Исраил САПАРБАЙ: «Талантты табыс көзіне айналдырғым келмейді»

Понедельник, 07 Ноябрь 2016 05:00 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6512 раз

Бүгінгі қазақ әдебиеті мен театр өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, ән өнерінің биікте қалықтауына зор үлес қосқан Исраил Сапарбай Оңтүстікке сапарлап келіп, бірқатар игі шараға қатысты. Соның бірі – Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивалі. Бұдан кейін драматург-ақынды облыс әкімі қызметіне жақында ғана тағайындалған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев қабылдаған болатын. Бір айдан бері туып-өскен ортасында жүрген Исраил Сапарбаймен сұхбаттасу бізге де бұйырды.

israil sapaebai– Исраил аға, Оңтүстікке қош келдіңіз! Сұхбатымызды кеше ғана Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен «Төрткүл дүние – төрт мезгіл» атты шығармашылық кешіңізден бастайықшы.

– Мұның жаңа жоба екенін көрермендер білген жоқ. Әлемдік классикалық музыканы, әсіресе, италиялық Вивальди мен Чайковскийдің шығармаларын жақсы көремін. Екеуінде де «Времена года» деген табиғаттың төрт мезгіліне арналған туындылар жинағы бар. Сол жинақтарды соңғы он-жиырма жылдан бері зерттеп, зерделеп келемін. Содан, «менің де өмірімнің төрт мезгілі бар, неге осылай топтап, жақсы бір дүние жасамасқа?» деген ой келді. Шығармаларымды саралай бастадым. Балалық, жастық шағым, бүгінге дейінгі өмірімде лирикаға толы шығармаларым өте көп екен. Осының бәрін жылдың төрт мезгілімен үйлестіру керек болды. Ұзақ ойлану мен жемісті жұмыстың арқасында «Төрткүл дүние – төрт мезгіл» деген атау дүниеге келді. Өлеңдерді таңдап алдық. Оған өзімнің әндерімді дайындадым. Адам бала күнінен-ақ бойжеткеннің кім екенін, сұлулықтың не екенін білмейді ғой. Жаңадан бүр жара бастаған сезімге ұқсас әндерді де дұрыс таңдауға тырыстым. Әр мезгілге ән-жырды таңдап болған соң биге көңіл бөлдім. Көптен бері сценарийі дайын тұрған жобама әртістерді театрлардан таңдап аламын ба деп жүргенімде жас қыз-жігіттер хабарласты. «Аға, бізге бүгінгі заманның көзқарасына сай келетін жаңа образдарыңыз бар ма, біз сахналап көрейік» деген ұсыныстарын айтты. Мен ойымда жүрген сценарийді көрсеткенімде: «Іздегеніміз осы еді. Сіздің бізге берген батаңыз болсын, жолымызды осымен ашайық» деп қуанды. Бұл жастардың бишілері де бар, режиссерлық білімдері де бар екен.

– Осындай керемет дүниені өнердің ордасына айналған Алматыда сахналамай, Шымкентті таңдауыңызға не себеп болды?

– Бір ай дайындық жұмыстарын жасап, нәтижесі жақсы болатынына сендік. Ал «қай жерде сахналау» туралы сөз қозғалғанда Оңтүстікті әдейі таңдадым. Өйткені, қиялға толы балалығым, сезімге толы жастығым осында өтті. Шымкентте білім алдым, ғашықтық сезімді бастан кешірдім, отбасын құрдым. Еңбек жолымды бастадым. Мені өмірге қалыптастырған өңірдің халқы бүгінге дейін де қадірімді арттырып, қаланың да, облыстың да «Құрметті азаматы» атағын берді. Осыншама қошеметшіл Оңтүстік жұртшылығына жасаған сыйым болсын деп ойладым. Сол оймен облыстың экс-әкімі Бейбіт
Бәкірұлына кірдім.
Ол кісі шығармашылық кештерім туралы сұрай келе, жеке авторлық кеш өткізбегеніме таңданды. Ресми емес, таза шығармашылық кешімді Шымкентте өткізуге ұсыныс жасады. «Іздегенге сұраған» деген осы болар, қуана келістім. Облыс әкімі көмекшілеріне арнайы тапсырмасын беріп, қазан айының соңына жоспар құрдық. Белгіленген күн жақын қалғанда Оңтүстікте әкім ауысты. Тура сол кезде біз де Шәмші әндерінің фестиваліне қонақ болып келген едік. Жаңа әкім Жансейіт Түймебаев фестивальдан кейін «жақсы ырым болсын, алғашқылардың бірі ретінде сіздерді қабылдайын» деп М.Шахановты, К.Әмірбекті және мені кабинетіне шақырды. Ж.Қансейітұлымен таныса отырып, қолға алған бастамамыз жайлы да сұрадым. «Сол жоспармен жұмыс істеуді тоқтатпаңыз» деп қолдау танытқан әкім «Төрткүл дүние – төрт мезгілдің» жоғары деңгейде көрермен назарына ұсынылуына мүмкіндік берді.

