Толқытқан, толғандырған Танакөз

Пятница, 17 Январь 2020 04:25 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2822 раз

Жүзге жуық көрермен Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының сахнасында ауыл кешіндегідей тірі гитара мен ямаханың сүйемелдеуімен, жанған оттың айналасында толқи ән салып отырдық. ҚР Халық жазушысы М.Шахановтың «Танакөз» поэтикалық драмасының премьерасында осындай әдемі мақпал сезімге бөлендік.

 DSC 9150

Қойылым камералық форматта қойылғандықтан, көрермен мен актерлердің арасында үнсіз ғана бір байланыс орнағандай. Қоюшы режиссер Қуандық Қасымов айтқандай, актерлердің бүткіл ойыны, олардың жүрек лүпілі мен көз жасын тым-тым жақыннан сездік. Мұнан біз мюзикл жанрының белгілерін, өзгеріске ұмтылысты байқадық.
«Неге бұл қойылымның форматы бөлек?» деп сұрадық режиссерден.

– Бұл әлемде қойылып жүрген формат. Менің бірнеше спектаклім осындай форматта сахналанған. Келген 100 адамның жүрегіне жетсе екен деймін. Көрермен актердің жүрегінің лүпілін сезсе, сонда тығыз қарым-қатынас орнайды. Сонда әртістер сахнада шынайы өмір сүреді, - деді.

«Танакөз» поэтикалық драмасында адамдардың тағдыры, мінезі, кейіпкердің ой-толғанысы арқылы ашылды. Лирикалық қаһармандардың рухани биіктігіне сүйсіну арқылы оқырманды да достық пен махаббаттың ұлы қасиетіне үңілуге шақырды. Спектакль бүгінгі қоғам шөліркеп қалған рухани қажеттілікке «Дос» ұғымы арқылы жауап берді. Кейде достық пен махаббаттың алдында таңдау тұруы мүмкін. Біздің бала кезден бірге өскен кейіпкерлеріміз де осы таңдауды жасауға мәжбүр болады. Ал әркімнің қолы жете бермейтін шынайы махаббатты жылдар бойғы достық үшін тәрк ету мүмкін бе? Қойылымда ізгілік қасиетін ту еткен үш достың бақытқа жету жолында кешкен содырлы да соқпақты жолдары көрсетілді.

«Кез келгеннің қолы жетпес,
Кез келгеннің жолы жетпес.
Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан,
Құлатпашы бізді мәңгі осы биік сатыңнан!»

Осы бір шумақ сахна шеберлерінің көрерменге айтқысы келген, жеткізгісі келген ойын шегелеп ұғындырып берді.
Сахнада «Танакөздің» әдебиеттегі нұсқасынан ауытқыған өзгерісін байқамадық. Тек «Махаббат ЖОҚ! Ол әншейін далбаса!» деген жыр жолдарының қосылғаны болмаса!.. Сөйтсек, кезінде Мұхтар Шахановтың өзі осы жолдарды қосуға ұсыныс айтқан екен.

Актерлік өнер – қас-қағым сәттік сезім шарпуы іспетті. Мәселен, бір сәтте киіктің лағындай елеңдеген ерке қыздың күйінен бойжеткен Танакөздің образына ауысу оңай еместігін бағамдаймыз. Жалпы актерлердің ойынына келсек, басты рөлдегі үш сахнагер де өз рөлін жақсы алып шықты. Монологтарын жақсы жаттаған. Дайындық жоғарғы деңгейде. Жүрек толқытарлық көлденең реплика да, диалог та бар. Әсіресе, Мұраттың рөліндегі Нұркен Орынбек пен Қоғамбайдың рөліндегі Ерсінбек Аманғалиевтің рөлі шынайы болды.

Нағыз өз ісінің шебері екенін дәлелдеді. Актриса Мөлдір Зияева да тамаша ойнады. Бірақ, рөлге кірем деп жүріп, арасындағы монологтарында сөздері анық естілмей жатты. Эмоцияға беріліп, жүзін ағыл-тегіл көз жасы жуып кететін мезеттері көп. Белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай айтпақшы, біздің қазақ әртістерінде айқайлап ойнау басым. Сол үрдістен арылу керек.

Басты рөлді сомдаған Мөлдір Зияева өзінің кейіпкері туралы: «Танакөзім. Жасына қарамай даналығы бар... Қиыншылығына қарамай пәктігі бар... Саф таза махаббатты аялап, достың қадірін тереңінен түсіне білетін, сезіміне адал... Тасты жарып шыққан қызыл гүл іспетті Танакөзім» деп ағынан жарылды.

