Ұлттық киімнің қадірін білеміз бе?

Пятница, 03 Ноябрь 2017 07:49 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 8089 раз

 

23223247 580212128977848 1196323049 o

Ұлттың болмысын өзгелерден ерекше көрсететін, танытатын ұлттық киімдеріміздің құны неге төмендеді? Ұлттық киімдеріміздің заманауи үлгіде тігілген түрлерін күнделікті өмірде неліктен кимейміз? Шапан киген қария немесе қамзол киген қыз-келіншекті көшеде кездестіреміз бе? Облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында өткен семинар-тренигте осы сауалдарға мамандар жан-жақты жауап іздеуге тырысты.

 

DSC 3457Төл өнерімізді дәріптейтін жоба басталды

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында ата-бабаларымыздан қалған құнды дүниелерді насихаттау айтылған болатын. Осы мақсатта құндылықтарымызды дәріптеу, шеберлеріміздің еңбегін көрсету, халқымыздың тарихы мен ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар екендігін жастарға жеткізу мақсатында «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» атты жаңа жоба басталды. 

– Қадірлі қонақты, ел ағаларын сыйлау, қадір тұту мақсатында иығына шапан жауып, ілтипатымызды білдіреміз. Соңғы уақытта ол тойдың ғана сәні. Құрметті азаматтарға тілек барысында ғана жабамыз, сосын сөмкеге салынады не сандықтың түбіне кетеді. Соншалықты қасиетінен айырылғандығы сол, шапан бес-алты тойды айналып өзіңе қайта келеді. Шараны ұйымдастырудағы мақсат кәсіпкерлер, шеберлер, тігінші, дизайнерлермен бірлесе отырып, ұлттық киімге деген қоғамдық сананы өзгерту. Қайтсек құндылықты жаңғыртамыз, күнделікті заман ағымына қарай өзгертуге болатын тұстары бар ма? Халыққа жаңаша бір дүниелер ұсынуды сіздермен ақылдаса отырып шешсек, – деді өңірдегі қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңестің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның қорытындысы келесі жылдың қазан айында шығарылады. Оған дейін жоба аясында түрлі басқосулар, насихат және дәріптеу шаралары, ұлттық киімдер фестивалі өтеді. Семинарға қатысқан қолөнер шеберлері, дизайнерлер, тігін шеберханаларының өкілдері мен ұлттық киім мен тұрмыстық заттарымызды кәсіпке айналдырған азаматтар «қазақ қоғамында қазына-байлығымызды бағалау неге төмен?» деген сауалға айтар өз пайымдарын жеткізді.

 

Қазақтың киімі өзімізде емес, өзге елде бағалы...

23192289 580212132311181 1427418443 o

Болат Білісбеков Шымкенттегі танымал қолөнерші. Отбасымен қазақтың қолөнер бұйымдарын дәріптеп, шет мемлекеттерге танытып жүрген азамат. Әлемнің түкпір-түкпірінде болған қолөнерші елімізде ұлттық дүниелеріміздің бағаланбайтындығын атап өтті. 

– Ауғанстан, Малайзия секілді елдерде әлемдік деңгейдегі көрмеге қатыстық. Сонда шетелдіктер ұлттық киімімізге таңғалып, бізге құрмет көрсетті. Малайзияда өткен көрмеде «Әлем жастары қолөнерден қол үзіп қалды. Солардың арасында қазақ жастары бұл дәстүрді сақтап қалыпты» деп жоғары бағалады. Ал елімізде бұл саланы дамытуға бетбұрыс байқалмайды. Қолдан жасаған дүниелерімізді елге көрсетіп, насихаттауға билік тарапынан қолдау көрсетілсе екен, – деген ойын жеткізді. 

Жуырда ғана шымкенттік фототілші қолөнер шеберінің бұйымдарын суретке түсіріп, Нью-Иорк қаласында өтетін көрмеге алып кеткен. Маман қазіргі таңда ұлттық байлықты дәріптеуде ақын, суретші, қолөнерші бірлесіп, жұмыс істесе ғана тығырықтан шығатындығын атап өтті. 

– Бір үміт бар. Мүмкін бір-біріміздің жұмысымызды насихаттап, қолдау көрсету арқылы қазынамызды қайтарармыз, – дейді өзі.

