Бірақ жүргізушілеріміз баратын бағыттарды жақсы біледі. GPS бағдарламасы бойынша көліктің қай елдімекенге, шағынауданға барғаны, келе жатқаны, бәрі бақыланады. Атауы жоқ, қайталанатын көшелер бойынша мәселелер қала әкімдігінде қаралып жатыр. Алдағы уақытта бәрі қалыпқа келтіріледі деп ойлаймын.

– Жедел жәрдем стансасының әлеуеті қандай? Көліктен тапшылық жоқ па?

– Кейде 79 бригадамен халыққа қызмет көрсетуге үлгере алмай жатамыз. Тағы 10 жедел жәрдем бригадасын ашуға ұсыныс бердік. Күн сайын тыным таппайтындықтан, көліктер ескірген. Оны күнделікті жүретін машиналармен салыстыруға болмайды. Биыл Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан медициналық жедел жәрдем көрсету стансасын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. 30 жаңа автомашина беріліп, көліктердің жетіспеушілігі шешілмек.

– Әйел үшiн басшылық қызметпен қатар, халық қалаулысы ретiнде тұрғындардың талап-тілегін орындау, олардың мұң-мұқтажымен тереңiрек танысу үшiн кездесулер ұйымдастыру оңай шаруа емес. Дегенмен, сайлаушыларыңызбен кездесіп тұрасыз ба?

– Ел үшін еңбек ету – кім-кім үшін де азаматтық парыз. Ал сұрағыңызға келсек, сайлаушылар тағы да көптеген мәселенің шешілуіне мұрындық болуымды өтінді. Олардың ұсыныс-тілектерін ескерусіз қалдырған емеспін. Қолымнан келгенше әлеуметтік салаға өз үлесімді қосып жүрмін. Жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілуіне шама-шарқымша ықпал етіп келемін. Күнделікті жұмыс барысында жолыққан адамдардың және сайлаушыларымның өтініштеріне сергек қараймын.

– Депутат ретінде бүгінге дейін жоспарлаған міндеттеріңіз орындалды ма?

– Ойға алған шаруаларымның біразы жүзеге асты. Қазіргі таңда әлеуметтік мәселе бірінші кезекте тұр. Ана, бала, мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ал халыққа қажеттісі баспана, әлеуметтік көмек. Алайда, сайланған округім бойынша өзекті проблемалар ретімен жүзеге асып жатыр. Мәселен, жалғызбасты аналардың, мүгедектердің жайын ескеріп, тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Балалар алаңшалары орнатылды. Әлі де қолға алынатын, орындалатын жұмыстар бар.

– Қаламыздағы қандай мәселені алдыңғы кезекке қояр едіңіз?

– Түйткілді мәселелер жоқ емес. Шымкенттіктердің ұқыптылыққа бейқамдылығы басым. Үйін таза ұстағанымен, ауланы күтуді, абаттандыру қажет екенін ескере бермейді. Елбасы тапсырмасымен қаламыздың бас жоспары бекітілгені белгілі. 2020 жылға дейін даму тұжырымдамасы жасалды. Осыған орай, Шымкент сауда-логистикалық, мәдени-тарихи орталыққа айналуы қажет. Мұның бәрін қала басшылығы жеке инвесторлардың көмегімен жүзеге асыратыны сөзсіз. Қаланың көркеюіне тұрғындар да үлес қосуы керек. Алдымен қала келбеті тазалықпен, ұқыптылықпен өлшенетіні сөзсіз.Олай болса, салынып жатқан балалар алаңшаларын, жаңғыртылған аулаларды тұрғындар күтіп ұстаса, жанашырлық танытса деймін.

– Халық қалаулысы, ардақты анасыз. Ұрпақ тәрбиесінде сізді қандай мәселелер толғандырады?

– Ұрпақ тәрбиесінде босаңсуға болмайды. Біз көбіне балаларымызды материалдық жағынан толық қамтамасыз етуге басымдық береміз. Бірақ олардың рухани әлеуетін назарда ұстамаймыз. Оның үстіне, балалар да, жасөспірімдер де, тіпті үлкендер де телефоннан бас алмайды, әлеуметтік желі мен интернет санасын жаулап алған. Қайда жүрсем де, телефонның шырмауынан шыға алмай жүргендерді көремін.Соның салдарынан қауіпті, қайғылы жағдайларға куә болып жүрміз.
Мен қыз балалардың болашағына алаңдаймын. Қызға қырық үйден тыйымды, ұлттық құндылықтарымызды ұмытып барамыз. Бауырмалдық, туыстық қарым-қатынастан ажырап бара жатқанымыз жаныма батады.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

– «Денсаулық – зор байлық» десек, сол байлықты басымыз ауырып, балтырымыз сыздамайынша білмейміз, бағаламаймыз. Әлі күнге дейін тұрғындар емханаға кезекке тұруға ерінеді, төсекке таңылуға қалғанда ғана келеді. Сондықтан адамдар ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздесе деймін. Мен үшін ел сенімінен асқан құрмет жоқ. Алға қойған жоспарларым жетерлік. Алдағы уақытта да сайлаушыларымның көкейіндегі мәселелерді көтеріп, қаламыздың дамуына үлесімді қосқым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.