Бұл жөнінде өткен жылы қаңтар айында отандық ірі бизнес өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы ашып айтқан еді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егер, Сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – Сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал, басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді» деген еді.
Шымкент қаласындағы бірқатар ірі инвестор өз мойнындағы осынау жауапкершілікті толықтай сезініп, елдегі үшінші ірі қаланың күрделі мәселелерін шешуге және шаһарды заман талабына лайық етіп көркейтуге бар күш-жігерін салып жатыр. Солардың бірі – «Саутс Ойл» компаниясы.
Бұрынғы қорғасын зауытының қалдығы – Шымкенттің қырық жылдық проблемасы. Осынша уақыттан бері экологтар тау-төбе болып үйіліп жатқан күлдің құрамы ауыр металдарға толы екенін айтып зар қағумен келді. Зауыттың өзі әлдеқашан жұмысын тоқтатқанымен, артында кемінде 4,5 миллион тонналық «мұрасы» қалған-ды. Сол қалдық жылдар бойы жел тұрған сайын жан-жаққа таралып, сүйікті қаламыздың ауасы, топырағы мен суын ластап келе жатқан болатын. Зерттеу жұмыстары өндірістік аймаққа жақын орналасқан елді мекендерде топырақтың құрамында 30 пайызға дейін мыс, мырыш пен күміс сияқты ауыр металдардың және қоршаған ортаға зиянды басқа да химиялық элементтердің бар екенін көрсеткен. Ал, ескі зауыттың үнемі жел соғып тұратын жағында топырақтың ластану көрсеткіші 60 пайызға дейін жетеді екен.
Міне, осынау күрделі проблеманы біржола шешіп, қалдықтан табыс табуға бағытталған ауқымды жобаны «Саутс Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Нақтырақ айтар болсақ, осы серіктестіктің еншілес ұйымы «Standard Steel KZ» компаниясы бұрынғы қорғасын зауытының аумағын тазартып, ол жерде қалдықтарды қайта өңдеу арқылы түсті металдар консентратын өндіретін зауыт салды.
–Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының орнында біз ауқымды жобаны қолға алып отырмыз. Ол негізгі екі бағыттан тұрады: біріншісі, осы аймақта жинақталып қалған 4.5 миллион тоннадай өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы мыс, күміс концентратын және мырыш оксидін өндіретін зауыт салынды. Бұл жобаның жалпы құны 13,3 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың алғашқы кезеңінің өзіне 2 миллиард 800 миллион теңгедей қаржы жұмсалды. Сөйтіп, өткен жылдың өзінде 300 мың тоннадай қалдық қайта өңделді. Енді зауыттың екінші кезеңін іске қосуға 10 миллиард 500 миллион теңге инвестиция құйылады. Екінші кезең іске қосылған кезде жылына 20 900 тонна мырыш оксиді өндіріледі, – дейді «Саутс Ойл» компаниясының инвестициялар бойынша вице-президенті Сапарбек Тұяқбаев.
Сапарбек Құрақбайұлы – өңір экономикасын басқару, өнеркәсіпке инвестициялар тарту бойынша білгір маман әрі тәжірибелі басқарушы. Ол 2012-2016 жылдары сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Сол жылдары қорғасының зауытының орнында осындай кәсіпорын ашуға келісетін инвесторды көп іздеп, ешбір компаниямен келісе алмағанын айтады.
–Ол кезде қалдықты қаланың сыртына, елді мекеннен алыс жерге тасып тастау жөнінде ұсыныстар айтылды. Бірақ, ол үшін тасымалдау жұмыстарының өзіне бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлу керек еді. Оның үстіне апарған жерімізде де бұл қалдықтан экологияға орасан зор зиян келетіні белгілі. Ал, инвесторлар мұндай ауқымды жобаға кірісуге тәуекел етпеді. Себебі, бұл өндіріс орнының рентабельділігі төмен, тәуекелділігі жоғары. Миллиардтаған инвестиция салынғанымен, күні ертең бірнеше жылдың ішінде қорғасын зауытының қалдығы таусылады. Сол кезде шикізаты жоқ зауыттың ары қарайғы болашағы белгісіз еді, – дейді ол.
Оның айтуынша, «Саутс Ойл» компаниясы бұл жобаны қомақты пайда табу үшін қолға алмаған. Мұндағы негізгі мақсат – 30-40 жылдан бері халықтың денсаулығына зиянын тигізіп жатқан қалдықты кәдеге жаратып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосу. Сөйтіп, қаланың көркеюіне, елдің дамуына және өз адамдарымыздың игілігіне қызмет ету. Міне, бұл Президент айтқан өз болашағын осы елмен байланыстыратын инвесторға тән әрекет.
–Жобаның екінші бағыты – «Стандарт» жекеменшік индустриалды аймағын құру. Яғни, біздің компания бұрынғы қорғасын зауытының аумағын тазалап, инвестор ретінде өз қаражатымыздың есебінен барлық инфрақұрылым желілерін жүргіздік. Енді бұл аумаққа заманауи талапқа сәйкес келетін өндірістік ғимараттар, ангарлар саламыз. Кәсібін жаңадан бастағысы келетін бизнесмендер осы жерге келіп, дайын ғимараттарды жалға алып, өзінің өндірістік қондырғыларын орнатып, жұмысын кедергісіз бастап кетеді, – дейді С.Тұяқбаев.
