Версия для печати

ӨНДІРІС ТІРЕГІ – ИНВЕСТИЦИЯ Избранное

Пятница, 12 Май 2023 05:28 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 12900 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент – Қазақстандағы экономикасы дамыған шаһардың бірі. Халқы миллионнан асатын қаланың инфрақұрылымы дамыған, инвестициялық жобалар қарқынды іске асып, бірқатар салаларды жандандыруда республикада көш басында келеді. Қаланың негізгі капиталға салынған инвестициясы 2019 жылмен салыстырғанда 2,2 есе артқан.

710

 

Экономикалық әлеуетті жандандыру мақсатында Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына 2023 жылға арналған 6 нысаналы индекатор белгіленген. Олар – кәсіпорындарды цифрландыру жүйесіне көшіру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, сауда, қала аумағындағы базарларды қайта жаңғырту және ретсіз сауда. Басқарма басшысы Береке Дүйсебеков баспасөз брифингінде осы жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қазір қаламызда 839 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп келеді. Оның 24-і ірі кәсіпорын, 45-і орта және 770-сі шағын кәсіпорын. 2023 жылы өңдеу өнеркәсібінің өндірісін 767 млрд теңгеге жеткізу жоспарланыпты. Осы жылдың алғашқы тоқсанында 196 млрд теңгенің өнімі өңделіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 97,7 пайызды құраған. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындар да жыл басынан бері 9,140 мың тоннаның өнімін өндірген. Оның 3,824 тоннасын «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС өндірсе, «HILL Corporation» мекемесі – 5,316 мың тонна өнім шығарған. Ал, жылдық жоспар – өнімді 70 мың тоннаға жеткізу, деді жауаптылар.
–Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында 235 млрд теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіптік өндіріс индексі 98,8 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің төмендеуі өңдеу өнеркәсібі саласының - 2,3 пайызға, электр, газ және бу беру - 4,2 пайызға төмендеуі есебінен қалыптасты. Ал кен өндірісі 20,3 пайызға, сумен жабдықтау саласы 52,3 пайызға өскен. Көрсеткіштің төмендеуіне «ПетроҚазақстанОйл Продактс» ЖШС-ның 15 наурыздан 7 сәуірге дейін жоспарлы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуінен орын алды. 2022 жылдың наурызында 523 мың тонна мұнай өңделсе, биылғы үш айда өңделген өнім 248 мың тоннаны құраған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 275 мың тоннаға немесе 12%-ға төмендегенін білдіреді. Мұнай өңдеу саласы өнеркәсіп өндірісі үлесінің 60 пайызын құрайтындықтан арадағы жөндеу кезінде осы саланы 98,8 пайызға дейін төмендетті. Жыл соңына дейін мұнай өңдеу зауыты жоспарланған 6,0 млн тонна мұнайды өңдеп, көрсеткішті 102,5 пайызға жеткізу жоспарланған, - деді Б.Дүйсебеков.
Қала экономикасын ілгерілетуде инвестицияның үлесі зор. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен Шымкент қаласына 84,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 109,6 пайызды құраған. Жалпы, жыл соңына дейін 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл көрсеткішті 2022 жылмен салыстырғанда 32 пайызға өседі деп күтілуде. Инвестицияны көбірек тарту мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған 1,7 трлн теңгеге 227 инвестициялық жобаның базасы жасақталып, 18 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Соның ішінде 129 млрд теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба 2023 жылы іске асырылады деп күтілуде. Нәтижесінде 2 500 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланған.

