ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРТАЮЫ: ЗЕЙНЕТАҚЫМЫЗДЫ АЛА АЛАМЫЗ БА?

Среда, 19 Апрель 2023 09:25 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 2448 раз

Егде жастағы адамдардың өмір сүру ұзақтығы мен саны артып келеді

Біз таңғажайып демографиялық трансформация кезінде өмір сүріп жатырмыз. Нақты деректерге сүйенсек, ғылымның дамуы мен заманауи медицина жетістіктерінің арқасында адамдар ұзақ өмір сүре бастады. Соңғы бірнеше онжылдықта өмір сүру ұзақтығы әлем бойынша айтарлықтай өсті және өсуін жалғастыруда.

 

Егер 2010 жылы Қазақстанда әйел адам орта есеппен 73,3 жыл, ал ер адам 63,5 жыл өмір сүрсе, 2021 жылы бұл мәндер тиісінше 74 және 66,3 жылды көрсетті. БҰҰ-ның 2050 жылға жасаған болжамына сәйкес, өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін 79,2 жыл және ерлер үшін 71,6 жыл болмақ. Салыстырсақ, БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемде 2010 жылдан 2021 жылға дейін өмір сүру ұзақтығы әйелдерде 72,7-ден 73,8 жасқа дейін және ер азаматтарда 67,6-дан 68,4 жасқа дейін өсті. Бұл көрсеткіштер өмір сүру ұзақтығын дүниеге келген сәттен бастап ескереді. Ал халықтың ересек бөлігін алсақ, статистика тіптен жағымды. БЖЗҚ зерттеуіне сәйкес, зейнет жасына жеткен ерлер мен әйелдер орта есеппен 80-82 жасқа дейін өмір сүреді.

Өмір сүру ұзақтығының өсуі нәтижесінде егде жастағы адамдардың жалпы халық санынан алатын үлесі артып келеді. Еліміздің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 60 жастан асқан халықтың үлесі 2010 жылғы 10%-дан 2022 жылы 13%-ға дейін өскен. 2050 жылға қарай БЖЗҚ мен БҰҰ болжамы бойынша бұл көрсеткіш шамамен 17-18% жетіп, әрбір бесінші қазақстандықтың өмірі 60 жастан асады.

Туу көрсеткіші төмендеп барады

Елдегі халықтың қартаю үрдісінің тағы бір салдары, өмір сүру ұзақтығының өсуінен басқа, туудың біртіндеп төмендеуі болып табылады.

БҰҰ есептеулері Қазақстандағы туудың жиынтық коэффициенті 2021 жылғы 3,32-ден 2050 жылға қарай бір әйелге 2,13 балаға дейін төмендейтінін көрсетті. Бала туудың төмендеуі урбанизация, гендерлік теңдік және әйелдердің жұмыс күшіне қатысуын күшейту салдарынан болды.

Туу көрсеткіштерінің біртіндеп төмендеп, өмір сүру ұзақтығының өсуі 1 еңбекке қабілетті адамға түсетін демографиялық жүктемені арттырады.

"Әлеуетті қолдау коэффициенті" азаюда

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген теңдестірілген зейнетақы жүйесі тек 4-тен 1-ге дейінгі арақатынаста ғана жұмыс істей алады (1 зейнеткерге 4 жұмыс істейтін адам келеді). Кері жағдайда, белең алып бара жатқан теңгерімсіздік бюджет тапшылығын азайту үшін салықты көтеруге немесе зейнет жасын көтеруге мәжбүр болған мемлекеттің шығындарды жабу қажеттілігіне әкеп соғады.