Сапарбек Құрақбайұлы 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған кезінде индустриалды аймақтардың қызметін реттейтін заң жобасын әзірлеуге жетекшілік еткен. Сол заңда индустриалды аймақтарды тек бюджет қаражатының есебінен емес, инвестордың есебінен де ашуға мүмкіндік беретін құқықтық норма бар. Міне, осы норма алғаш рет іс жүзінде қолданылып, Шымкентте «Стандарт» индустриалды аймағы құрылып жатыр. Бұл – әзірге Қазақстандағы жалғыз жекеменшік индустриалды аймақ. Жақында Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов оның жұмысымен танысып, Ұлттық экономика министрлігіне өзге қалалар мен өңірлерде де осындай жекеменшік индустриалды аймақтар ашу жөнінде тапсырма берді.
Мамандардың пікірінше, Қазақстан экономикасындағы күрделі мәселенің бірі – орта бизнес өкілдерінің сауда, қызмет көрсету мен құрылыс секілді салаларға басымдық беріп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секторына инвестиция құюға деген қызығушылығының біршама төмен болуы. Экономиканы деверсификациялаудың қиындығы да, импорт алмастыру ісінің баяу жүріп, инфляцияның шарықтап кетуі де көбіне осыған байланысты болса керек. Сондықтан, «Стандарт» индустриалды аймағында өнеркәсіпшілерге, өндірістік бағыттағы бизнеске басымдық берілмек.
–Шағын зауыт немесе цех ашуы үшін кәсіпкер мемлекеттен жер алуы керек. Одан кейін ол жер теліміне электр қуатын, жол, су, газ бен кәріз жүйелерін жеткізу деген де өте ауқымды жұмыс. Әрі мұның барын техникалық талаптарға сәйкестендіріп, тиісті органдардан рұқсат алуға тура келеді. Оған қоса, өнт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкестігін дле растау керек болады. Ал,біздің индустриалды аймаққа келіп, дайын өндірістік ғимаратты жалға алған кәсіпкер осы кедергілер мен әурешіліктен құтылады. Өндірістік құрылғыларын орнатып, жұмысын тез-ақ бастап кетуіне болады, - дейді С.Тұяқбаев.
Айта кетейік, алғашқы 12 мың шаршы метрлік ангарлар биыл жаз айларында салынып бітеді. Инвестор әрі қарай тағы да ғимараттар салып, аймақты кеңейте бермек. Болашақта бұл аймақта шамамен 100 шағын және орта кәсіпорын жұмыс істейді деген болжам бар.
Жалға алу тарифтерін инвестор Шымкент қаласының әкімдігімен келісе отырып белгілейді. Өйткені, инвестор бұл аймаққа салған қаржысын біртіндеп қайтарып алуы керек. Есесіне, кәсіпорнын енді ашқан бизнесмендер Шымкентте ғана жұмыс істейтін «Іскер қала» атты бірегей өңірлік бағдарлама арқылы мемлекеттен көмек алуына болады. Атап айтқанда, алғашқы өндірістік ғимаратты жалға алу ақысының 75 пайызы, екінші жылы 50 пайызы және үшінші жылы 25 пайызы субсидияланады. Осы үш жылдың ішінде бизнес өкілдері аяғынан тұрып, ары қарай өз қамын өзі істей алатын жағдайға жетуі тиіс.
–«Саутс Ойл» үшін бұл да аса бір қомақты табыс әкелетін жоба емес. Өйткені, инфрақұрылымға жұмсалған қаржының қайтатын мерзімі өте ұзақ. Есесіне, бұл жер Шымкенттегі жаңа кәсіпорындардың инкубаторына айнала алады. Айталық бастапқыда бұл жерде 100 цех пен шағын зауыт ашылса, 5 жылдың ішінде оның көпшілігі аяғынан тік тұрып, өзі ғимарат алып, көшіп кетуі мүмкін. Оның орнына тағы да жаңа кәсіпорындар келіп жайғасады. Сөйтіп, бұл индустриалды аймақ Шымкенттегі өнеркәсіпшілердің, өндірістік бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлердің көбеюіне жол ашатын орынға айналады, – дейді сұхбаттасушымыз.
Біріншіден, «Стандарт» индустриалды аймағында тамақ өнеркәсібіне бағытталған кәсіпорындар ашуға рұқсат жоқ. Өйткені, қалдықтың өзі кеткенімен бұл жер әлі талай жыл ластанған аймақ болып қала береді. Екіншіден, бұл аймақта экологияға аз да болса зиянын тигізетін кәсіпорын ашуға да жол берілмейді. Себебі түсінікті. Бұл жобаның бір мақсаты өнеркәсіпті дамыту болса, маңыздылығы одан кем түспейтін екінші бір мақсаты – қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосу. Иә, осы екеуінен басқа ешқандай шектеу жоқ. Биыл жазға қарай «Стандарт» индустриалды аймағына келіңіз де дайын ғимаратты жалға алып, өз кәсіпорныңызды аша беріңіз.