711


Инвестициялық жобалардың басым бөлігі өнеркәсіптік аймақтағы өндіріс орындарында іске асып жатыр. Бұл үшін қазір қала аумағында 869 гектар жерге 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 350,5 млрд теңгені құрайтын 335 жоба іске асырылады. Қазірге дейін оның 273 жобасы жүзеге асып, 8016 жұмыс орны құрылған.
–Кәсіпорын ашуға ниеттенген инвесторларды қала төңірегіндегі 5 аймаққа орналастырып жатырмыз. Мәселен, «Оңтүстік» индустриалды аймақтың толымдылығы 95 пайызға жетті. 337 гектар аумаққа орналасқан аймақта 91,4 млрд теңгенің инвестициясына 76 жоба іске асып, 2512 жұмыс орны құрылды. Аймақтың тиімділігі – бір теңге бюджеттен бөлінсе, инвестицияға 10 теңге жеке инвестиция тартылды. Осы аймаққа инфрақұрылым тарту үшін 6,9 млрд теңге жұмсалса, бюджетке 36,3 млрд. теңге салық төленіпті. «Тассай» индустриалды аймағы да кәсіпорындармен толықты. Аймақтың 95 пайыз аумағында өнідіріс орындары жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, 89 гектарды құрайтын индустриалды аймақта 36,7 млрд теңгенің 24 инвестициялық жобасы жүзеге асуда. Нәтижесінде, 1865 жаңа жұмыс орны құрылды. Жергілікті бюджеттің жұмсалған әр 1 теңгесіне 35 теңге жеке инвестиция тартылғанын көрсетеді. Аймақты инфрақұрылыммен қамтуға 1,06 млрд теңге жұмсалып, бюджетке 6,8 млрд теңге салық түсіпті. Ал, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта 58,4 млрд теңге инвестицияға 35 жоба жұмыс істеп тұр. Бұл аймақтың аумағы 225 гектарды құрап, бүгінде оның 85 пайызында кәсіпорындар орналасқан. Мұнда да бюджеттен 1 теңге бөлінсе, 15 теңге инвестиция тартылыпты. Алайда, арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылым үшін жұмсалған қаржы енді өзін ақтап отыр. Инфрақұрылымына 8,2 млрд теңге жұмсалып, құрылғаннан бүгінге дейін 8,2 млрд теңге салық түсті. Одан бөлек, қаламызда «Ордабасы» жеке индустриалды аймағы да жұмыс істеп тұр. Аумағы 126 гектар болған аймақта 4,8 млрд теңгеге 135 жоба жұмыс іске асып келеді. Аймақтың 85 пайызында өндіріс орындары құрылып, 850 жұмыс орны ашылған, - деді басқарма басшысы.
Әлемдегі ірі мегаполистердің тыныс-тіршілігіне қарасақ, алып шаһарлардың жан-жағындағы елді мекендер қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрады. Бұл ретте өнім беруші мен тұтынушы арасындағы жүйелі байланысты реттеуде сауда-логистикалық орталықтарының маңыздылығы ерекше. Қазіргі таңда өңірімізде экологиялық таза өнiмдер жеткiлiктi мөлшерде өндiрiледi. Сауда және көлiк-логистикалық кешенінiң дамуы – бiздiң тауарлардың сыртқы нарыққа шығаруына жол ашады. Осы ретте, Шымкентте аумағы 92 гектар жерге әлемдік стандартқа сай «А» санатты заманауи сауда-логистика орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл сауда-логистикалық орталықтың тиімділігі, ол – тоғыз жолдың торабында орналасқандығы. Географиялық тұрғыдан алғанда, әуежайдан 3 шақырым, темір жол желісінен 500 метр жерде орналасқандығы Шымкенттің кәсіпорындарында өндірілген тауарларды көптеп шетке шығуына жол ашады. Орталықта 27,5 млрд теңгеге 3 жоба іске асырылып жатыр. Аталған орталықтың жұмысы екі бағытта, біріншісі – логистиканы дамыту, екіншісі азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін құру бойынша жүзеге асырылады. Мұндай инвестициялық жобалардың тиімділігі – бюджеттен арнайы аймақтар құрылу үшін бөлінген 1 теңгеге 10 теңге жеке инвестиция тартылыпты. Осы арнайы өндірістік және логистикалық аймақтардан бүгінге дейін 57,6 млрд теңге салық түскен.
Бүгінде жұмыс істеп тұрған индустриалды аймақтардың өндіріс орындарымен жылдам толуына байланысты аумағы 867 гектарды құрайтын 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылып жатыр. Бұл аймақтарда 398 млрд теңгенің 271 жобасы іске асырылады.