– Кештің ерекше өткені соншалықты көрермен керемет әсер алып қайтты...

– Менің мақсатым да сол. Қазір адамдарды күлдіретін емес, жүректің пернесін дәл шертетін заман. Бүгінде адамдар тым қатыгез болып барады. Жүректің орнында тас тұрғандай. Оған себеп болған жағдайларды ұмыттырғым келеді, жүректерді жібіткім келеді. Адамдар бүгінде бір-бірін жұбатпайды. Әркім өз қайғысын ішіне жұтып, шері шемен болып қатып кеткендей. Абай «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі» деген, мен осы сөздің үдесінен шығуға тырысып жүрмін. Жүректерге лирикамен еніп, көзінен жас болып қайта шықсам, жүректегі мұңды, кірді шайып шыққаным. Күні кеше театрға келген 500-дей көрерменнің бір-бірімен қолтықтасып, жадырай қайтқаны соның жемісі.

– Сіздің авторлық кешіңізді, керемет үйлесімді қойылымдарды Шымкент жұртшылығы сағынатыны рас. Шығармашылық кеште өнер көрсеткен жастар қай театрдан келді?

14591620 1198863480160340 2267124897646329133 n

– Шынымды айтсам, бұрын еш жерде қойылмаған дүниені жоғары деңгейде алып шыққан жастарға таңғалдым. Шын өнерлі екен! Олар Алматыда эстрадалық училищені бітіріп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алып жүргенде Ресейдің Ярослав
деген ескі қаласына оқуға шақырған екен. Сонда төрт жыл оқып елге оралғаны осы еді. Елден ұзақ уақыт алыстап кетсе де ана тілін тамаша меңгеріпті. Әсел, Дархан, Ұлар, Нұрсұлтан есімді жастармен бірге жұмыс бастадық. Бишілері де бар. Дәл қазір құрамы толық, бір театрға сұранып тұрған команда деуге болады. Бір ғана өкініштісі, ертең жан-жаққа жұмысқа орналасып кетсе, дәл мынадай дайын театрды жоғалтып аламыз.

– Оларды таратып жібермей, алып қалуға не кедергі болып тұр?

– Әрине, ойланбай-ақ алып қалар едім. Біздің Оңтүстікке «Жастар» теарты қажет-ақ. Алматыда мұндай театр бар. Ал Шымкентте жастарға орналасатын үй-жай керек. Тұрақты айлық-табысы керек. Оны қаржыландыруға дүние жимаған екенмін. Оңтүстіктен «Жастар» таетрын ашуға демеушілік жасайтын мәдениет жанашырлары табылып жатса, бізге ұсыныс жасаса, осы құраммен жемісті жұмыс істеуге қуана келісер едік.

– Өнерлі жастарға қолдау көрсетуден біз не ұтамыз?

– Ұтарымыз көп. Біріншіден, Оңтүстік тарихында мұндай театр әзірге жоқ. Екіншіден, миллионға жуық тұрғыны бар еліміздің үшінші қаласында Мәдениет саласының жаңа толқыны жүрер еді. Үшіншіден, облыс орталығы, қала тұрғындары театр саласындағы жаңалыққа бетбұрыс жасайды. Ал қолдау болмаса, біз мынадай үйлесімді жұмыс жасайтын шетелдерде шыңдалған білімді жастарды жинай аламыз ба? Олар ертең әр театрдан жұмыс іздеп шашырап кететінін ойласам мазам кетеді...

14595791 1198863970160291 7474977812861523583 n

– Қазір театрдің әртістері тойларда өнер көрсетіп жүр ғой.