Қазақстанда 1 зейнеткер үшін жұмыс істейтін азаматтар саны пропорционалды түрде азайып барады. БЖЗҚ мен БҰҰ болжамдары бойынша, еңбекке қабілетті жастағы адамдардың (25-64) зейнеткерлерге (65+) шаққандағы арақатынасы 2050 жылға қарай екі есе төмендейді: 65 және одан жоғары жастағы бір зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы 3,6 адамнан ғана келеді. Бұл еңбекке қабілетті халыққа салық "жүктемесін" арттырады. Осылайша, аға буын санының өсуі қоғамға олардың зейнетақымен қамсыздандырылуына байланысты үлкен міндет қояды. Осы міндетті дамудың демографиялық және экономикалық үрдістеріне неғұрлым тұрақты болып табылатын жинақтаушы зейнетақы жүйесі шеше алады.

Халықтың қартаюы жағдайындағы Қазақстанның зейнетақы жүйесі

Қолданыстағы зейнетақы жүйесінің құрылымын түсіну болашақ зейнеткерлерге зейнетке шығуға дайындалуға едәуір септігін тигізеді. Бұл жақын арада зейнетке шығатын адамдарға, әсіресе еңбек жолын енді бастағандарға да қатысты.

Қазақстанда көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Бірінші деңгей мемлекеттік бюджет есебінен төленетін төлемдерді (ортақ және базалық зейнетақы) қамтиды, екінші деңгей – ай сайынғы зейнетақы жарналарын қамтитын міндетті жинақтаушы жүйе, үшінші деңгей – ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленетін төлемдерді қамтитын ерікті жинақтаушы жүйе.

Зейнеткерлерді қамтамасыз ету жауапкершілігі толығымен мемлекетке жүктелген уақыт тарихқа айналып барады. Әрине, мемлекет базалық зейнетақыны зейнет жасына толған барлық қазақстандықтарға төлейді. Ал 1998 жылға (сол кезеңде зейнетақы аударымдары мемлекеттік бюджетке жіберілді) дейін жұмыс өтілі бар адамдарға ортақ зейнетақы төленеді. Алайда 2040 жылдардан бастап еңбек қызметі 1998 жылдан кейін басталған адамдар зейнетке шыға бастайды. Бірақ олар ортақ төлемдерді пайдалана алмайтындықтан зейнетақыларының мөлшері негізінен жеке зейнетақы жинақтарына байланысты болады.

Сондықтан Қазақстанда бюджетке түсетін жүктемені азайтып, болашақта зейнетақы мөлшерін арттыруға қабілетті көп деңгейлі зейнетақы жүйесінің жинақтаушы құрамдауышы ерекше маңызға ие.

Біздің қарттығымызды қамтамасыз ететін зейнетақының жинақтаушы бөлігі тек өзімізге ғана байланысты. Қанша жинасақ – қазыналы қарттығымызда сонша аламыз. Бұл өте әділ және ақылға қонымды үрдіс.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтініне мысал келтірейікші. 1998 жылдан бастап 23 жасында республика бойынша орташа айлық жалақыдан (бұдан әрі – ОАЖ) міндетті зейнетақы аударымдарын тұрақты түрде (жылына 12 рет) жүзеге асыра бастаған салымшы ағымдағы жылдың басында шамамен 6 млн теңге мөлшеріндегі жинақтың иегері атанды. Жинақтың мұндай көлемі зейнетке шыққан азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығына сәйкес 18-20 жыл бойына БЖЗҚ-дан 32 000 теңге мөлшерінде ай сайынғы төлемді алуға мүмкіндік береді.  

Алайда Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы құрамдауышы қалыптасу жолының тек жартысынан ғана өткенін атап кеткіміз келеді. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастырудың толық циклі (40 жыл) 2038 жылға қарай аяқталады. Сондықтан жинақтаушы зейнетақы құрамдауышы ұзақ мерзімді перспективада қарастырылуы тиіс. Осылайша, жоғарыда аталған салымшы болашақта ОАЖ деңгейіндегі кірістері мен жарналардың жүйелілігін сақтаған жағдайда, оның жинақ мөлшері 2038 жылға қарай ағымдағы бағамен шамамен 16 млн теңгеге жетеді екен. Бұл БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақыны 86 000 теңге мөлшерінде қамтамасыз етеді. Оған қоса, 35 жылдан астам тәжірибесі бар осы салымшыға ағымдағы бағамен 48 680 теңге мөлшерінде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі де есептеледі.