–2021 жылы қаламызда аумағы 306 гектарды құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриялды аймағы құрылды. Жаңа аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 2023-2026 жылдар аралығында 200 млрд теңгеге 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен жүзеге асырылатын 50 жобаның пулы әзірленді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147,2 млрд теңгені құрайтын, 4023 жаңа жұмыс орындарымен қамтитын 42 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, 2023 жылы инвестициялық құны 7,1 млрд теңге болған 411 жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.
Одан бөлек, биыл «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялды аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін аяқтау жоспарланып отыр. Индустриалды аймақтың жалпы аумағы – 132 гектар. Бүгінде онда орналастырылатын 22,7 млрд теңгеге 1,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарымен 21 жоба пулы жасақталды. Сондай-ақ, жеке «Standard» индустриялық аймағы құрылып жатыр. «Оңтүстік» АЭА 175 гектарға дейін және сауда-логистикалық орталығын 136 гектарға дейін кеңейту жұмысы жүргізілуде, - деді Б.Дүйсебеков.
Қала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын, тұрмысын жақсартуға шағын және орта бизнестің алар орны орасан. Үш айдың қорытындысы бойынша шаһарда 121,2 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді екен. Оның ішінде заңды тұлғалар – 20,4 мың, жеке тұлғалар – 95,2 мың және 5,6 мың шаруа қожалығы бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес 52,6 пайызға өсіпті. 2022 жылдың өзінде шағын бизнесте өндірілген өнімнің көлемі 1 961,5 млрд теңгені құраған. Өткен жылдың қаңтар мен қыркүйек аралығында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40,7 пайызға жеткен. Биыл көрсеткішті 43 пайызға жеткізу көзделген. Осы бағыт бойынша 2022 жылы 205,6 мың адам жұмыспен қамтылса, биыл 210 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Елімізде кәсіп бастауға ниеттенген азаматтарға мемлекеттік қолдау көп. Осындай тұрғындарды мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау үшін 2023 жылға 18,7 млрд теңге қаржы бөлініпті. Оның 3,5 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған. Жыл басынан бері 1,4 млрд теңгеге 2 056 жобаға қолдау көрсетілген екен. Жалпы «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған» Ұлттық жоба шеңберінде 2023 жылға 17,3 млрд теңге бөлінген. Бүгінге дейін 1 922 жобаға 1,2 млрд теңгеге қолдау көрсетіліпті. Оның ішінде, банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 1896 жобаға - 998,9 млн теңге қаралса, 36 жобаға - 193,9 млн теңге банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіруге жұмсалған.
Ал «Іскер қала» іс-шара жоспары шеңберінде 2023 жылға 1,4 млрд теңге бөлініпті. Бүгінгі таңда 134 жобаға 222,1 млн. теңгеге қолдау көрсетілді. Оның 217,8 млн теңгесі шағын несиелендіруге, 4,3 млн теңгесі пайыздық сыйақыны субсидиялауға жұмсалыпты.
Шымкентте жалпы ауданы 643 мың шаршы метрді құрайтын 36 базар жұмыс істейді. Оның 19-ы әмбебап, мамандандырылғаны – 17. ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңы қала базарларын құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіруді, базарларды жаңғыртуды талап етеді. Талаптарға сәйкес 19 базар қайта құрылымдауға жатады. Бүгінге дейін «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Исатай» (Алатау), «Акбар», «Иманалиев» мал базары, «Барыс», «Жабық базар», «Көктем», «Жібек Жолы», «Жаңа шаһар», «Назым апа», «Көмеш бұлақ» базарларын реконструкциялау және құрылыс нормаларына сәйкес келтіру жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, «Авто Нұр», «Орталық қырғы базар», «Алаш», «Айна» және «Самал» базарында модернизациялау жұмыстары жүргізілген.