 

Өз өнімімізді сатып алайық

shymkala-87-5Әлеуметтік желіге «ұлттық киімдерімізді күнделікті киер ме едіңіз?» деген сауал тастадық. Сауалға үн қатқандар саны аз болмады. Басым бөлігінің ниеті болғанымен, қалтасы көтермейтіндігін айтты. Өйткені, сәнгерлердің қолынан шыққан бұйымдар тым қымбат.

Бұған шымкенттік сәнгерлердің айтар өз уәжі бар. «Тұмар», «Қазақ фэйшн» сән үйлерінің өкілдері «Мата өзімізде өндірілмейді. Жақсы мата үшін Қытай, мен Қырғызстанға тәуелдіміз. Екіншіден, нарық заманында көз майыңды тауысып, қол күшімен жасаған дүниелеріңізді алпауыт екі ел көшірмесін арзан бағамен шығарып үлгереді» дегенді алға тартты.

Сәнгерлер бүгінде тігін саласында мамандар жетіспейтіндігі қолбайлау болуда дейді. Тігінші, пішуші, кесуші секілді маман дайындайтын оқу орындары аз болғандықтан өздері үйретуге мәжбүр. 

Мата демекші Оңтүстікте 2020 жылға таман мата өндіретін зауыт ашылады. Бүгінде, Бәйдібек ауданында Сұлтанбек Бакиров есімді азамат жібек құртын өсіріп, жібек алу кәсібін бастап кеткен. Қазір 25 гектарға тұт ағашын егіп, жібектен тоқыған шәлілерін халыққа ұсынуда. Кәсіпкер тұт ағашын егуді 1000 гектарға жеткізсек, өз матамыз шығатындығын, сонда халыққа арзан киімдер ұсына алатындығына бек сенімді.

 

Ұлттық киімді күнделікті киіп жүреді

«Ұлттық киімдерімізді күнделікті өмірде киіп жүруге болады», деп пікір айтатындардың бірі «Қазақстан» РТРК АҚ ОҚО филиалы директорының орынбасары Гүлсара Сапарқызы. 1992 жылдардан бері оюлы қамзолын киіп келеді. Одан бері дүкендерден ұнағанын сатып алса, гардеробында тігіншілерге арнайы тіктірген түрлері де бар. 

23146107 580231928975868 262819820 n– 1992 жылы әріптесім Анар Аспанмен Алматыға бардық. Жәрмеңке деген ұғымның енді пайда болған кезеңі. Сонда жәрмеңкеде ұлттық киімдерді көріп, қатты қызықтым. Камзолдың бірден үшеуін сатып алдым. 1993 жылдардан бастап 2003 жылға дейін қазақы өрнектегі сол қамзолдарды киіп теледидарда салт-дәстүр, қыз-келіншектерге арналған бағдарламаларды жүргіздім, – дейді Гүлсара Сапарқызы.

Журналистика саласында еңбек ететін кейіпкеріміз ұлттық киімдерді тіктіру қымбат екендігін мойындайды. Соңғы зерлі тастармен тіктірген қамзолы 100 мың теңгеге бағаланған. «Мұны тіктіргенше бренд фирмалардан неге пальто не плащ алмайсың» деп ақыл қосқандар да болған. Дегенмен, патриоттық сезім басым болар, қазақы киімге жиі бүйрегі бұрады.

Түйін: Ұлттық киімді бағалауда Гүлсара апай секілді сөзбен емес, іспен көрсетсе игі болар. Қазір қазақтың ұлттық киімін дәріптеп жүрген кәсіпқой бокшылар Қанат Ислам, Генадий Голвкин бар. Рингке шыққан сайын оюлы шапаны мен қалпағын тастамайды. «Бәрекелді!» дейсің іштей. 

«Бағасы қымбат» деген сылтау ғана секілді. Бренд киіммен жүруде ақшаны аямайтын қарапайым ғана адамдар көп арамызда. Қымбат костюм мен галстук таққан қадірменді, абыройлы азаматтар да жеткілікті. Оларды аталы сөзі үшін жиын-тойларда қадірменді қонақ етіп, жылы тілектерін жеткізуге шақырады. Мүмкін олар жібек шапан не болмаса киімінің бір шеті оюланған костюммен шықса, талай адамға ой салар ма еді. 

Расында, сала мамандарына тығырықтан шығар талай жол ұсынғанымен ұлттық сана өзгермей, мәселе шешілмейді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.