Қазақ жерінде тұрып, өз салтын берік ұстанған этнос өкілдері біздің ұлттық тағам мен салт-санаға да жетік екенін тағы бір ұқтырды. Қонақжай қазақ дәстүрі мен рухани құндылықтарымызды дәріптеп, бірі күбі піссе, бірі табаға нан жапты. Қазақтың ұлттық киімі бойына жараса қалған олардың дайындаған құрт-ірімшік, әсіп, қазы-қартасы мен жал-жаясы да, тіпті жұқпасы мен сірнесі де өзіміз әзірлегендей, дәмі тіл үйіреді.
Шымкент қалалық түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Бегалы Байрамов: – Ұлтымыз түрік дегеніміз болмаса, біз де жергілікті қазақтар сияқты ет жемей тұрмаймыз. Тіпті, үйімізге келген қадірлі қонағымызға да қазан көтеріп, ет асамыз. Қазақстанға келетін түрік бауырларымыз біздің елдің ұлттық тағамын аңсап тұрады,– дейді.
Ал, неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Юосиф Бахман «Қиын-қыстау кезеңде қазақ жеріне келген ұлттарды аман алып қалған осы қазақтың дәм-тұзы болатын. Сондықтан қазақ дастарханын қасиетті санап, ерекше құрметпен қараймыз. Қазақтың салт-дәстүрін де жақсы білеміз, ұлттық тағамдарын да бабын келтіріп әзірлейміз. Дегенмен, ерекше қонақжай, пейілі кең қазақтай бейбіт елде ынтымағымыз жарасып, бір шаңырақ астында өмір сүру – ең үлкен бақыт» деп ағынан жарылды.
Этнос өкілдері әзірлеген тағамдарының тарихына үңіліп, ас әзірлеудің әдіс-тәсілін түсіндірді. Сондай-ақ, мерейлі жиынға келген көпшіліктің астан дәм татуына жағдай жасады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында қалалық ҚХА және Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның мақсаты – қаладағы этностарды игі бастамаларға ұйыстыру. Сол арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру. Қазақтың ас мәзіріндегі ұлттық тағамдардың сан алуандылығын жұртшылыққа паш ету еді. Мақсат өз мәресінде.
Көрме-фестивальдің қадірлі қонағы болған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері және басқа да қатысушылар іс-шараның өтуіне жоғары баға берді.
Фото: С.КОСАЕВ