Белгілі режиссер, Қырғызстанның Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлығының, Қазақстан Республикасының «Еңлікгүл» Театр фестивалінің жүлдегері Қуандық Қасымовтың суреткерлік зердесі, шығармашылық дүниетанымы бесенеден белгілі. Ал сахналық шешімін сценограф, ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұловпен бірігіп жасағанда жаңаша форматтағы қойылым көрерменіне тосын сый ұсынды. Шаханов қана айта алған сөз маржанын, алтын ойды Қасымов-Жұмағұлов тандемі ғана байыбына барып жеткізе алса керек.

DSC 9177

Шымкенттің көрермендері үшін сахна сценографиясында тың жаңалық авансценада бұлақ «ағып», су жүргізілгені және қақаған қаңтардың аязды күніне қарамай актерлердің сол суды «кешіп» ойнауы болды деп ойлаймын. Ақын рөліндегі Бауыржан Сегізбаевтың үсті-басы суға әбден малынғанда денеміз дір ете қалды. Жалпы Ақын мен Танакөздің мизансценаларында су шашу көп. Бірақ, айналып кеп «сол суды шаша бергеннен басқа да режиссерлік шешімдер қосу керек пе еді?!» деген ойдың да жылт ете қалғанын жасырмаймыз.

Бәлкім, қоюшы режиссер Қуандық Қасымов ағамыз кейіпкерлеріне су шашу арқылы қоғамды келеңсіздіктерден, махаббат пен достықтағы сәтсіздіктен арылтқысы келген болар...
«Танакөз» драмасы қайырымды қала жастарына шынайылылықты, адалдықты дәріптейді. Жалаң насихаттың жетегінде кетпейді. Адамгершілігі мол кемел адам болу үшін ең алдымен адамға тән бірқатар игі қасиеттерді бойыңа жинақтай білуің шарт. Бойдағы ынсаптың адамды асып тасудан сақтайтынын, рақым, ар мен намыс адам жанының айнасы болатынын, ұяттың өлімнен де күштілігін, сабырдың түбінде сары алтындай байлыққа жеткізетінін ұғындырады.

Кейде ақын Бақытжан Алдиярдың «Тастағы өлеңіндегідей» «Тас көшелер. Тас тұлғалар. Тас үйлер, Тас үйлерге тағдырларын тасиды ел. Тас қаланың тасасында қап қойған, Тастай берік қайран көңлім, жаси бер» дегендей, жүрек тастай қатып қалатын кездер болады. Сондай сәттерде Шанин театрына, «Танакөз» қойылымына барып толқып, шер тарқатып, көңіл шіркінді тасытып қайтқанға не жетсін?!

Көрермен көзімен

Сая Қасымбек, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

81947265 2306263422929377 1553344277730295808 n

– Әдетте, көрермен «сахна» деген көрерменге төрден қарайтын бөлек айдыннан қойылымды тамашалайтын. Бұл әннің – басқа әннен өзгешелігі сол, сахнада көрермен мен актер қоян-қолтық біте қайнасты. Айырықша әсер берген көрініс – махаббаттың саф тазалығы мен мөлдірін паш еткендей сахна ортасында сылдырай аққан бұлақ суы болды.

Бұлақ бойында алаулаған үш жүректің арпалысы басталады. Су шашысып ойнаған жастарды көргенде, бұрын-соңды болмаған жаңа шешімге көрермен тәнті болып, оқиға желісіне ынтыға түсті. Қоюшы-суретшінің бұндай шешімі - әр сөзін, әр қимылын қалт жібермей қадағалап отырған көрерменнің таразысына түсетін Актерге сын.

Гүлжан Ибадуллақызы, көрермен:

77

– Көңіліміз толқып, көзімізге жас алып шықтық. ТМД елдерінің мәдени астанасы жылы жоғарғы деңгейде өнер көрсететін сахна шеберлері бар екеніне сенімді күшейтті.

Дәурен Айманбетов, ақын:

99

«Бұл қойылым әсерінен шыға алатын емеспін,
Бір ғажайып күйде жүрмін, байқамайды неге ешкім?
Шахановтың "Танакөзін" оқып шығу басқа екен,
Сахнадан көру басқа сезім енді, рас, бөтен!»

Последнее изменение Пятница, 17 Январь 2020 04:35
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.