– Мейрамханада өлең оқу өмірімде бір рет осыдан 10 жыл бұрын Қызылорда жақта болған. Театрға сыймай қалған көрермен шығармашылық кешті мейрамханаға барып кешкі ас үстінде жалғастыруға ұсыныс жасады. Ол жақтың мейрамханасы Шымкенттегідей үлкен емес, шағын ғана 200-300 орынға арналған. Бірақ соның өзі толып, ән мен әуені жарасқан әдемі кеш болды. Әндерімді келген жұрт әншілермен бірге орындады. Мен өлең оқыдым. Кеш өте көңілді өтті. Содан кейін бұл әдісті ой елегінен өткізіп көрдім. Болмайды екен. Өйткені, біз өнердің адамымыз. Тойға неше түрлі адам келеді. Әркімнің ой деңгейі әртүрлі. Ақшаға шақырған соң ондағы естіген әр сөзге шыдауың керек. Дәл осылай талантты табыс көзіне айналдырып, өнерді арзандатқым келмеді. Бұған дейін де мал-мүлікке құнығып әрекет жасамадым. Шашым ағарған шақта да қадірімді түсіргім келмейді. Тойға ақша іздеп барғанымнан, елдің таетрға лириканы іздеп келгені әлдеқайда жақсы.

– Аға, әңгімені поэзияға бұрайықшы. Бүгінгі жас ақындардан кімдердің атын атап мақтана аласыз?

– Абай «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дейді ғой. Аллаға шүкір, маған берген талантты өлеңмен көрсеткім келеді. Сол талантты елге беру үшін барымды салдым. Ал бүгінгі ақындық атты бақты көтеріп жүрген жастардың қатарында Ақберен Елгезекті, Алмас Темірбайды, Тоқтарәлі Таңжарықты, Ерлан Жүністі, Қалқаман Саринді ерекше атап өтемін. Олармен үнемі шығармашылық байланыс жасаймын, «әке» деп сыйлап жатады.

– Тәуелсіз еліміздің бүгіні мен осыдан 25 жыл алдыңғы өмірін салыстыра отырып, не айтар едіңіз?

– Біз 300 жыл бодандықта болған елміз. Еңсемізді тіктеу үшін 25 жыл тым аз уақыт. Елдің әл-ауқаты артқанымен рухани құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Жеңіл-желпі ән мен дарақы ойын күлкі рухани азықтың орнын толтырып жүр. Халықтың көбі кітап оқымайтын болды. Ұлттық құндылықтың не екенін ажырата білмейтін күйде. Арзан күлкі, сүйексіз әңгімеге құмар жандар ұлтымыздың солқылдақ тұсы.
Қазақ «бірін-бірі дос» тартудың орнына жік-жікке бөлініп отырады. Міне, осы жаман әдеттен арылу үшін елді бірлікке, ынтымаққа жұмылдыруға әлі талай жұмыстар атқарылуы тиіс.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Осында өткен шығармашылық кешіме тұңғышым Жанар мен анасы да қонақ болып келді.
Жанарым соңғы кездері менің шығармаларымды жинақтап, сайт ашып, электронды нұсқасын жасап жатыр. Ұлым Еркебұлан
скрипкада ойнауда еліміздегі үшінші орында аталып жүрген мақтанышым. Ортаншы ұлым да өнерден кенде емес еді, сонысына қарамай талантын құрбан етіп, кәсіпкерлікті қолға алған.

– «Шымкент келбеті» газетіне айтарыңыз бар ма?

– Мен оқу бітіріп, облыстық мәдениет басқармасында автоклуб меңгерушісі болып жүргенімде «Оңтүстік Қазақстан» газеті жұмысқа шақырды. 6-7 жылдай журналист болдым. Сол жылдары қалалық «Шымкент келбеті» газеті ашылғаны есімде.
Жұмамұрат Тұяқбаев ол газетті өте жоғары деңгейге көтерді. Елдің бәрі тез таныды, маған да ұнайтын. 1983 жылдары отбасыммен Алматыға көштім. Қазір Шымкентте 200-ден аса газет-журнал бар дейді ғой. Бірақ, «Шымкент келбеті» газетінің бүгінге дейін жарық көріп келе жатқанын естіп қуандым. Аты да өзгермепті. Бүгінгі ұжымға шығармашылық табыс тілеймін. Қаланың атын арқалаған газет елге абыроймен қызмет ете берсін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Понедельник, 07 Ноябрь 2016 07:50
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.