Салыстыру үшін: 1998 жылдан бастап республика бойынша ең төменгі жалақыдан (бұдан әрі – ЕТЖ) тұрақты міндетті зейнетақы аударымдарын (жылына 12 рет) жүзеге асыратын салымшы үшін ағымдағы жылдың басына жинақ көлемі шамамен 1 млн теңгені құрайды. Болашақта ЕТЖ деңгейінде кірістер мен жарналардың жүйелілігі сақталған жағдайда 2038 жылға қарай жинақтау мөлшері ағымдағы бағамен шамамен 3 млн теңге болады. Қордан ай сайынғы төлемнің ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% құрайтындықтан, бұл салымшы БЖЗҚ-дан шамамен 10 жылдай зейнетақы алады.

Зейнетақы жарналарының жүйелілігі мен толықтығы – зейнетақымен қамсыздандырудың лайықты деңгейінің басты шарты

Жоғарыда келтірілген мысалдар жинақтау сомасы зейнетақы жарналарының жүйелілігіне, толықтығына және мөлшеріне, яғни халықтың жұмыспен қамтылуына және табысына байланысты екенін айқын көрсетіп отыр.

Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес, лайықты зейнетақы табысын қамтамасыз ету үшін азаматтардың алып отырған зейнетақысының мөлшері сол азаматтың еңбек етіп жүрген кезде алып отырған табысының кемінде 40% құрауы тиіс. Бұл ретте кейбір мемлекеттер өздерінің нысаналы мәндерін белгілей алады. Мысалы, дамыған елдерде олар жоғалған табыстың 60-70% қол жеткізуге тырысады. Қазақстанда бұл көрсеткіш ортақ зейнетақыны ескере отырып, 2022 жылы шамамен 46% болды. Осыған байланысты, ынтымақты құрамдас бөліктің біртіндеп қысқаруына қарай жеке зейнетақы жинақтары есебінен төленетін төлемдер халықаралық стандарттарға жақындатылған зейнетақымен қамсыздандырудың барабар деңгейіне қол жеткізу үшін жиынтық зейнетақыда барған сайын үлкен үлеске ие болуы тиіс. Бұған зейнетақы жарналарының жүйелілігі мен толықтығы есебінен қол жеткізуге болады.

Сондықтан жинақтарыңызды мұқият қадағалап отыру, оларды әр жалақыдан бақылау өте маңызды. Егер кенеттен қандай да бір кезеңге жарналар түспесе, салық органдарына жүгіну керек. Олар зейнетақы аударымдарының уақытылы және толық мөлшерде аударылуын бақылайды.

Біздің жинағымызға инвестициялық кіріс есептеледі. Жинақ сомасы неғұрлым көп болса, оған есептелетін инвестициялық кіріс те, сәйкесінше болашақ зейнетақы төлемдері де соғұрлым жоғары болады.

Сондықтан "көлеңкедегі" жалақыға көңілін тоғайтып жүрген алушылар болашақтағы зейнетақыларын осылайша қолдан азайтып жүргендерін түсінгендері жөн. Адал, уақытылы жасалатын аударымдарға адамдардың өздері қызығушылық танытуы керек. Мүмкіндік болып жатса, ерікті зейнетақы аударымдарын да қолданған жөн. Себебі, жарна аударудың бұл тәсілі қазыналы қарттыққа қол жеткізудің тағы бір тиімді жолы.

Әр адам өз өмірінің тек ұзақ болуын ғана емес, сонымен қатар оның сапалы да мәнді, беделді де белсенді болғанын аңсайды. Ендеше, қарттығымыз жаңа мүмкіндіктер мен қуанышты сәттерге толы алтын кезеңге айналсын, достар!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.