Кәсіпкер – ең алдымен тәуекелшіл адам Избранное

Среда, 07 Август 2019 05:06 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4078 раз

Бүгінде елімізде кәсіп бастап, өзінің бағытын тауып, табысты болғысы келетін жандарға қолдау көп. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстары жазылып, ел арасында кең насихатталып та жүр. Содан болар, қаламызда бизнеске икемділігін байқағысы келетіндердің қатары едәуір артқан. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері әрі психолог Гүлжан Вероцкая ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер туралы пікірімен бөлісті.

207

Шынайтуында соңғы уақытта кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, пайдаға оңай кенелуді ұрандатып жүргендер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Десек те, кәсіпкер болуды көздейтіндердің көптігі көңіл қуантады. Бұл жақын болашақта ел экономикасына үлкен өзгерістер алып келетін серпіліс деген сөз. Тәжірибелі бизнес тренер мұндай құбылысты қалыпты жағдайға балап, саннан сапа артып, бәсекелестіктен нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын тілге тиек етті.
– Кәсіпкер – ең алдымен тәуекелшіл адам. Үнемі ізденіс арқылы өзгеруді көздейтін жан. Өз ісін бастап, кәсібін дөңгелетуді мақсат тұтқан. Дегенмен, заман ағымына ілесе отырып, бүгінгі сұранысты қажет ететін, нарықты қамтыған кәсіпкерлер аса көп емес. Оған маңдай тер, үлкен қажыр-қайратпен жетуге болады. Ал біздің орталыққа келген азаматтардың кейбірі «алма піс, аузыма түс» деп оңай жолмен кәсіпкер атанып кетуді көздейді, - дейді Г.Вероцкая.


Сегіз ай бойы өзінің іс бастап, кәсіпорын ашуға мүмкіндігі бар екенін көрсетіп, қолынан тірлік келетінін дәлелдеуге тырысқан психолог бір кездері бизнеске бет бұрғанын айтты. Ал қазір өзі кәсіби тренер атанғалы болашақ әріптестерінің әр қадамына асқан ұқыптылықпен қарайды. Үнемі өзін-өзі жетілдіруге кеңес береді. «Сонда ғана адамның тасы өрге домалайды», дейді бизнес өкілі.


Білім мен өзіңізге деген сенім көптеген кедергіні жеңіп, діттеген мақсатқа жетуге жол ашады. Осыдан 5 жыл бұрын автобус алаңын ашамын деген ой болды. Несие рәсімдеген «Даму» және мен, екінші дәрежелі банк арасындағы үш жақты келісіммен құжаттарым 8 ай дегенде дайын болып, алға қойған мақсаттыма бір табан жақындадым. Осы уақыт аралығында лицензия мен қарамағыма жұмысшылар қабылдадым. 15 млн теңге несиеге қол жеткізіп, автобус сатып алдым. Бұл кезде балам төрт айлық еді. Біраз осы саланың нанын жедім. Кейін бұл істі тоқтатып, жаныма жақын салаға ауысып, тұлғалық даму орталығын аштым, – деді бизнес-коуч.


Жыл басынан бері 100-ге жуық адамға кәсіп бастаудың алғашқы әліппесін үйреткен ол психология мен бизнестің қоғамда өзектілігі жоғалмағанын айтты.
– Мен маркетинг бойынша Игорь Ман, тұлғалық дамудан Ицхак Пинтосевич, ал психология тұрғысынан Михаил Пелехатый сынды ресейлік мамандардан дәріс алдым. «Бизнес жоспарлау», «Бизнес психологиясы» бойынша үш жылдан астам уақыт өзім де дәріс оқимын. Қосымша «ReFrame» тұлғалық-дамыту орталығында да осы аталған бағыттар бойынша кеңес беремін. Бизнестегі әйелдер, табысты адамдар туралы көп семинарлар ұйымдастыра келе жаңадан кәсіп бастағандардың қателіктерін үшке бөліп қарастырамын. Олар – білімнің аздығы, жалқаулық, қырсықтық. Нарықты зерттеуді үйреніп, бизнес жоспарлай алатын адамдар пайданың тек үшінші жылдан бастап қана алуға болатынын түсінеді, – деді маман.


Гүлжан Вероцкаяның айтуынша, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты нығайтуға, инвесторлардың бизнес жүргізуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасының жұмысы жүйелі. Онда келіп кәсіп бастаушылардың қатары күн санап артып келеді. Шымкентті мемлекеттің үшінші қаласына, кәсіпкерлік, сауда орталығына, тұрғындарға жайлы әрі қонақтарға ең қызықты заманауи мегаполиске айналдыру міндеті тұрғанын ескерсек, бұл жұмыстар әлі де жандана бермек.